Ертең Алматыда волейболдан әлемдік «Гран-при» басталады

Ертең Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында әйелдер арасында волейболдан әлемдік «Гран-при» додасы байрағын желбіретеді. Осыған орай бүгін ұйымдастырушылар баспасөз мәслихатын өткізді.

Баспасөз мәслихаты алдында біз сіздерді «Гран-при» бәсекесінің басты ерекшеліктері мен ережелеріне тоқталуды жөн санап отырмыз. Жарыстың топтық кезеңдегі тартысын Алатау бөктері осымен үшінші рет қабылдағалы отыр. Ең алғаш 2011 жылы өтіп, Бразилия, Таиланд және Италия құрамалары қонаққа келген еді. Ал өткен жылғы тартыста Бразилия, Куба және Нидерланды әуедопшы аруларының Алматыға жолы түскен-ді.

Қазақстан әйелдер құрамасы «Гран-при» бәсекесіне 2007 жылдан бері қатысып келеді. Десе де осыған дейінгі нәтижелері аса көңіл көншітерлік емес. Өткен жылы да Александр Гутор баптайтын құраманың жолы бола қоймады. Нәтижесінде «В» дивизионында өнер көрсетіп келген Қазақстан құрамасы «С» дивизионына сырғыды. Егер ертең басталатын додада жеңімпаз болып танылып жатса, дивизион жоғарылайтыны кәміл. Өйткені, «А» дивизионында азулы құрамалар, «В» дивизионында ортаңқол құрамалар бақ сынаса, соңғы дивизионда аса азулы құрамалар өнер көрсетпейді.

Сонымен бұл маусымдағы топтық кезең ойындарын Қазақстанмен қатар Пуэрто-Рико, Мексика және Перу елдері қабылдап жатыр.  «А» дивизионында Бразилия, АҚШ, Жапония, Италия, Қытай, Ресей, Сербия, Доминикан Республикасы, Германия, Оңтүстік Корея, Түркия және Таиланд құрамалары сынға түспек. «В» дивизионында Польша, Перу, Пуэрто-Рико, Нидерланды, Аргентина, Канада, Куба және Бельгия құрамалары бақ сынайды. Ал, «С» дивизионында Кения, Алжир, Қазақстан, Хорватия, Чехия, Мексика, Болгария және Австралия өнер көрсетеді. Турнирдің жеребесінің нәтижесі бойынша қазақстандық әуедопшылар Австралия, Чехия және Хорватия құрамаларымен бір топқа түсті. Енді қарсыластар жайлы бірер сөз...


25 шілде мен 24 тамыз аралығында өтетін додаға барлығы 28 құрама қатысады. Қазақстан әйелдер құрамасымен бір топқа түскен Хорватия мен Аустралия «Гран-при» бәсекесіне алғаш рет қатысқалы отыр. Ал Чехия әуедопшы арулары өткен маусымда қатысқан болатын. 8 ұпай жинап 14-ші орыннан көрінсе, жерлестеріміз 4 ұпай мен 20 құраманың ішінде 17-ші орынға табан тіреген-ді.  Ал Аустралия аруларымен өткен жылы Тайландта өткен Азия чемпионатында жерлестеріміз 4 кезеңде де (партия) жеңіске жеткен болатын. Қазіргі таңда халықаралық волейбол қауымдастығының (FIVB) рейтингі бойынша Қазақстан әйелдер құрамасы 23-ші, Хорватия 24-ші, Чехия 25-ші орындарға жайғасқан. Яғни, бұл үш құраманың ойындағы әлеуеті тең деп қарауға болады. Ал «жасыл құрлықтың» өкілдері әзірге 100-ші орында.

Әлемдік «Гран-при» турниріне дайындықтарын пысықтау үшін Қазақстан құрамасы шілде айының орта шенінде Ресейдің Санк-Петербург қаласында өткен Борис Ельцинді еске түсіруге арналған турнирге қатысып келген болатын. Бірақ, ол турнирде де Александр Гутор шәкірттерінің көрсеткіштері нашар. Төрт ойын өткізген біздің құрама төртеуінде де жеңіліп қалды. Бүгін өткен баспасөз мәслихатында бас бапкер жеңіс үшін ойнайтындықтарын жеткізді.

Баспасөз мәслихатында 4 құраманың бапкерлері тілшілер сұрағына жауап берді. Жарыстың ережелері мен ерекшеліктері талқыланды. Өз кезегінде ҚР волейбол қауымдастығының бас хатшысы Ермек Сырлыбаев  бәсекеге қатысушы құрамаларға сәттілік тіледі.

Алматыдағы бірінші тур ойындары мәресіне жеткеннен кейін отандастарымыз Чехияға сапар шегеді. Сол жерде 1-3 тамыз аралығында Әлемдік «Гран-при» додасының екінші тур ойындары өтеді. Әр дивизионнан үздік шыққан командалар және Болгария құрамасы (жарыс қожайыны ретінде) 15-17 тамыз күндері финалдық кезеңде жолығып, бұл турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтайтын болады.

Ел намысын қорғайтын Қазақстан әйелдер құрамасының құрамы төмендегідей:

Қазақстан құрамасы: 

№1. Мудрицкая Татьяна (17.01.85), «Шверинер» Шверин («SchwerinerSC»), Германия), №2.Исаева Людмила (26.09.89), №3. Анарқұлова Сана (21.07.89), №9. Лукомская Ирина (19.03.91), №14. Ягодина Яна (24.01.93),№17. Разоренкова Екатерина (03.06.93), №18. Гордеева Елена (23.11.88), №20. Фендрикова Татьяна (23.02.90), №22. Чумак Ирина (26.01.94) (барлығы -  «Алматы» ВК), №4. Анарбаева Людмила (12.11.83), №5. Наседкина Ольга (28.12.82), №7. Омельченко Алена (19.06.89), №8(к). Ишимцева Коринна (08.02.84), №10. Шенбергер Ирина (20.02.92), №11(л). Стороженко Марина (06.06.85),  №21. Татко Екатерина (15.12.92) (барлығы - «Жетісу»), №6.Акилова Наталья(31.05.93), №12. Герман Инна(17.01.83) (барлығы -  «Карағанды» ВК), №13. Береснева Радмила (06.06.83), №16. Матвеева Инна (12.10.78) (екеуі де - «Ертіс-Казхром»), №15. Ростовщикова Анастасия (17.04.94, ВК «Костанай»), №19. Ситказинова Зарина (20.03.93),(екеуі де - «Грация-KZ»).

Жарыс күнтізбесі

25 шілде, жұма

15:00.  Хорватия (CRO) – Чехия (CZE)

16.30.  Ашылу салтанаты

18:00.  Қазақстан (KAZ) – Аустралия (AUS)

26 шілде, сенбі

15:00. Аустралия (AUS)– Чехия(CZE)

18:00. Қазақстан (KAZ) – Хорватия(CRO)

27 шілде, жексенбі

15:00. Хорватия (CRO) – Аустралия (AUS)

18:00. Қазақстан (KAZ) – Чехия(CZE)

19:30. Жабылу салтанаты

Әлемдік «Гран-приде» сегізінші рет бақ сынағалы отырған отандастарымызға сәттілік тілейміз. Ал жарыстың басты жаңалықтарымен біз сіздерді хабардар етіп отыратын боламыз.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: massaget.kz