- Негізгі бет
- Маккала
- Елмұрат Тасмұрадов: "Еңбегіңді...
Елмұрат Тасмұрадов: "Еңбегіңді ешкім жемейді, құдай көріп тұр…"
Рио-2016 олимпиадасының үшінші жүлдегері атанып, қола медальды қанжығасына байлаған, бүкіл қазақты қуантқан қандас бауырымыз, Өзбек елінің байрағын желбіретіп, сол елді әлемге паш еткен Елмұрат Зұлыпхарұлы Тасмұрадовтан арнайы іздеп барып, сұхбат алған жайымыз бар. Кеше қазақ бапкерлері аңдамай, қолынан жіберіп алған спортшымыз арнайы алыстан ат терлетіп келгенімізді естіп, бірден үйіне қонаққа шақырды. Үйлену тойының дайындығымен қолы босамай, үйінде құрылыс жұмыстары жүріп жатса да өзі көлігімен күтіп алғаны бұл азаматтың
қарапайым жан екенінен хабар беретін еді. Әңгіме барысында ол өзін спортқа баулыған Шымкенттегі Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектебіне, ұстаздарына, Қазақстанға деген ыстық сәлемін айтты.
– Елмұрат, алдымен осындай ыңғайсыз жағдайда іздеп келгеніме кешірім
сұраймын. Рио олимпиадасында грек-рим күресі бойынша қазақтан шыққан жалғыз жүлдегер болғаның үшін біз саған ризамыз…
– Мені сыйлап, іздеп келгендеріңіз үшін сіздерге де көп рахмет.
– Бəрін басынан бастасақ, спортқа қалай келдің? Кімдер ықпал етті? Бұл қасиет кімнен дарыған?
– Мен атамның баласы едім. Жаны жəннатта болсын. Ол кісі үнемі атына мінгестіріп, қайда барса да ертіп жүретін. Кейін əкем мені Шыршық қаласындағы жаттығу залына ертіп барды. Жеті жасымнан бастап спортпен айналыса бастадым. Бірінші боксқа барамын деп айтқанмын. Боксқа барсақ, жанында күрес залы бар екен. Сосын күреспен айналыса бастадым. Күнде жаттығуға барып жүріп, оған да үйреніп қалдым. Арасында дзюдоға да, еркін күреске де кіріп кетем. Төртінші сыныптан кейін біз ауылға көшетін болдық. Ауылда жүргенде кейде төртінші сабақтан кейін сұранып, жаттығуға баратын едім. Бесінші, алтыншы сыныптарды екі арада шапқылап жүріп оқыдым. Жетінші сыныпты оқымай, бірден Шымкенттегі Бекзат Саттарханов
атындағы спорт мектебіне сегізінші сыныпқа қабылдандым.
– Сені бірден қабылдады ма сонда?
– Шымкентке кетпестен бұрын кішкентай інім ойнап жүріп, үйді өртеп алды. Жағдай нашар, қиыншылығы көп кезең еді. Əкем маған: «Балам, егер өз күшіңмен оқуға түсер болсаң, алдыңды бөгемеймін», – деді. Егер өз күшіммен оқуға түсе алмасам, ауылда қалатынымды əкем айтпай-ақ түсіндім. 2004 жылы Шымкентке келген соң емтиханды жақсы тапсырып, оқуымды ары қарай жалғастырдым.
– Қай спорт түріне бардың? Кімдер жаттықтырды?
– Бірден грек-римге барып, Александр Колесников жəне Хаким Мусаев деген жаттықтырушылардың қолында жаттыға бастадым. Жаспыз ғой, сегізінші сыныпта аса қиын жаттығулар болмайды. Оқуға барғанда бір-екі жыл мүлдем нəтиже көрсеткен емеспін. Өзім де аса бір мықты емес едім.
– Қалай көзге түстің? Ұстаздарыңның сенімін қалай ақтадың?
– Бізде күнде таңертең жаттығу болады. Стадионды он рет айналып жүгіресің. Мен сол жаттығуға балалардан бұрын барып, он рет стадионды айналып жүгіріп, олармен қосылып тағы да сонша жүгіретінмін. Кейбір балалар үш-төрт айналған соң маған: «Елмұрат, тоғызыншы айналымға келгенде айт», – деп еріншектігі ұстап, қараңғы қалтарыстарға тығылып қалатын. Таң бозынан стадионға баратындықтан, қараңғы қалтарыс жерлер болады. Сосын залға барып, алпыс реттен турникке тартыласың. Бруса жасайсың. Гир тасын артқа бірнеше қайталап лақтырып, жаттығулар істейсің. Балалар сабаққа кеткенде де жаттығу жасап, сабаққа кешігіп баратынмын. Кейде сабақта ұйықтап кетем. Тек математика сабағын жақсы оқығам. Ол мектеп директорының орынбасарының сабағы еді. 2006 жылдан бастап интернаттар арасындағы жарыстарға шыға бастадым. Облыстар арасында көзге көрініп жүрдім. 2007 жылы Қарағандыдағы жарыста жартылай финалда иығымды шығарып алдым. Бізде Мардан Сапарбаев турнирі болады. Сол жарыста 2007-2008 жылдары қатарынан жеңіске жеттім. Өзбекстанның, Қырғызстанның, басқа да Орталық Азия мемлекеттерінен келген палуандардың жауырынын жерге тигізіп жүрдім.
