Қарағанды қаласында бокстан Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске түсіруге арналған халықаралық турнир басталды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан дода биыл ХХХІ рет ұйымдастырылып отыр.
Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған бокс додасы – талай боксшылардың үлкен спортқа қадам жасауына септігін тигізген еліміздегі ең ірі жарыстардың бірі. Тарихы тереңде жатқан бұл бокс бәсекесінен Олимпиада чемпиондары мен талай әлем чемпиондары түлеп шыққан. Атап айтар болсақ, бүгінде кәсіпқой бокста еліміздің абыройын асқақтатып жүрген Геннадий Головкин бұл турнирде бес рет топ жарған. Атланта Олимпиадасының чемпионы Василий Жиров пен Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ибраимов та Ғалым Жарылғапов турнирінің бес дүркін чемпиондары атанған. 2000 жылы Сидней Олимпиадасының шыңын бағындырған марқұм Бекзат Саттарханов та бұл турнирде үш рет жеңімпаз тұғырынан көрінген. Одан өзге, Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, қазіргі таңда «Astana Arlans» командасының директоры Серік Сәпиев те бұл турнирді үш рет жеңген боксшылар қатарынан. Ал «Ғалым Жарылғапов турнирінде ең көп топ жарған боксшы кім?» дегенге келсек, Сарыарқа төсінде туып-өскен Аркадий Топаевтың есімін ерекше мақтанышпен айта аламыз. 1994 жылы әлем кубогының жеңімпазы атанған былғары қолғап шебері бұл турнирді жеті рет ұтқан жалғыз боксшы.
Ғалым Жарылғапов 1939 жылдың 22-желтоқсанында дүниеге келген. Спортты серік еткен тұлға қазақ боксының нағыз жанашыры болған. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген бапкері мен спорт шебері атақтарына қол жеткізген. Кейін былғары қолғабын шешкеннен кейін де шаршы алаңның айналасынан алыстай алмаған. Бапкерліктен бастап, облыстық туризм және спорт комитетінің басшысы дәрежесіне дейін көтерілген. 1984 жылы Ташкентте КСРО халықтарының спартакиадасы ұйымдастырылып, оған Қазақстанның өкілі ретінде Ғалым Жарылғапов та қатысқан. Сол жарыста білікті бапкер дүниеден озды. Жекпе-жектер кезінде шаршы алаңның жанында қазақ боксшыларына жанкүйер болып отырған Ғалым Жарылғаповтың жүрегі ұстап, тілге келместен көз жұмған. Ал екі жылдан кейін, яғни 1986 жылы ұлы Нұрғазы Жарылғапов алғаш рет осы турнирді өткізуді қолға алыпты. Содан бері дода дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Биылғы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған турнир 17-21 желтоқсан аралығында өтеді. Халықаралық турнирде еліміздің 100-ден астам боксшыларымен қатар, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Қытайдан келген былғары қолғап шеберлері бақ сынайды. Жылдан жылға қанатын кеңге жайып келе жатқан жарыс биыл құрметті қонақтарымен де есте қалғалы отыр. Кеше доданың ашылу салтанатына әйгілі америкалық боксшы Рой Джонс (кішісі) пен ресейлік кәсіпқой боксшы Олег Маскаев қатысты. Олардан өзге құрметті қонақтар қатарында ауыр атлетикадан екі дүркін Олипиада, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы Сергей Котенко, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпиондары жеңіл атлет Ольга Шишигина мен боксшы Ермахан Ибраимов, 2004 жылғы Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев пен қола жүлдегер атанғандар боксшы Серік Елеуов, жетісайысшы Дмитрий Карпов және 2012 жылы Лондон Олимпиадасында топ жарған Серік Сәпиев болды.
Халықаралық турнирдің ашылу салтанатына ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Тастанбек Есентаев пен Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамед Әбдібеков қатысты. Құрметті қонақтар Рой Джонс пен Олег Маскаевқа қазақтың шапанын жапса, танымал боксшылар қазақ боксының жас таланттары Абылайхан Жүсіпов пен Андрей Зиськоға қолтаңбалары қойылған қолғаптарын табыстады. Сонымен қатар, жиналған қауым алдында америкалық боксшы өзінің шығармашылығындағы танымал бірнеше рэп туындыларын да орындады.
Cурет: vesti.kz, vk.com