Феллайнидың артықшылығы

"Қызыл сойқандар" трансферлік ауысымның соңғы күнінде, яғни 2 қыркүйек күні Маруан Феллайниді сатып алған болатын. Мойес бапкердің көңіл қалауы осы болды. "Эвертон" сапынан ауысып келген жігіттің қандай артық тұстары бар дерсіз? Сақал-мұрты. Сақал-мұрттан бұрын, бұл жігіттің әмбебаптылығы басты назарда. 

Ел біріншілігін жеңіп алған "Манчестер Юнайтед" жаңа маусымды жаңа деммен бастап кете алмады. Алғашқы турларда-ақ "Ливерпульге" есе жіберіп қойғаны өз алдына, ойын жүйесіндегі олқылықтары көзге ұрып тұрды. Сіз де біліп отырған боларсыз, "МЮ"-дің орталық бөлігіне қан жүгіртетін ойыншы жетіспей тұр. Ойынды бірізділікке салатын, орталықпен ойқастайтын серке тапшылық етуде. Әрине, алпауыт клуб сапында "сен тұр - мен тебейін" ойыншылар жетерлік. Алайда, олардың бәрі "айдаһардың" тынысына кең өріс аша алмауда. Ямайкалық әйгілі желаяқ Усейн Болттың тілімен айтқанда, "Манчестер  Юнайтедке" креатив жартылай қорғаушы керек еді.

Мойес бапкер өз таңдауын жасады. Рунимен өрбіген арадағы толассыз әңгімеде жүріп, қолда тұрған Тиагодан қағылып қалды. Ал каталондықтар Фабрегасты бұдан кейін жібермейтін болды. Ал Модричке талас қылды, қылмады, ол жағы белгісіз қалды. Озилдің соңғы күні сатылып кетерін білгенде, бәлкім, оны да сатып алар ма еді?! Дегенмен, түп-тамыры африкалық нәсілден тарайтын бельгиялық ең әмбебап жартылай қорғаушыны алдыртты. Мойес жаза баспай, "Эвертен" сапында өзі дайындап келген жауынгерді қалады. Алаңның кез келген бөлігінде өнер көрсете беретін жігіт "қызыл сойқандардың" қолайына жағып-ақ тұр. 

Ең алдымен, Феллайнидің екі аяқпен де жақсы ойнайтынын алға тартқымыз келеді. Әрине, баспен ойнауды қалай ұмыт қалдырарсыз. Екінші қабатта ешкімге есе жібермейтіні өз алдына, пас беруде де бұл жігіттің көрегенділігі ешкімнен қалыс қалмайды. Пас демекші, "қызыл сойқандарға" сол пас беретін, қорғаныс пен шабуылды байланыстыратын мықты орталықтың керек екені сезіледі. Ал Маруан бұл тұста бірден бар қырынан көрінбесе де, көп ұзамай өрге сүйрейтіні өтірік емес. Талант бар, шеберлік жетерлік. Таудай талапты қосыңыз. 

Каррикпен бірлесіп, қорғаныс бөлігінде көп шаруа тындыра алады. Ван Персидің қасына еріп, гол да соға алады. Қарымта қауіпті шабуылдарға дер кезінде тойтарыс беріп отырады (өткен маусымда көп тәртіп бұзғанын тілге тиек ете кеткіміз келеді). Орталықтың ісін бастайды. Қос қапталды паспен қамтамасыз етеді. Қақпаға тұрмайды демесеңіз, одан басқасының бәрі келеді. 

Ең бастысы, Мойес бапкердің ойын (идеясын) жүзеге асыруда көп септігін тигізбек. Қарсыластың мысын басуда қыруар шаруа атқарар деген ойдамыз.

 

 

 

Автор: Фараби Арыстанбек

сурет: potentate28.vinoreka.com