Кәсіпқой бокста WBA және IBO нұсқалары бойынша орташа салмақтағы әлемнің чемпионы, қарағандылық былғары қолғап шебері Геннадий Головкиннің кезекті қарсыласы анықталды.
Головкин келесі жекпе-жегін 29 маусымда британдық Мэттью Маклинге қарсы өткізеді. Отандасымыз үшін бұл биылғы жылдағы үшінші жұдырықтасуы болмақ. Сондай-ақ Геннадий WBA белбеуін сегізінші мәрте қорғау үшін ринг төріне көтерілмек.
Ал британдық боксшыға келетін болсақ, Маклин соңғы кездесуін 2012 жылдың 15 қыркүйегінде Джоашим Альсин есімді боксшыға қарсы өткізіп, кездесудің бірінші раундында таза жеңіске жеткен.
Қолдағы бар ақпараттар бойынша, Головкин мен Маклин арасындағы кездесу АҚШ-тың Нью-Йорк штатында өтеді екен. Бұл жекпе-жекті HBО телеарнасы бокс жанкүйерлеріне тікелей көрсетпек.
Айта кетейік, Головкин соңғы рет шаршы алаң төріне 30 наурыз күні Нобухиро Ишидаға қарсы шығып, үшінші раундта нокаутпен жеңіске жеткен. Осы жеңісінен соң, Геннадий WBA тұжырымы бойыншан наурыз айының ең үздік боксшысы атанды.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: vesti.kz