– Интернеттен сенің «мені қазақтар дұрыс бағаламады, жарыстарға жібермеді» деген сыңайлы өкпе, ренішің болғанын оқыған едім. Бұл қаншалықты рас сөз? Ол жерден кетуіңе не себеп болды?
– Сөздің ашығын айтқанда, мен жарыстарда көзге түсе бастадым. Азияға іріктеу басталар алдында Дəулет Тұрлыхановтың турнирі болды. Ол турнирде қарсыласымды жеңіп тұрсам да, аға жаттықтырушылардың барлығы бірауыздан Азияға жастар арасынан жарысқа қарсыласымды апаратын болып шешті. Олай шешім қабылдаған себебі, Новосибирскіде Александр Карелин деген атақты палуанның турнирі болды. Сол жарысқа Қазақстан атынан барған неше бала болса, соның бəрі жеңіліп, жаңағы жігіт бірінші орын алған. Мен оның алдында шетелге мүлде шықпағам. Сол үшін олар менен бас тартты. Бір айдан кейін спартакиада болып, бірінші орын алдым. 2008 жылы Ташкентте Азия чемпионаты болардан бұрын, Өзбекстаннан маған ұсыныс түсті. «Бізге кел, егер біздің екі баланы жеңсең, сені Азияға шығарамыз», –деді олар. Мен олардың спортшыларын жеңіп, Азияға шықтым. Алланың құдіретін қараңыз, Қазақстан атынан шыққан жаңағы жігітпен бірінші күресетін болдым. Оны аса қиындықсыз жеңдім. Жарыста бірінші болып алтын алып, сонымен осылай осы жақта қалып кеттік қой.
– Сенің сол кездегі жеңісіңе Шымкенттегі ұстаздарың не деді?
– Енді олар да қуанады ғой. «Қайда болсаң да аман жүр, біз сенің тілеуіңді тілейміз» деп айтқандары əлі есімде. Мен өзім бүгінгі жетістіктерімнің барлығы солардың арқасы деп ойлаймын. Себебі, маған осы спорттың ең бір мықты тəсілдерін, қаншама құпияларын солар үйретті. Егер мен Шымкенттегі Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектебінде оқымағанымда, кім біледі, қазіргі дəрежеге мүлде жетпеген болар ма едім?! Əрбір салада ең бірінші іргетас болады ғой, менің күрестегі іргетасымды солар қалап берді.
– Спортшылардың басым бөлігі жарыстарда қарсыласының есімі анықталғаннан кейін оның осал жағын іздеп, интернеттен түрлі видеороликтер іздейді дейді. Елмұрат, сен күресер алдында не істейсің? Сен де солай ізденіп, бейнетаспа ақтаратын шығарсың…
– Жоқ, мен олай жасамаймын. Себебі осы уақытқа дейінгі күресіп келе жатқан палуандардың 80 пайызы таныс. Əр жарыс сайын кездесіп, күресіп,
кімнің қалай əрекет ететінін біліп алғанмын. Жарыста қарсыласымның аты анықталған кезде оның тактикасына қарай өзімді дайындап, солай жеңіске жетуге əрекет етемін.
– Ұстаздарың қандай тапсырмалар береді?
– Олар көп сөз айта бермейді. «Күресетін сен, өз ақылың өзіңе жетеді. Қаншама жылдық тəжірибең бар», – дейді. Менің өзімнің тактикам бар. Əр жарыс сайын өзіме жоспар түземін. Соған қарай ұмтыламын. Ұстаздардың да бір-екі тапсырмасын басқаша істеймін. Неге десеңіз, күтпеген жерден қарсыласыңның əрекеттері өзгеріп шыға келуі бек мүмкін. Сондықтан көп жағдайда өз жоспарым бойынша жұмыс жасаймын.
– Риода жартылай финалда қалай жеңіліп қалдың? Əлде өзіңді дұрыс баптай алмадың ба?
