Бүгін футболдан Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы бірінші ойын өтеді. Лондонда "Тоттенхэм" Амстердамның "Аякс" клубымен ойнайды.
Маусым басында екі команда жартылай финалға дейін жетеді деп ешкім де ойламаған болар. Тіпті екеуінің бірі финалға шығады деген болжам болмаған да.
"Аякс" Чемпиондар лигасының 1/2 финалына 1997 жылы шыққан. Ал "Тоттенхэм" 57 жылдан бері (ол кезде УЕФА кубогы еді) үздік төрт команданың қатарына қосылған емес.
Ширек финалда ағылшындық команда қос ойын қорытындысы бойынша өздеріне таныс "Манчестер Ситиді" жарыс жолынан шығарды. Турнирді іріктеу кезеңінен бастаған "Аякс" болса нағыз рекорд әрі сенсация жасады. Азуын айға білеген "Реал Мадрид" пен "Ювентусты" тағынан тайдырды.
Екі команда арасындағы бірінші ойын бүгін түнде Лондонда өтеді. Нидерландылық команданың түзде өткізетін ойындары өздері үшін нәтижелі-ақ. Сырт алаңда өткізген соңғы 8 ойынында ұтылмаған.
Футбол тарихына көз салар болсақ, екі команда өзара екі рет кездескен. 1981 жылы УЕФА кубогы жолындағы жарыста "Тоттенхэм" 3:1 және 3:0 есебімен жеңіске жеткен.
Ағылшындық команда үшін бірінші ойын оңай соқпасы анық. Өз алаңында өткізсе де, "Аякстың" адуыны күшті. Одан өзге де фактор бар. Атап айтсақ, лондондық клубтың көшбасшылары Харри Кейн мен Сон Хын Мин алаңға шықпайды. Бірі жарақатына, бірі ескерту қағаздарына байланысты.
"Аякс" алғашқы ойында фаворит те емес. Бірақ бұл ойынға тыңғылықты дайындалып келді. Тіпті осы ойын үшін Нидерланд чемпионатының соңғы туры кейінге шегеріліп, команданың тынығуына жағдай жасалды.
Ойынға испандық төреші Антонио Матеу Лаос қазылық жасайды.
Екі команда арасындағы бірінші ойында бірін айқын фаворит айтуға келмейді. "Тоттенхэм" - ұйымшыл, жүйелі ойыны бар, жаттықтырушы айтқан тапсырмаларды бұлжытпай орындайтын ұжым. "Аякс" та дәл осылай.
Лондондық команда сапында бірнеше белді ойыншының алаңға шықпауы Маурисио Почеттино үшін қиындау болмақ. Ол командасына қорғаныста ойнап, гол өткізіп алмау жайын басты назарға қоюы мүмкін. "Манчестер Ситиге" қарсы өткізген алғашқы ойыны секілді жүйе ұстанады деп болжануда.
Командалардың алаңға шығуы мүмкін негізгі құрамы:
"Тоттенхэм": Льорис — Триппьер, Алдервейрелд, Санчес, Роуз — Дайер, Ваньяма, Эриксен — Алли, Лукас; Льоренте.
"Аякс": Онана — Тальяфико, Блинд, ле Лихт, Мазрауи — де Йонг, ван де Беек, Шене — Нерес, Тадич, Зиеш.
Ойын елорда уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады. Тікелей эфирде қазақстандықтар "QazSport" арнасынан тамашалай алады.