- Негізгі бет
- Маккала
- Евгений Эвстафьев Азия...
Евгений Эвстафьев Азия біріншілігінің қола жүлдегері
Астанада өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасының қоржынына қола медаль түсті.
Қола медальді қоржынымызға салған 85 келі салмақтағы спортшымыз Евгений Эвстафьев болды. Дегенмен, бапкерлер бұл салмақта жүлделі орындарға Ербол Мейірманов таласады деп жоспарлаған екен. Ал Евгенийді Ерболдың басты қарсыластарын ұту үшін тек тактикалық тұрғыда пайдалану керек болған. Өкінішке орай, жұлқа көтерудің үшінші мүмкіндігінде 160 келіні көтеру барысында Ербол оң қолын шығарып алды. Нәтижесінде ол жарысты жалғастыруға қауқары жетпеді.
Жалпы бұл салмақта 12 бірдей спортшы жарысты. Жеңіске үміткер ретінде Азияның екі дүркін чемпионы ирандық Сураб Мордани қарастырылды. Ал біздің отандасымыз Евгений жұлқа көтеруде 156 келіні, серпе көтеруде 185 келіні басынан асырып, қоссайыс бойынша үшінші орынға тұрақтады. Алтын мен күмісті бұл салмақта жоғарыда айтқан ирандық Сураб Мордани мен Ирак елінің зілтеміршісі Аль-Джумаили Сафаа бөлісті.
Бұл спортшылардың арасындағы тартыста ирандық зілтемірші жеңімпаз болып шықты. Оның қоссайыс бойынша нәтижесі 358 келі. Қоссайыс бойынша 351 келіні басынан асырған Аль-Джумаили Сафаа Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанды.
Айта кетейік, Евгений Эвьстафьевтің қоласы Қазақстан құрамасының қоржынындағы екінші медаль. Бұған дейін 66 келі салмақтағы Фархад Харки біздің қоржынымызға күміс салған болатын.
«Бұл менің Халықаралық аренада алғашқы жарысым болды. Сондықтан аз-маз қобалжығаным да рас. Оның үстіне ұйымдастырушылар таблоны жөндей алмай кетті ғой. Сол аралықта мен өзімнің бабымнан шығып қалдым. Дегенмен, нәтижеге көңілім толады. Енді Қазандағы Универсиадаға дайындалатын боламын», - деді жарыс аяқталған соң Евгений Эвстафьев.
Астанадан: Уалихан Қосанбай
Сурет: Уалихан Қосанбай
Ю. НИКУЛЛИН