25 сәуір - қазақ футболының мерекесі. 2002 жылы дәл осы күні Қазақстан ресми түрде УЕФА (Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы) құрамына қабылданды. Араға 1 жыл сала ҚФФ Атқару комитеті осы бір атаулы күнді атап өту туралы шешім қабылдады. Қазақ футболының УЕФА құрамына қосылғанына да 16 жыл болыпты. Аз уақыт та емес, көп уақыт та емес. Әлбетте 16 жасқа келген бала ес біліп, ел алдында сөз айта алады. 16 жасында ала допты ұршықша иіріп, әлемге танылуы да мүмкін. Жаһанда ондай ойыншылар болды, әлі де бар. Ал қазақ футболы 16 жыл ішінде өзін әлемге таныта алды ма? Қиындау сұрақ... Азиядан алшаң басып, Еуропаға футболымыз қарыштап тез дамиды деп бардық. Бұған өкініп отырғанымыз жоқ. Әлемнің кіл мықты құрамаларымен ойнап тәжірибе жинап келеміз. Ал сол тәжірибені пайдаланып, жүзеге асыратын жылдар да жеткен секілді. 16 жыл ішінде Қазақстан премьер-лигасының деңгейі өсті. Клубтарымыздың жетістігі артты. Бір кездері Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне қазақ клубтарының шығуы арман секілді көрінетін. Шүкір, ол арманымыз орындалды. Енді жылда шықса екен тілеп жүрміз. Ал ұлттық құрамаға келгенде тіліміз күрмеліп қалып тұр. Жетістігіміз аз, жарқын жеңістеріміз саусақпен санарлық қана. УЕФА құрамына кіргеніне көңіліміз күпті емес. Қазақстан құрамасы әлемнің ең мықты құрамаларымен ойнады. Қазақ жеріне атағынан ат үркетін футбол саңлақтары келді. Роналду, Бекхэм, Руни, Лэмпард, Джерард, Ибрагимович, Шевченко, Чех, Левандовский, Ракитич, Компани, Нани, Деку, Манджукич, Клозе, Мюллер, Кроос, Озил, Лукаку, Алаба, Нойер, Швайнштайгер, Снейдер, Ван Перси, Мхитарян сынды ойыншылар өз елдерінің ұлттық құрамасы сапында Алатау бөктері мен Сарыарқа төсінде доп тепті. Олардың ойынын тамашалайтын әлем футболының жанкүйерлері қазақ елін тани түсті. 2002 жылдан бері Қазақстан құрамасы УЕФА аясында әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатына іріктеулерге қатысып келеді. Жоғарыда атын атап, түсін түстеген ойыншыларымыз да осы іріктеуде ұпай алу үшін келді. Статистикаға сүйенер болсақ, 2002 жылдан бері ұлттық құрамамыз 132 ойын өткізіпті. Оның ішінде ресми ойындар, жолдастық кездесулер мен халықаралық турнирлер де бар. Сол 132 ойында 21 рет жеңіске жетіп, 31 рет тең түскен. Қалған ойындарда қарсыластардың мерейі үстем болыпты. Иә, 16 жыл ішінде аз болса да жанкүйерлерді қуантқан жеңістер болды. Соңғы сәтте сан соғып қалған кездеріміз де көп. Десе де ел футболының келешегінен зор үміт күтеміз. Тарихи жеңісіміз бен соны жетістіктеріміз алда екеніне сенеміз. Наурыз айында ұлттық құрама тізгінін болгар маманы Станимир Стойлов ұстады. Тәжірибелі маман екі ойын өткізіп те үлгерді. Алда қазақ футболын күзде басталатын Ұлттар лигасы күтіп тұр. Осы жарыс арқылы 2020 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама бұйырып қала ма деген дәмеміз бар. Футболшыларымыздың мақсаты айқын болса, біздің үмітіміз де жарқын болмақ. Ел футболының аяқтан тұрып, алшаң басуына, жас таланттардың танылуына жағдай жасалып келеді. Күні бүгін мереке қарсаңында Қазақстан футбол федерациясының Кезекті ХVІІ конференциясы өтіп, көпшілікке ел футболын дамытуға бағытталған Вперед, футбол! Алға, Qazaqstan бағдарламасы таныстырылды. Бұл бағдарлама елімізде балалар футболының дамуы мен инфрақұрылымына, ұлттық құрама, қыздар футболы мен футзалдың өркендеуіне сеп болмақ. Лайым, солай болғай. Тақырыбымызға жетеміз дегенше, біраз дүниенің басын қайырып, түрлі жайды қаузап та тастағандаймыз. Ендігі айтпағымыз, 10 жарқын жеңісіміз жайлы (жолдастық кездесулерді қоса есептегенде). Футбол жанкүйерлерінің көпшілігі бұл ойындарды ұмытпаған да болар. Бір рет тағы есімізге түсіріп көрейік. 10. Қытай Қазақстан 0-1 2016 жылы Аспан асты елінің Дальян қаласында Қытай мен Қазақстан құрамалары жолдастық кездесу өткізді. Ойынға 30 мыңдай жанкүйер жиналды. Алаң иелері қазақтарды қалпақпен қағып алармыз деп алаңға шыққандай көрінді. Ал қазақ жігіттері намысты қолдан берген жоқ. Қазақстан құрамасы өз тарихында Қытай құрамасымен үшінші рет кездесті. Оған дейін өткен (бірі 1997, екіншісі 2007 жылы) екі жолдастық кездесуде де қытайлық футболшылар жеңіске жеткен. Дальянда Азат Нұрғалиевтің соққан голы отандастарымызға жеңіс сыйлады. Тіпті кездесу соңына қарай Елдос Ахметов алаңнан қуылып, 10 ойыншымен ойнады. Осы ойында жартылай қорғаушы Ұлан Қонысбаев ауыр жарақат алғаны да жанкүйерлер есінде. 