Бүгін қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Лондонда спорттық мансабындағы 36-шы жекпе-жегін өткізеді. Бұл кездесу туралы түрлі болжамдар айтылып, сан тұрғыдан сараптамалар жүргізілуде.
Геннадий Головкин секілді британдық боксшы да шаршы алаңда жеңілмеген. Ол осыған дейін бірінші орта салмақта жұдырықтасып келген. 36 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 25-де қарсыласын нокаутпен ұтқан. IBF чемпиондық атағына ие. Соңғы жекпе-жегін наурыз айының 26 жұлдызында өткізген. Шеффилд (Англия) қаласында өткен жекпе-жекте канадалық Кевин Бизьені екінші раундта нокаутпен ұтқан.
Қазақстандық боксшы Ұлыбритания жерінде алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Бұл кездесуге GGG тыңғылықты дайындалғаны жасырын емес. Отандасымыз жекпе-жек алдындағы сұқбатта, шаршы алаңда жұдырықтасудың қай түріне болса да дайын екенін айтты.
Спорт сарапшылары мен бокстағы танымал тұлғалар Геннадий Головкиннің жеңіске жететініне шүбә келтермейді. Бірақ қай раундта екені белгісіз? Десек те спорттың аты – спорт. Генаға шаршы алаңда сақ қимылдап, қарсыласты бірден соққының астына алмай, осал тұсын аңдап алған да жөн шығар.
Букмекерлік орталықтар да Геннадий Головкинды жеңеді деп санайды. Бірақ жекпе-жекке бір күн қалғанда ұлыбританиялық БАҚ GGG-дің денсаулығы нашарлағанын жазды. Дәстүрлі салмақ өлшеу рәсімінен кейін Гена тілшілермен сұхбаттасудан бас тартты. "Ол жекпе-жекке дайындалып жатыр. Бұл спортшы әуесқой бокста 350 жекпе-жек өткізді, ал кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген. Оны ештеңе мазаламайды. Ол тек Келл Брукке мүмкіндік берді, - деді Абель Санчес Геннадий Головкинның сұхбаттасудан бас тартқанына жауап ретінде.
Аса ауыр салмақта әлемнің экс-чемпионы Николай Валуев Лондондағы жекпе-жек Геннадий Головкинге оңай болмайтынын айтады.
- Алдағы жекпе-жек Геннадий үшін оңай өтеді деп айта алмаймын. Кездесу алғашқы раундтарда-ақ аяқталатынына күмәнім. Менің ойымша, Головкин 10 немесе 11 раундта жеңіске жетеді, - дейді.
Ал әйгілі филиппиндік кәсіпқой боксшы Мэнни Пакьяо: « GGG – нағыз құбыжық. Ол бұл жекпе-жекті нокаутпен аяқтайды» - деген болатын. Өзі де бұл кездесуді асыға күтуде.
Белгілі қазақстандық жаттықтырушы Виктор Демьяненко Головкин мен Брук арасындағы жекпе-жек 6 немесе 8 раундқа дейін болатынын болжайды. Себебі, кездесу бірінші раундта-ақ аяқталатын болса, осынша уақыт күткен жанкүйерлердің үмітін ақтамайды, - дейді. Ал GGG-дің де «Big drama show» жасағысы келетін айдан анық. Виктор секілді белгілі британдық боксшы Дерри Мэтьюс та болжам жасайды.
- Головкин жекпе-жекті кез келген раундта аяқтауға қауқарлы. Меніңше 8 раундқа созылатын секілді. GGG британдық жанкүйерлерге бокс тамашалауға мүмкіндік берсе керек. Тым құрығанда, билеттің ақталғаны жөн ғой, - деп жазады «twitter» желісіндегі парақшасында.
Украиналық бокс маманы, кезінде «Astana Arlans» клубында басшылық қызметте болған Сергей Корчинский бұл жекпе-жекті 5 раундтан аспайды деп болжауда.
- Бұл жекпе-жек Брукқа үлкен мүмкіндік. Дегенмен мен британдық боксшының кездесулерін көріп шығып, айтарлықтай артықшылық байқамадым. Қорғаныста қателіктері көп. Қолын төмен салып жұдырықтасады екен. Әсіресе сол қолы көбіне төмен жүреді. Бүйір тұсын көп қымтамайды. Бұл Головкин үшін ыңғайлы. Кез келген раундта сұлатуына болады. Меніңше, GGG асықпаса, бұл жекпе-жек 5 раундта аяқталады, - дейді.
Геннадий Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчес те жекпе-жектің 5 раундтан аспайтынын айтты.
- Егер Келл жақсы жұдырықтасатын болса, жекпе-жек алғашқы раундтарда-ақ аяқталады деп айта алмаймын. Кездесу қызықты, әрі біраз раундқа жалғасады. Дегенмен 5 раундтан асады деп ойламаймын, - дейді.
Көп мамандардың пікірі, «Головкин қанша раунд жұдырықтасқысы келсе, сонша раунд жұдырықтасады» дегенге саяды. Демек GGG британдық боксшымен неше раунд шеберлік сынасуды өзі ғана біледі. Келл Бруктың қауқары қанша раундқа жететінін сынап көреді.
Қазақстандық жанкүйерлер бұл кездесуді бүгін «Қазақстан» және «KazSport» арналарынан тамашалай алады. Отандасымыз Астана уақытымен түнгі сағат 03:00 шамасында шаршы алаңға көтеріледі.
Айта кетейік, осыған дейін Геннадий Головкин мен Келл Бруктың жекпе-жектен алатын сыйақылары белгілі болған еді.