Қазақстандық "Ақтөбе" командасы Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде белгиялық "Генку" командасына жеңіліп қалды.
Бельгиялық командамен болған ойында "Ақтөбе" командасы 2:1 есебімен жеңілді. Айта кететін болсақ, ойындағы ең алғаш голды алаң иелері соқты. 18-минутта төреші ереже бұзылғанын көріп, "Ақтөбе" командасына қарсы айып добын берді. Өз кезегінде команда мергені Йелле Фоссен мүлт кетпеді. Есеп: 1:0. Қарымта жауапты "Ақтөбе" командасының ойыншылары жеті минуттан соң қайтара білді. Петр Бадлоның тура соққысы таразы басын теңестіріп кетті. Алайда, бірінші ойын бөлігінің соңғы минуттарында француз Стивен Жозеф-Монроуз Андрей Сидельников қорғаған қақпадан саңылау тауып, бельгиялықтарды алға шығарды. Есеп:2:1.
Екінші ойын бөлігінде анау айтқандай қауіпті сәттер орын ала қоймады. Тиісінше гол да соғылмады. Жалпы "Ақтөбе" командасының келесі кезеңге шығуға әлі де мүмкіндігі бар. Тек 9 тамыз күні болатын қарымта ойында аз есеппен басым түссе болды.
Сурет:tengrinews.kz
Дайындаған: Фараби Бақыт