- Негізгі бет
- Маккала
- Еуропа лигасы. «Ақтөбе»...
Еуропа лигасы. «Ақтөбе» жеңіске жетті (видео)
Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінің аясында «Ақтөбе» өз алаңында исландиялық «Брейдаблик» командасын жеңді. Марат Хайруллиннің соңғы минуттағы пенальтиден соққан голы ойын тағдырын шешті.
Алғашқы тайм басталысымен «Ақтөбе» қарсыластарын қысымға ала бастады. 5 минутта Сергей Давыдов қақпашымен бірге-бір шыққан-ды, алайда футболшы допты қолына тигізіп алды. Кездесудің 15 минутында Петр Бадло қонақтардың қауіпті шабуылының бетін қайтарды. Бірсыдырғы өрбіген ойын қос ұжымның бір-бірінің осал тұстарын аңдумен жалғасын тапты. Доп ұстау басымдығын өз пайдасында ұстаған «Ақтөбе» командасының шабуылшылары әлсін-әлсін қарсылас қақпасын мазасын алумен болды. Алайда исландиялық клуб ойыншылары да қорғаныс шебінде сауатты ойнай білді десек болады. Бірақ алғашқы таймда аса қауіпті сәттер аз кездесті.
Чех төрешісінің ысқырығы шалынысымен «Брейдаблик» ойыншылары доп ұстау басымдығын арттыра түсуді мақсат еткендей. 50 минутта Марат Хайруллиннің бағыттаған соққысы әлсіз шықты. Жергілікті жанкүйерлер жерлестерін барынша қолдаумен болды. Кездесудің 60 минутында Эмиль Кенжисариевтың алаңға шығуымен жергілікті команданың шабуылы жандана түсті. 65 минутта қонақтар қақпашысы аса қауіпті соққыны қайтара білді. Қонақтар да шабуылда жиі бой көрсетумен болды. 77 минутта Сергей Давыдовтың баспен бағыттаған соққысы қақпашы қолынан табылды. Кездесудің соңғы минутында Марат Хайрулиннің жойқын соққысы тағы да қақпаға дарымады. 89 минутта «Брейдаблик» қақпасына пенальти белгіленді. Марат Хайруллин 11 метрлік айып добын сәтті орындап есепті ашты. Соңғы минут батысқазақстандық ұжымға гол сыйлады. Алайда «Ақтөбенің» есепті еселеуге керемет мүмкіндіктері болған. Бірақ сәттілік жолдас бола бермеді. Осылайша Владимир Никитенко баптайтын жерлестеріміз бір доп айырмасымен жеңіске жетті.
«Ақтөбе» мен «Брейдаблик» арасындағы қарымта кездесу 8 тамыз күні Исландияда өтеді.
«Ақтөбе» — «Брейдаблик» (Коупавогюр, Исландия) 1:0
Гол: Хайруллин пенальти 90 (1:0)
«Ақтөбе»: Сидельников, Мулдаров, Бадло, Праймус, Арзуманян (Кенжесариев 61), Логвиненко, Харабара, Хайруллин, Ковальчук (Гейнрих 73), Кападзе, Давыдов (Гридин 79)
«Брейдаблик»: Гуннлейфссон, Троост, Ингасон, Йонссон К., Маргейрссон, Хрейдарссон, Лидссон (Элисабетарсон 79), Гардарссон (Сигурдссон Э. 64), Йеоман, Рохде, Хрейнссон (Вильяльмссон 87)
Төреші: Либор Коваржик (Чехия)
1 тамыз. Ақтөбе. «Орталық». 13500 көрермен.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
сурет:yvision.kz
О. Сансызбай