1-бөлім
2-бөлім
3-бөлім
Қазіргі заманғы ойынның пайда болуы.
XX ғасыр көптеген жаңа технологиялар мен өнімдердің пайда болуымен ерекшеленеді. Гольф те одан тысқары қалған жоқ. 1900 жылы Хэскел (Haskell) ядро айналасына каучук жіптер оралған біркомпонентті доп жасап шықты.
Бұл жаңалық гольфшыларға соққыларына 18 метрдей қосуға мүмкіндік берді. Ал 1905 жылы Вильям Тэйлор (Wlliam Taylor) алғашқы ойығы бар допты өмірге әкелді.
Кейін 1910 жылы Артур Найт (Arthur Knight) қолға ұстайтын бөлігі болаттан құйылған клюшканы ұсынды. Ол өзінің кейбір ыңғайсыз тұстарына қарамастан 25 жыл бойына тұрақты түрде чемпионаттарда қолданылып келді. Кейін гольфшылар жаңадан жасалған таяқшалар мен доптардың арқасында бұрынғыға қарағанда допты алысырақ ұрып, ойынның деңгейін жаңа сатыға көтерді.
Ал 1916 жылы Америкада Кәсіпқой Гольфшылардың Қауымдастығы (PGA) құрылып, оның демеуiшілігімен алғашқы турнирлер тек қана қыс айларында өткізіліп тұрды. Алайда 1944 жылға қарай турнир маусымға қарамастан жыл бойына ұйымдастырылып, осылайша чемпионат жиырма екі шарадан тұратын болды.
Гольфке арналған доптардың өлшемдері алғаш рет 1921 жылы Сент-Эндрюсте қабылданды. Бекітілген ереже бойынша, доптың салмағы 50 граммнан аспау керек болса, диаметрінің 4,1 см болуы міндеттелді. Осыған дейін гольфшылар әртүрлі өлшемдегі доптармен ойнайтын. Ресми өлшем мен салмақ бекітілгеннен кейін әр құрлықтың жеке ойындарында әртүрлі доптар пайдаланылатын болды. Еуропа мен Достастық елдерінде бір өлшеммен ойнаса, Америка құрлығында (USGA) мүлдем бөлек салмақ пен өлшем пайдаланылды. Бірақ барлық қарама-қайшылықтар 1951 жылы екі жақ ортақ келісімге келіп, ойынға ортақ ереже бекіткеннен кейін шешілді.
Алайда гольф добына қатысты даулар 1988 жылға дейін сирек болса да болып тұрды. Ал қазіргі кезде ережелер мен құрал-жабдықтарға қатысты барлық түйіткілді мәселелерді Сент-Эндрюс пен USGA қауымдастығы бірлесіп шешеді.
Әр төрт жыл сайын олардың өкілдері жиналып, гольфке қатысты ресми ережелерді қайта талқылап, жаңа заманға сай кейбір пунктеріне өзгерістер енгізіп тұрады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: ww.etiquette.ru