- Негізгі бет
- Маккала
- Футболдан Қазақстан премьер-лигасы...
Футболдан Қазақстан премьер-лигасы басталды
Кеше қазақстандық футболсүйер қауым асыға күткен ел премьер-лигасы басталды. Бүгін сол ойындарға тоқталып, қысқа шолуымызды ұсынамыз.
Шымкенттегі шытырман
Өткен маусымда ел чемпионы атанған «Астана» футбол клубы жаңа маусымды сәтсіз бастады. Алдымен Суперкубок ойынында «Қайратқа» есе жіберді. І турда «Ордабасыдан» ұтылды. Ұтылғанда да ойсырай ұтылды. Шымкентте өткен ойында алаң иелері елордалық команданың қақпасына үш гол соқты. Ал «Астана» футболшылары мергендік таныта алған жоқ.
Қос команда арасындағы ойында Станимир Стойлов шәкірттері айқын фаворит саналған. Алайда «Ордабасы» осал қарсылас емес екенін дәлелдеді. 15 минутта Мардан Төлебектің айып соққысынан тепкен добы Ненад Эрич қорғаған қақпаның төрінде тулады. Бұл голдан кейін шымкенттік клубтың шабуылы үдей түсті. Алаңның қай бұрышында болса да қарсыластарын қыспаққа ала түсті. Ойындағы қалған екі гол екінші таймда соғылды. 75 минутта команда капитаны Азат Нұрғалиев «Ордабасының» екінші голын соқты. Ал 89 минутта Абдуллай Диакате үшінші голды қарсыластар қақпасында тулатты.
«Ордабасының» қазіргі құрамы «Астана» командасының жалпы құнынан кем емес. Биылғы жаңа маусымға клуб президенті Бақтияр Байсейітов пен жаттықтырушы Алексей Петрушин жоғары мақсат қойып отыр.
«Ордабасы» келесі ойынын 12 наурыз күні өз алаңында «Атырауға» қарсы өткізеді. Ал «Астана» түзде «Ертіспен» ойнайды.
Щеткин шашасына шаң жұқтырмады
Жаңа маусымдағы бірінші голды «Тобыл» шабуылшысы Алексей Щеткин соқты. Бірінші голды соғып қана қойған жоқ. «Атырауға» қарсы алғашқы ресми ойынында үш бірдей гол соқты. Үздік мергендер көшін бастады.
Алексей Щеткин «Тобыл» сапын осы қыста толықтырған еді. «Астана» командасы бұл шабуылшыны қостанайлық клубқа уақытша ойнауға берген болатын. Бірінші турдағы нәтижесі көңіл қуантады.
Осылайша «Тобыл» І турда Алексей Щеткин соққан үш голдың нәтижесі бойынша «Атырауды» ұтты. Ал жаңа маусымды 9 ұпай «қарызбен» бастаған батысқазақстандық команданың бұл ойында асығы алшысынан түспеді.
«Тобыл» келесі турда «Ақтөбемен» өз алаңында ойнайды. Ал «Атырау» Шымкентте қонақта болады.
«Қайсар» қайта оралды
Премьер-лигаға қайта оралған Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы жаңа маусымды жеңіспен бастады. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен қанаттанған футболшылар І турда Көкшетаудың «Оқжетпес» командасын ұтты. Ұтқанда да қарсыластарын соңғы минутта сан соқтырды. «Оқжетпес» қорғаушысы Сергей Кейлердің қолмен ойнағанын байқаған бас төреші пенальти белгіледі. Шабуылшы Стефан Николич өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.
«Қайсар» келесі турда «Таразбен» ойнаса, «Оқжетпес» Алматыда «Қайратпен» кездеседі.
Соңғы минуттағы сергелдең
Павлодардың «Ертіс» футбол клубы да жаңа маусымды жеңіспен бастады. Өз алаңында Оралдың «Ақжайық» командасын 2:1 есебімен ұтты.
Қос команда арасындағы үш гол да екінші таймда соғылды. 46 минутта Аслан Дарабаев «Ертісті» алға шығарды. Алайда 83 минутта «Ақжайық» футболшылары есепті теңестіре білді. Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда оралдық команданың қақпасына пенальти белгіленіп, 11 метрлік айып соққысын Стефан Жифкович сәтті орындады. Бұл гол алаң иелеріне 3 ұпай сыйлады.
«Ертіс» ІІ турда «Ақтөбемен» ойнайды. Ал «Ақжайық» өз алаңында Қарағандының «Шахтер» командасымен кездеседі.
«Қайрат» - «Ақтөбе» текетіресі
Бұл командалар арасындағы ойындар қашан да нәтижелі, тартысты болатын. Бірақ кешегі ойын көпшілік күткендей аса қызықты болған жоқ. Бірсыдырғы басталған ойын 1:0 есебімен аяқталды. «Қайратқа» жеңіс сыйлаған голды 64 минутта Жерар Гоу соқты. Исаэль Барбозаның бұрыштамадан асырған добына бірінші жетіп, қақпаға тура бағыттады. Доп "Ақтөбе" командасының қақпасында тулады. Одан кейінгі аралықта есеп өзгерген жоқ.
«Тараз» бен «Шахтер» тең тарқасты
Таразда өткен «Тараз» бен «Шахтер» арасындағы ойында есеп ашылмады. 51 минутта Давронжон Эргашев алаңнан қуылғаннан кейін қарағандылық клубтың жеңіске жету мүмкіндігі артқан. Алайда «кеншілер» сапынан да, алаң иелері қатарынан да гол соғатын футболшы табылмады.
Премьер-лиганың ІІ тур ойындары 12 наурыз күні өтеді.
О. Сансызбай