- Негізгі бет
- Маккала
- Головкин Альваресті ауыр...
Головкин Альваресті ауыр сынға алды
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен Доминик Уэйд Лос-Анджелес қаласында жекпе-жек алдындағы ашық жаттығуларын өткізді. Сондай-ақ, GGG жергілікті тілшілердің сұрақтарына да жауап берді.
Орта салмақта WBA (Super), WBС (Interim), IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз бүгінде басты қарсыласы саналып жүрген Сауль Альваресті жекпе-жекке шақырды. 72,6 келі салмақта жұдырықтасуға бас тартып отырған Альваресті ауыр сынға алып, «боксқа құрметсіздік танытып отыр» деп бағалады. Бұл туралы боксшының «вконтакте» желісіндегі ресми парақшасы жазды.
- Мен олардың мұндай қадамға баруының 20 %-н Альварес тарапынан, қалғанын промоутері тарапынан көремін. Бұл бір шетінен бизнес, бірақ боксқа деген құрметсіздік екенін білулері тиіс.
- Көпшілік Альваресті әйгілі чемпион, мексикалықтар пір тұтатын боксшы ретінде бағалайды. Ол ненің пірі? Бокстың ба? Жоқ олай емес. Мүмкін, кәсіпкер болар? Қазіргі таңда ол боксшы емес, кәсіпкерге көп ұқсайды, - деді GGG.
- Қазір ол Амир Ханмен жұдырықтасуға дайындалып жатыр. Одан кейін жартылай орта салмақта Мэнни Пакьяомен кездесуі мүмкін. Сауль, сен мені тыңда! Орта салмақта менің сенен екі есе көп чемпиондық атағым бар. Менімен жұдырықтасуға шық! Бұл екеуміз үшін де оңай жекпе-жек болмасы анық. Мұны бәрі біледі. Орта салмақта кімнің мықты екенін анықтап алуымыз керек! Одан кейін Мэннимен жұдырықтасасың ба, Флойд Мейвезермен жұдырықтасасың ба, өзің білесің. Ақша екінші орында болуы керек, - деді Гена.
Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Доминик Уэйд арасындағы жекпе-жек Астана уақытымен 24 сәуір күні таңертең өтеді. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасы көрсететін болады. Ал Сауль Альварес пен Амир Хан 7 мамыр күні жұдырықтасады.
О. Сансызбай