- Негізгі бет
- Маккала
- Еуро-2016 іріктеу кезеңінің...
Еуро-2016 іріктеу кезеңінің басты жаңалықтары
Футболдан 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сынының топтық кезеңіндегі кезекті ойындар мәресіне жетті. Тартысқа толы болған ойындар үш күн бойы жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. Бүгін біз сіздерге кездесулердегі басты оқиғалар туралы айтатын боламыз.
Алдымен «А» тобынан бастайық. Бұл топта Қазақстан құрамасы да өнер көрсетуде. 28-наурыз күні өз алаңында Исландиядан үш доп айырмасымен жеңілген отандастарымыз соңғы орында тұр. Десе де өзге топтағы соңғы орында тұрған құрамалармен салыстырсақ, жағдайымыз біршама тәуір. Еншімізде 1 ұпай бар. Әлі соқыр ұпай иеленбеген құрамалар (Андорра, Гибралтар) да кездеседі. Тіпті, гол соқпағандары (Сан-Марино) да бар. Ал Юрий Красножан жаттықтыратын Қазақстан құрамасы 4 гол соғып, өз қақпаларына 13 гол өткізген.
«А» тобындағы құрамалар бес ойыннан өткізіп үлгерді. Жеңілістің ащы дәмін татпаған Чехия құрамасы бірінші орында келеді. Ал о баста фаворит саналған Нидерланды болса үштікті қорытындылап тұр. «Қызғалдақты» елдің өкілдері Исландиядан 5 ұпайға қалып отыр.
Бесінші турда Қазақстан құрамасы күтпеген сый жасай ма деген сенім болған еді. Бірақ, тәжірибелі Исландия құрамасы Астанадан маңызды үш ұпайды еншілеп қайтты. Есесіне Латвия құрамасы күтпеген сый жасай білді. Осыған дейін жеңілмей келе жатқан чехтарды өз алаңында апшысын қуырды. Тіпті, латыштарға жеңіп кетуге де болар еді. Бірақ, Чехия құрамасы соңғы сәтте ғана таразы басын теңестіріп, аман қалды. Дәл осындай 1:1 есебі Амстердамда да тіркелді. Нидерланды құрамасы 92-минутқа дейін ұтылып келді. Бірақ, алаң иелерін жеңілістен Класс-Ян Хунтелаар құтқарып қалды. Алаң иелері сапынан жарақатына байланысты бірнеше негізгі құрам ойыншылары қатыса алмады. Олардың қатарында Арьен Роббен мен Робин ван Перси бар.
"А" тобы | Ойын | Жеңіс | Тең | Жеңіліс | Голдар | Ұпай | |||
1. | Чехия | 5 | 4 | 1 | 0 | 11:6 | 13 | ||
2. | Исландия | 5 | 4 | 0 | 1 | 12:2 | 12 | ||
3. | Нидерланды | 5 | 2 | 1 | 2 | 11:6 | 7 | ||
4. | Түркия | 5 | 1 | 2 | 2 | 6:8 | 5 | ||
5. | Латвия | 5 | 0 | 3 | 2 | 2:11 | 3 | ||
6. | Қазақстан | 5 | 0 | 1 | 4 | 4:13 | 1 |
«В» тобындағы жолдамаға талас та қызып келеді. Әзірге бес ойын өткізген Уэльс құрамасы көш бастауда. Ал Израиль мен Бельгияның өзара өткізетін бір ойындары кем. Бұл топта аутсайдер саналған Андорра құрамасы әлі ұпай еншілеген жоқ. 2 гол ғана соғып, өз қақпаларына 20 гол өткізді.
"В" тобы | Ойын | Жеңіс | Тең | Жеңіліс | Голдар | Ұпай | |||
1. | Уэльс | 5 | 3 | 2 | 0 | 7:2 | 11 | ||
2. | Израиль | 4 | 3 | 0 | 1 | 9:5 | 9 | ||
3. | Бельгия | 4 | 2 | 2 | 0 | 12:1 | 8 | ||
4. | Кипр | 5 | 2 | 0 | 3 | 9:10 | 6 | ||
5. | Босния және Герцеговина | 5 | 1 | 2 | 2 | 5:6 | 5 | ||
6. | Андорра | 5 | 0 | 0 | 5 | 2:20 | 0 |
Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіндегі ұпайдан шашау шығармаған құрамалардың бірі – Словакия. Осыған дейін өткізген бес ойында да жеңіске жетті. Екінші орында Испания құрамасы келеді. V турда Украинаны жеңді. Испандықтарға жеңіс сыйлаған голды Альваро Мората соқты. Бұл туриндік «Ювентуста» ойнайтын шабуылшының ұлттық құрамадағы алғашқы голы.
