Гимнасшы Әлия дүниеге ұл әкелді!

Қазақтың атын әлемдік жарыстарда танытып келген отандық гимнасшымыз Әлия Жүсіпова кешегі күні дүниеге балпанақтай ұл әкелді, деп хабарлайды  "Экспресс-К".

Айта кететін болсақ, 12 желтоқсан күні туылған баланың салмағы 3,5 келі болса, бойы - 51 сантиметр. Келіп жеткен ақпаратқа қарағанда ағайын-туыстар ұлдың атын "Нұрали" қоймақшы.

Сүп-сүйкімді ұлдың Нұржан мен Әлияның отбасында дүниеге келіп отырған екінші бала екенін айта кеткен жөн шығар. Осыдан үш жыл бұрын, 2010 жылы отбасыларында Әмина есімді қыз бала дүниеге келген болатын.

Өздеріңіз білетіндей, Әлия Жүсіпова cпорт жолында екі бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан. Және халықаралық турнирлерден он рет жүлделі болып, оның ішінде 2006 жылы Сурате (Үндістан) қаласында өткен Азия біріншілігінде алты рет алтын жүлдені еншілей алған-ды. Тұрмыс құрған бетте шәкірт тәрбиелеу ісіне ойысып, өз туып-өскен Шымкент қаласында көркем гимнастикадан мектеп ашқан көрінеді.

Сурет:afisha.altune.ru

Дайындаған: Фараби Арыстанбек