9. Молдова - Қазақстан 1-3 Бұл ойын да жолдастық кездесу. 2013 жылдың ақпанында Түркия жерінде өтті. Ойында қазақ аяқдопшылары 3:1 есебімен жеңіске жетті. Виктор Дмитриенко бір гол соқса, бүгінде футболдан алшақ жүрген Бауыржан Жолшиев дубль жасаған еді. Жалпы Қазақстан құрамасы 2002 жылдан бері Молдова құрамасымен 4 рет жолдастық кездесу өткізді. Оның 2-де жеңілсе, 1-де тең түскен-ді. Ал 1 жеңісіміз осы болатын. 8. Қазақстан Қырғызстан 7-1 Ескі жау атыспаққа жақсы демекші, көрші қырғыз елімен жасыл алаңда талай рет жолымыз түйісті. Азияда жүрген кезімізді есептемегеннің өзінде 2002 жылдан бері 5 рет жолдастық кездесу өткізіппіз. Соның бірі 2014 жылы Астанада айыр қалпақты ағайынды 7:1 есебімен жеңгеніміз. Осы тұста айта кетер болсақ, Қазақстан құрамасының ең ірі жеңісі 1997 жылы тіркелген. Ол кезде отандастарымыз Пәкістанды сырт алаңда 7:0 есебімен жеңген. Ал Қазақстан ең ірі есеп айырмасымен Түркия және Ресей құрамаларына ұтылған. 6:0. 7. Венгрия Қазақстан 2-3 Бұл ойынның өткеніне көп болған жоқ. 23 наурыз күні Станимир Стойлов Қазақстан құрамасын өзінің алғашқы ойынына бастап шықты. Будапештте өткен кездесу отандастарымыздың жеңісімен аяқталды. Жас ойыншылардың аяқ алысын көрдік. Бахтиер Зайнутдинов пен Еркебұлан Сейдахмет ұлттық құрамадағы алғашқы ойындарында-ақ гол соқты. 6. Латвия Қазақстан 0-1 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан мен Латвия бір топқа түсті. 2014 жылдың қыркүйек айында Астанада өткен кездесуде құрамалар 0:0 есебімен тең тарқасты. Ал 2015 жылы Ригада өткен ойында Қазақстан құрамасы 1:0 есебімен жеңіске жетті. Сол ойында Исламбек Қуаттың соққан голы біздің құрамаға ғана емес, Түркияға да зор көмегін тигізген еді. Қазақстан құрамасының жеңісінің нәтижесінде түріктер Еуропа чемпионатына жолдама алған-ды. Олар Исламбекке бұл голы үшін алғыстарын да білдірді. Айта кетейік, Қазақстан мен Латвия Ұлттар лигасында бір топқа түсті. 13 қазанда Ригада ресми түрде тағы да жасыл алаңда кездеседі. 5. Қазақстан Фарер аралдары 2-1 Қазақстан да, Фарер аралдары да Еуропадағы әлсіз құрамалар қатарында. 2014 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде қос құрама бір топқа түсті. Астанада өткен бірінші ойында қазақстандық футболшылар 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ал Фарер аралдарында өткен ойында 1:1 есебімен тең түсіп қайтты. Фарер аралдарының соңғы ойындарынан алға жылжу байқалады. 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеуде топта төртінші орын алды. Латвия мен Андорра құрамаларын артта қалдырды. Қазіргі таңда ФИФА рейтингінде 94-орында тұр. Қазақстан 119-орында келеді. 4. Қазақстан Әзірбайжан 2-1 2012 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан мен Әзірбайжан бір топқа түсті. Астанада өткен ойында Қазақстан құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті. Екі голды да ұлттық құрамадағы алғашқы ойынына қатысқан Сергей Гридин соқты. Бірақ сол ойыннан кейін шабуылшы гол соғып, жарқын ойынымен көзге түсе қойған жоқ. 3. Қазақстан Андорра 3:0 Андорра - Қазақстан құрамасы үшін алпауыт қарсылас емес. Қазіргі таңда ФИФА рейтингінде 132-орында тұр. Қазақстан 2010 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Андоррамен бір топқа түсті. Түзде өткен ойында 3:1 есебімен ұтса, Астанада 3:0 есебімен басым түсті. Бұл әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатына іріктеудегі ең ірі есеп айырмасымен ұтқан жеңістеріміздің бірі. Айта кетейік, күзде басталатын Ұлттар лигасында да Андоррамен бір топта ойнайтын боламыз. 2. Армения Қазақстан 0-1 Қазақстан құрамасы УЕФА-ға кіргеннен кейін 5 жылдан кейін барып қана сырт алаңда жеңіске жетті. Ереванда Армения құрамасын ұттық. Ойындағы голды 64 минутта Сергей Остапенко соққан болатын. 1. Қазақстан Сербия 2-1 Қазақ футболшыларының ең бір жарқын жеңісін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. 2007 жылдың наурыз айында Алатау бөктерінде жеңіс әуені шырқалды (әлі күнге дейін сол бір әуенді ыңылдатып айтып келеміз). Қазақстан құрамасы Сербияны сан соқтырды. Қайрат Әшірбеков пен Нұрбол Жұмасқалиевтің соққан голдарына Никола Жигич бір жауап қайтарғанмен, біздің ойыншылар үшін ойын сәтті аяқталды. Бұл біздің құраманың УЕФА аясындағы алғашқы жеңісі еді. P.S Қазақстан футболы күні құтты болсын! Жарқын жеңістеріміз көп болғай! Алға, қазақ футболы!