Шағын футболдан Кәрі құрлықтың су жаңа чемпиондары Алматылық "Қайрат" командасы елге оралды.
Кеше ғана Грузияның астанасы Тбилиси қаласында футзалдан УЕФА-ның "Төртеудің финалында" топ жарған "Қайрат" командасы бас бапкер Какаумен бірге бүгін 18.30-да Алматы-Тбилиси рейсімен оңтүстік астанамызға ұшып келді.
Алматы әуежайында Еуропаның чемпиондарын "Қайрат" академиясының жас ойыншылары,
қолдарына шоқ гүлдерін ұстаған арулар қарсы алды.
Кең-байтақ Қазақстанның топырағына Еуропа Чемпиондарының кубогін алғашқы болып "Қайрат" командасының капитаны Дінмұхамед Сүлейменов алып келді.
"Қайратқа" қартамыс құрлықтың басты жүлдесін алып берген бас бапкер Какау. Ол "Төртеудің финалына" жол тартқан кезде: "Біз бүкіл Қазақстанның намысы үшін ойнайтын боламыз",- деген болатын. Міне, енді Какау Қазақстанды Еуропаға танытып қайтып отыр.
Жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген "алтын" жігіттер
Тапсырма ойдағыдай орындалды! Енді азды-кемді дем алуға болады "Қайраттың" ойыншыларына.
Міне, сіз бен біз асыға күткен Еуропа Чемпиондар Лигасының кубогы және "Чемпион" деген ресми сенімхат.
"Қайрат" командасының капитаны - Дінмұхамед Сүлейменов: Жартылай финалда да финалда да бізді бүкіл Қазақстан көріп отырғанын сездік. Сондықтан біз өз отандастарымызды жерге қаратпауға тырыстық. Тбилисидегі спорт ғимаратының бір бөлігі "Қайраттың" жанкүйерлерне толды. Бұл біз үшін қосымша күш еді. Капитан ретінде, мен Кубокуті басымнан асыра көтергенде төбем көкке жетуге екі елі-ақ қалды. Барлықтарыңызды да жеңіспен құттықтаймын!
Репортажды дайындаған: Уалихан Қосанбай