«С» тобындағы аутсайдер құрама – Люксембург. Әзірге бір ұпайлары ғана бар. Қарсыластар қақпасына үш гол соғып, өз қақпаларынан 14 рет доп алып шыққан.
"С" тобы | Ойын | Жеңіс | Тең | Жеңіліс | Голдар | Ұпай | |||
1. | Словакия | 5 | 5 | 0 | 0 | 11:2 | 15 | ||
2. | Испания | 5 | 4 | 0 | 1 | 14:3 | 12 | ||
3. | Украина | 5 | 3 | 0 | 2 | 6:2 | 9 | ||
4. | Беларусь | 5 | 1 | 1 | 3 | 4:10 | 4 | ||
5. | Македония | 5 | 1 | 0 | 4 | 5:12 | 3 | ||
6. | Люксембург | 5 | 0 | 1 | 4 | 3:14 | 1 |
«D» тобындағы жағдай әлден шиеленісіп тұр. УЕФА құрамына кірген Гибралтар үшін гол соғудың өзі үлкен жаңалық болды. Ұлттық құраманың іріктеу кезеңіндегі алғашқы голын Ли Кашаро соқты. Ал оның негізгі қызметі – көшедегі тәртіпті бақылайтын полицей екен. Десе де Шотландия құрамасы 6:1 есебімен жеңіске жетті. Қазіргі таңда Гибралтар іріктеу кезеңінде қақпаларына ең көп гол (27 гол) өткізген құрама.
Бұл топта Польша құрамасы көш бастап келеді. Германия мен Шотландияда 10 ұпайдан бар. Ал 8 ұпайы бар Ирландия да жолдамадан үмітті. Ал Грузия құрамасына қосымша жолдамаға мүмкіндік алудың өзі қиындау.
"D" тобы | Ойын | Жеңіс | Тең | Жеңіліс | Голдар | Ұпай | |||
1. | Польша | 5 | 3 | 2 | 0 | 16:3 | 11 | ||
2. | Германия | 5 | 3 | 1 | 1 | 9:4 | 10 | ||
3. | Шотландия | 5 | 3 | 1 | 1 | 11:5 | 10 | ||
4. | Ирландия | 5 | 2 | 2 | 1 | 11:4 | 8 | ||
5. | Грузия | 5 | 1 | 0 | 4 | 4:9 | 3 | ||
6. | Гибралтар | 5 | 0 | 0 | 5 | 1:27 | 0 |
Іріктеу кезеңінде ұпай жоғалтпаған құрамалардың бірі – Англия. Осыған дейінгі әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионаттарының іріктеу кезеңі ауыр соғатын ағылшындар үшін әзірге бәрі сәтті жалғасуда. Бес ойында да жеңіске жетті. V турда өз алаңында Литваны ойсырата жеңді. Ұлттық құрама сапындағы бірінші ойынына шыққан Харри Кейін ойынға араласқанына 1 минут өтпей гол соқты. Осыған дейінгі ойындарды қоса есептегенде Англия құрамасының шабуылшысы Дэнни Уэлбек үздік сұрмергендер көшін бастап тұр.
«Е» тобында Словения мен Швейцарияда 9 ұпайдан бар. Бұларды 6 ұпаймен Литва құрамасы өкшелеп келеді. Ал бұл топтың аутсайдері Сан-Марино болса әзірге бір ұпай еншілегенмен, әлі гол соққан жоқ.
"E" тобы | Ойын | Жеңіс | Тең | Жеңіліс | Голдар | Ұпай | |||
1. | Англия | 5 | 5 | 0 | 0 | 15:1 | 15 | ||
2. | Словения | 5 | 3 | 0 | 2 | 10:4 | 9 | ||
3. | Швейцария | 5 | 3 | 0 | 2 | 11:3 | 9 | ||
4. | Литва | 5 | 2 | 0 | 3 | 3:10 | 6 | ||
5. | Эстония | 5 | 1 | 1 | 3 | 1:5 | 4 | ||
6. | Сан-Марино | 5 | 0 | 1 | 4 | 0:17 | 1 |
«F» тобында да V турдың ойындары артта қалды. Бұл топта әлі жеңіліп көрмеген Румыния құрамасы 13 ұпаймен көш бастап келеді. Бір ұпайы кем Солтүстік Ирландия екінші орында болса, үштікті Венгрия қорытындылап тұр. Негізінен бұл топтың аутсайдері – Фарер аралдары құрамасы болатын. Бірақ, гректерді сан соқтырған Фарер аралының футболшылары Финляндиядан кейін бесінші орынға жайғасқан. Ал көпшілік күтпеген Грекия құрамасы небәрі екі ұпаймен соңғы орында келеді.
