- Негізгі бет
- Маккала
- «Ғасыр жекпе-жегінде» кім...
«Ғасыр жекпе-жегінде» кім жеңіске жетеді?
Әлем жұртшылығы асыға күткен америкалық Флойд Мейвезер мен филиппиндік Мэнни Пакьяо арасындағы «ғасыр жекпе-жегіне» баланған кездесу де келіп жетті. Бүгін қос боксшы салмақ өлшеу рәсімінен өтті.
Америкалық боксшының салмағы 66,2 келіні тартса, филиппиндік боксшы қарсыласынан 400 грамм жеңіл болып шықты.
Флойд Мейвезер WBA тұжырымы бойынша суперчемпион болса, WBC тұжырымы бойынша да чемпиондық атақ иегері, ал Мэнни Пакьяоның WBO жүйесі бойынша чемпиондық атағы бар. Америкалық боксшы кәсіпқой бокста 47 кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтаған. Ал Мэнни Пакьяо кәсіпқой рингте 64 кездесу өткізіп, 57 рет жеңіске жеткен. 38 қарсыласын есінен тандырса, 5 рет ұтылып, 1 жекпе-жегінде тең түскен.
Бұл бокс кеші қос боксшының да соңғы жекпе-жектері болуы мүмкін. Флойд Мейвезер күзде спорттық мансабын аяқтайтынын осыған дейін хабарлап үлгерген-ді. Ал Мэнни Пакьяоның да бұдан кейін шаршы алаңға шығуы екіталай. Десе де қос боксшы арасындағы келісімшарттарға байланысты, күзде екеуі қарымта кездесу ұйымдастыруы да мүмкін. Ендеше екі боксшының жүріп өткен жолы туралы аз-кем айта отырайық.
Мэнни Пакьяо
Жасы – 36. Бойы – 169 сантиметр. Салмағы – 65 келі. Қолының ұзындығы – 170 сантиметр.
Марапаттары. Бокс тілшілері таңдауымен «Онжылдықтың ең үздік боксшысы» атанған. 2009 жылғы АҚШ бокс академиясының үздік спортшысы.
Жетістіктері. Ең жеңіл салмақта, екінші ең жеңіл салмақта, екінші жартылай жеңіл салмақта, жеңіл салмақта, бірінші орта салмақта, орта салмақта чемпион атанған.
Білімі. Мектеп аттестатын 29 жасында алған. 13 жасында ата-анасы ажырасып кетіп, тұрмыстың тауқыметін тартқан. Анасы мен ағасы, және қарындасына көмектесу үшін оқуын тастап кеткен.
Денсаулығы. 2013 жылы филиппиндік боксшының дәрігері Растико Хименес Мэнни Пакьяодан паркинсон дертінің белгілері байқалғанын хабарлаған еді. Ал боксшының өзі үлкен бокстан қол үзбейтінін мәлімдеген-ді. Мұхаммед Әлиді меңдеген дерт Мэнниден айналып өтпеуі мүмкін.
Саясат. 2007 жылы Мэнни Пакьяо саясатпен айналыса бастады. Біржола бет бұрды. 2010 жылы Филиппиндегі Конгрессте өзінің жеке партиясы құрылғанын жариялады.
Хобби. Мэнни Пакьяо бокстан бөлек баскетбол ойнағанды ұнатады. Қазіргі таңда филиппин лигасындағы бір клубтың жаттықтырушы-ойыншысы.
Флойд Мейвезер
Жасы – 38. Бойы – 173 сантиметр. Салмағы – 66, 2 келі. Қолының ұзындығы – 183 сантиметр.
Марапаттары. Өз салмағында 2005, 2006 және 2007 жылдары әлемнің үздік боксшысы атанған. 2012, 2013 және 2014 жылдары «Ring» журналы нұсқасы бойынша әлемнің теңдессіз күрзі жұдырықты боксшысы атанды.
Жетістіктері. Екінші жеңіл салмақта, жеңіл салмақта, бірінші жартылай орта салмақта, жартылай орта салмақта, бірінші орта салмақта әлем чемпионы атақтарына ие болған.
Білімі. Әкесі есірткімен түрмеге түскеннен кейін Флойд Мейвезер оқуды біржола тастап, анасына көмектескен. Жоғары оқу түгіл, мектепті бітірмеген.
Қос боксшы арасындағы «ғасыр жекпе-жегінің» қаржылай сыйақылары да белгілі. Алғашқысы 150 миллион доллар алатын болса, филиппиндік боксшы 100 миллион долларды иеленеді. Аталған қаржы қос боксшының бір-бірімен жұдырық түйістіргені үшін берілетін болады. Ал ұйымдастырушылар кездесуді телеарналарда тікелей эфирде таратуды жоғары сомаға бағаламақ болып отыр.
Флойд Мейвезер мен Мэнни Пакьяо арасындағы жекпе-жекке WBC арнайы бағалы белбеу жасап шығарды. Мұндай жаңалық осыған дейінгі ірі жекпе-жектерде ұйымдастырылмаған. WBC президенті Маурисио Сулейманның айтуынша, арнайы белбеу 3000 асыл тастармен безендірілген.
Екі боксшы да осал қарсыластар емес. Бір-бірінің әлсіз тұстарын зерттегені ақиқат. Өзіндік ұстанатын жүйелері де жоқ емес. Кімнің мықты екені шаршы алаңда анықталатын болады. Десе де өз болжамдарын алдын-ала айтып жүрген жанкүйерлер мен спорт мамандары баршылық. Ал букмекерлік орталықтар Флойд Мейвезерді фаворит ретінде тануда.
«Ғасыр жекпе-жегіне» баланып отырған кездесу 3 мамыр күні өтеді. Кездесу Астана уақытымен шамамен таңғы сағат 07:00-де басталады деп күтілуде.
Ал сіз кім жеңіске жетеді деп ойлайсыз?
О. Сансызбай