Елордаға еліміздің таңдаулы семсерлесу шеберлері жиналды.
Лондонда Қазақстандық қыз-жігіттер табысқа жете алған жоқ. Алайда елімізде кенже қалған спорт түріне көзқарасты осындай жарыстар арқылы өзгертуге болады. Халықаралық деген мәртебесі бар бәсекеде жеңіске жеткендер спорт шебері атағын алады. Алғашқы жарыс күні Шығыс Қазақстандық Рауан Найзагеров пен Оңтүстіктен келген Каролина Кәрімова найза бағдарламасында топ жарды. Оңтүстік Қазақстан облысы ерлер және қыздар арасындағы командалық сында да жеңіске жетті. Енді қылыш пен семсер бойынша бәсекелер өтуде. Елмир Әлімжанов, Дмитрий Алексанин секілді серкелер сәрсенбі күні жарысқа араласады.
Айдын Тоқбаев, семсерлесу мектебінің директоры:
-Бұл жарыстың мақсаты мен міндеті өздеріңізге мәлім елбасымыздың халыққа жолдауында айтылған салауатты өмір салтын насихаттау әрі Қазақстан азаматтары спортпен шұғылдансын деп. Бұл енді бірден-бір мақсатымыз. Осы бағытта балалар мен жасөспірімдер мектебі жұмыс істеп жатырмыз.
Әлемнің үздік семсершілері Парижде жиналады
2012 жылғы Азия ойындарының вице-чемпионы Эльмир Әлімжанов Франция астанасы Париж қаласында өтетін әлемнің ең үздік семсершілері жиналатын «Мастерс» додасына жолдама алды.
– Бұл турнирді француздың «Левалуа» семсер клубы ұйымдастырып отыр. Сондықтан да додаға әлемнің кіл мықтылары келеді. Оның ішінде Олимпиада чемпиондарының қатысуы міндетті. Және де семсерлесуден әлем рейтінгінің көш басында орналасқан бес спортшы қатысуы мүмкін. Мен бүгінгі таңда алтыншы сатыда орналасқанмын. Бірақ бүгінгі таңдағы Олимпмиада чемпионы Рубен Лимардо үшінші сатыда орналасқандықтан, мен автоматты түрде бір саты жоғарылап, бесінші орынға көтерілемін, - дейді Эльмир Әлімжанов.
– Париж турнирінде алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?
– Біріншіден, бұл байрақты бәсеке. «Мастерс» турниріне екінің бірі қатыса алмайды. Сондықтан да мен көп тәжірибе жинаймын. Екіншіден, доданың сыйақы қоры - 10 мың еуро. Мен өз қаржылық жағдайымды түзету үшін бар күшімді саламын. Барлық қарсыластарымды білемін. Олармен бірнеше мәрте кездескенмін. Сондықтан да турнирдің финалдық кезеңіне шығуға тырысамын.
Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ
Сурет: vesti.kz