"F" тобы | Ойын | Жеңіс | Тең | Жеңіліс | Голдар | Ұпай | |||
1. | Румыния | 5 | 4 | 1 | 0 | 7:1 | 13 | ||
2. | Солтүстік Ирландия | 5 | 4 | 0 | 1 | 8:4 | 12 | ||
3. | Венгрия | 5 | 2 | 2 | 1 | 4:3 | 8 | ||
4. | Финляндия | 5 | 1 | 1 | 3 | 5:7 | 4 | ||
5. | Фарер аралдары | 5 | 1 | 0 | 4 | 2:7 | 3 | ||
6. | Грекия | 5 | 0 | 2 | 3 | 1:5 | 2 |
Іріктеу кезеңіндегі ең шулы оқиға «G» тобындағы Черногория мен Ресей құрамалары кездесуінде орын алды. Кездесудің бірінші минутында-ақ алаң иелерінің бір жанкүйері қонақтар қақпашысы Игорь Акинфеев басына тез тұтанатын отшашу тастап, жарақаттады. Нәтижесінде ойын тоқтатылды. Кейіннен қайта жалғасқанмен, 66-минутта черногориялық жанкүйерлер тағы да тәртіпсіздікке жол берді. Бас төреші Дениз Айтекин ойынның одан ары жалғасуына рұқсат бермеді. Енді бұл жағдай жақын күндері УЕФА тәртіптік бақылау комитетінде қаралатын болады.
Бұл топта 13 ұпаймен Австрия құрамасы көш бастап келеді. Екінші орында 9 ұпаймен Швеция құрамасы иеленуде. Үштікті УЕФА шешімінен кейін Ресей құрамасы қорытындылайтын болады.
"G" тобы | Ойын | Жеңіс | Тең | Жеңіліс | Голдар | Ұпай | |||
1. | Австрия | 5 | 4 | 1 | 0 | 10:2 | 13 | ||
2. | Швеция | 5 | 2 | 3 | 0 | 7:3 | 9 | ||
3. | Ресей | 4 | 1 | 2 | 1 | 6:3 | 5 | ||
4. | Черногория | 4 | 1 | 2 | 1 | 3:2 | 5 | ||
5. | Лихтенштейн | 5 | 1 | 1 | 3 | 1:11 | 4 | ||
6. | Молдова | 5 | 0 | 1 | 4 | 2:8 | 1 |
«Н» тобында хорваттардың қауқары жоғары. Соңғы ойында Норвегия құрамасын 5:1 есебімен ойсырата жеңді. Жолдаманы ертерек иеленуге талпынуда. Ал Италия құрамасы ойламаған жерден Болгарияға ұтылуға шақ қалды. Ойында 2:2 есебі тіркелді.
"H" тобы | Ойын | Жеңіс | Тең | Жеңіліс | Голдар | Ұпай | |||
1. | Хорватия | 5 | 4 | 1 | 0 | 15:2 | 13 | ||
2. | Италия | 5 | 3 | 2 | 0 | 8:4 | 11 | ||
3. | Норвегия | 5 | 3 | 0 | 2 | 7:8 | 9 | ||
4. | Болгария | 5 | 1 | 2 | 2 | 6:7 | 5 | ||
5. | Әзірбайжан | 5 | 1 | 0 | 4 | 4:11 | 3 | ||
6. | Мальта | 5 | 0 | 1 | 4 | 1:9 | 1 |
«І» тобында Португалия құрамасы көш бастап келеді. Төрт ойыннан 9 ұпай жинаған. Ал бар болғаны 4 гол ғана соққан. Негізінен бұл топта 5 құрама жолдамаға таласады. Осыған дейін жанкүйерлерінің тәртіпсіздігі салдарынан Сербия құрамасы 3 ұпайынан айырылған болатын. О бастан Дания құрамасы жолдамадан үміткерлер қатарында болса, Албанияның асығы алшысынан түсіп тұр.
Айта кетейік, іріктеу ойындары өтіп жатқан Еуропа чемпионаты 2016 жылдың 10-маусым мен 10-шілде аралығында өтеді. Француздардың 10 қаласында өтетін додаға 24 ұлттық құрама қатысатын болады.
Сурет: Getty Images, AFP, sports.ru, vk.com
О. Сансызбай