Футболшылардың көп бөлігі әдетте өзінің спорттық ғұмырын отыз жастан аса аяқтап жатады. Бірақ футбол тарихы жоғарыда айтылған ойыншылар қатарына кірмейтін ойыншыларды да біледі. Бұл материал спорттық мансабын қартайғанша жалғастырған жеті ойыншы жайында болмақ.
Стэнли Мэтьюз
Футбол мансабы
1932–1965
Сэр Стэнли бірегей ойыншы десек қате айтылмаған сөз болар: 700 кездесу өткізген ол қызыл қағаз былай тұрсын бірде-бір рет сары қағаз алып көрмепті. Оның әкесі – жеңіл салмақта өнер көрсеткен әйгілі ағылшын боксері Джек Мэтьюз. Стэнли өзінің туған жерінің командасы - «Сток Ситиде» ойнай бастаған, бірақ футболшы үшін ең жақсы саналатын жылдарды (Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде) Блэкпульдегі Корольдік ӘАК қатарында өткізген кезеңін айтуға болар. Фашистердің жеңілісінен соң 32 жастағы Мэтьюз Блэкпулде тұрақтап, жергілікті клубқа 13 жыл уақытын бөліпті, ал Англия құрамасы үшін соңғы ресми кездесуін 42 жасында өткізген. Бұл әлі күнге дейін рекорд болып қалуда. 1960-шы жылдардың басында Стэнли «Стокқа» оралады және оған тең келетін адамның болмағаны соншалық, 48 жасында Англияның үздік ойыншысы сыйлығын иеленіп, рыцарьлық титулға ұсынылған бірінші футболшы атанды.
Роже Милла
Футбол мансабы
1968–1996
Аты аңызға айналған камерундықтың әкесі темір жолда еңбек етіпті және дұрысын айтқанда тегі Миллер болған, бірақ француз отарындағы абыр-сабыр салдарынан ұлдарының ішіндегі ең әйгілісі құжатта Милла деп жазылып кетіпті. 23 жасында Роже егемендігін алған Камерунның үздік футболшысы атанады, сосын ол 15 жылға Франция еліне аттанады, ал тарихқа 1994 жылы АҚШ елінде өткен Әлем чемпионаты кезінде енеді – алдымен жәй ғана алаңға шыққанымен болса, сосын Ресей құрамасына гол соғуымен (камерундықтар сол кездесуде 1:6 есебімен жеңілген болатын). Ол кезде Роже 42 жаста болған еді – Әлем чемпионаты тарихында бұл болмаған жағдай.
Владимир Тумаев
Футбол мансабы
1989–2005
Тумаев 40 жасқа дейін Қазақстаннан Қиыр солтүстікке дейінгі турбокомпрессорлық станцияларда қызмет істеген, футболдан әуесқойлар арасында жеңіліп жүрген, ал 1980-ші жылдардың орта тұсында Ижевскіде «Газовик» клубын ұйымдастырып, соның сапында КСРО чемпионатында өнер көрсетіп үлгереді. Ресейлік бірінші лигада бизнесмен Тумаев өзі демеуші болған «Газовик-Газпром» сапында 100-ден аса кездесу өткізген, ал 59 жасында «Нефтехимикке» жеңіс голын соққан.
Бенгт Андерссон
Футбол мансабы
1984 жылдан бері ойнайды
Қазіргі футболшылар арасындағы ең қарт ойыншы – 47 жастағы «Эргрютелік» швед. Бойы 191 сантиметр болатын қақпашы футболда тұрарлық өмір кешіпті: ол екі жыл «Тенерифе» қақпасын қорғаған, ал 1990-шы жылдардың орта тұсында Швеция құрамы үшін он шақты кездесу өткізген екен, бірақ 41 жасында «Гетеборгтен» кетсе де, Бенгт зейнетке шықпай, ойын тәжірибесін жинауға Норвегия еліне аттанған. Осы жазда Андерссон жас кезінің жарқын жылдарын өткізген «Эргрютеге» қайта оралды. Бұған қоса, ол өткен жылдың қараша айынан бастап, Швецияның үшінші дивизионында өнер көрсететін «Челлеред» клубының бас бапкері қызметін атқарып келеді.
Дэвид Джеймс
Футбол мансабы
1988 жылдан бері ойнайды
Айбарлы қақпашы Англия құрамы сапында алғаш рет 27 жасында өнер көрсеткен, бірақ әлем чемпионатында тұңғыш рет 40 жасында ғана ойнапты. Қазір Джеймс 43-те және бір таңғаларлығы ол «Тоттенхэмның» бас бапкері Андре Виллаш-Боаштан жеті жасқа үлкен, ал «Ливерпуль» мен «Эвертон» бас бапкерлерінен үш жасқа үлкен. Өткен жылы Джеймс Британ империясы орденінің кавалері атанды. Зейнетке шығуды тым қызықсыз көрген ол ағымдағы жылдың көктемінде Исландияға – жергілікті премьер-лиганың «Вестманнаэйяр» клубына аттанды. Қақпашы ол жақта да алаңға жиі негізгі құрам сапында шығып тұрады-мыс.
Брэд Фридель
Футбол мансабы
1994 жылдан бері ойнайды
Лақап аты Human Wall болып саналатын американдық қақпашы үш рет ағылшын премьер-лигасын бағындырмақ болған, ал осы талпыныстар арасында Дания мен Түркия елдерінде табыс таппақ болған екен. 20 жыл бұрын Фридель Англияда жұмыс істеуге рұқсат ала алмапты, соның салдарынан оның «Ноттингем Форрестке» ауысымы аяқсыз қалған көрінеді. Кейінірек ол «Сандерлендке» де ауыса алмай қалады, бірақ 1990 жылдардың екінші жартысында «Ливерпульге» өтеді және 16 жыл ішінде үш рет клуб ауыстырған ол ең беделді қақпашылардың бірі болады және ағылшын премьер-лигасының ең қарт ойыншысы атанып та үлгереді. Брэд қазір 42-де, бір жыл бұрын ол, сөзсіз, «Тоттенхэмның негізгі қақпашысы болды, бірақ енді француз Льористің алмастырушысы болуға мәжбүр.
Дерек Мэй
Футбол мансабы
1960 жылдан бері
Деректің үш баласы, 5 немересі бар. Ол «Тоттенхэмнің» жанкүйері, бірақ ешқашан сүйікті командасының кездесулерін көрмейді екен. Неге десеңіз, бұл уақытта өзі алаңда жүреді. Дерек жетпістен асқан адам, бірақ міне 53 жыл бойы ол футбол ойнау үшін аптасына үш рет өзінің спорттық аяқ киімін киеді екен. Өзінің спорттық ғұмырының көп бөлігін Дерек «Рэглан Рейнджерс» сапында өткізіпті, ал соңғы уақытта «Вест Уикхэм» намысын қорғап жүр екен. Осы әуесқой командалар үшін Мэй 2000-нан аса кездесу өткізіп, 1000-нан аса голдың авторы атаныпты. 22 жасында Мэй өзінің мотоциклімен көлік апатына ұшырап, төрт күн бойы ессіз жатқан екен, бірақ санаулы аптадан соң төсектен тұрып, қолындағы гипсімен алаңға шығып кеткен және содан бері ол әрдайым төменгі ағылшын лигаларында өнер көрсетіп келеді-мыс.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: furfurmag.ru, fayettevilleunited.com