– Олимпиада деген сол екен.Барлық жағдайлар бірден өзгеріп шыға келеді. Үлкен-үлкен абыройлы мықты кісілер келіп: «Давай! Сен жеңуің керек, сен жеңіске жетуге лайықсың» деген сияқты сөздер айтады да, сен өзіңе қатты сеніп кетеді екенсің. Өзіңе қатты сенгенің соншалықты, қарсыласыңды менсінбейтіндей сезім пайда болады. Жеңемін дей тұра, қалай жеңіліп қалғаныңды білмей де қаласың. Болмаса кешегі олимпиададағы кубалық И.Борерроны Ташкенттегі əлем чемпионатында мен 20 секундта алып ұрғанмын. Олимпиадада бəрі басқаша болып шыға келеді. Жан-жақтан жаңағыдай кісілердің «сəлемі» психологияға əсер ете ме, сондай бірдеңесі бар, əйтеуір.
– Үшінші орынға таласта қаншама қазақ сен үшін тақым қысты. Өзің қарсыласыңды жеңе аламын деп ойладың ба?
– Алладан сұрадым. Бұл жеңіс əке-шешемнің, ауыл-аймақ жəне сіздердің, бүкіл қазақтың дұға-тілектерінің арқасында келді деп білемін. Осынша еңбек, қаншама жылдық азаптан соң Алла мұндай жеңісті бұйырыпты. Лас-Вегаста əлем біріншілігінде жеңіліп қалдым. Сол əлем чемпионатына қатты дайындалған едім. Сенесіз бе, олимпиадаға да олай дайындалған емеспін. Лас-Вегастан Нью-Йоркқа, одан Ташкентке келіп, өлең төсегіме жеткенде де ұйықтай алмадым. Сондай бір күйзеліске түстім. Ешкіммен сөйлеспеймін, ешкіммен кездеспеймін. Керек десеңіз, күресті тастаймын деген де ойға бардым. Тек «Қалай жеңіліп қалдым? Неге бұлай болды?» деген сұрақ мазамды қашырып, ойымнан кетпей қойды. Телефон соққан ұстаздарыма да жауап бермедім. Бұл жарыстағы жеңілісім солардың кесірі деп ойладым. Себебі мені соңына дейін жаттықтырып жіберді. «Бұлай дайындалу дұрыс емес» деп те талай айттым. Құлақ аспай, «жаттық!» дей берді. Негізінде күресте жаттығуды тоқтатып барып, түлкіге бүркіт салғандай қып ашындырып апару керек. Ал мен соңына дейін жаттығу жасап, шаршап қалдым. Ұйқысыздық, күйзелістен шаршап, бір күні көзім ілініп кетті. Түс көрдім. Түсімде олимпиадада медаль алып, үстіме жалау жамылып жүгіріп барады екенмін. Ұйқыдан оянған соң шешеме: «Апа, киімдерім қайда? Мен жаттығуға кеттім», – дедім…Олимпиадаға іріктеу басталды. Екі қарсыластан жеңіліп қалдым. Соңғы үшінші лицензияға таласамыз. Алдымда əлі екі қарсылас болды. 2013 жылы Венгриядағы əлем чемпионатында мен үшінші орын алғанда бірінші орын алған спортшы. Лас-Вегаста да мені жеңген болгариялық палуан – Иво Ангелов. «Түсім алдады ма» деп ойланып қалдым. Бірақ екеуін де жеңіп, Риоға соңғы жолдаманы алып, қатты күйзелістен соң осылай қолаға қол жеткіздім. Бұл да оңайға соққан жоқ. Өздеріңіз көрген боларсыздар, финалдағы қарсыласым, қырғызстандық Арсен Ералиев мықты палуан. Бірінші раундта ол есе жіберіп, екінші раундта күшіне мінді. Ұпай санымен алға шығып алды. Соңына қарай бəрібір жеңуге тырыстым. Жеңдім. Қазір «сонда жеңіліп қалғанда не болар еді?» деп ойлаймын. Осыған да шүкір!
– Он жеті жылдан астам уақыттан бері күреспен айналысып келесің. Осы уақытта есіңде ерекше қалған жарыстар қайсы?
– Ерекше есте қалатын жағдайларды жақсы немесе жаман деп алар болсақ, ең алғаш Азияға шыққаным есімде. Былай қарасаң ол жай ғана жарыс секілді. Күнделікті жаттығудан айырмашылығы жоқ. Спорт мектебінде оқып жүргенде «анау Азияға барыпты, Тайпейге барыпты» деп еститінбіз. Жүлде алмаса да соған барып келгеннің өзі қандай абырой еді. Ол спортшыларды көру деген арман. Сол Азияға шыққан сəттер көңілімде сақталып, ерекше əсерлерімен қалыпты. Əр жарыстан келген сайын ауылдағылар естиді. Мектептің оқытушылары келіп: «Артыңнан ерген іні-қарындастарыңа өз тəжірибеңді айт», – деп шақырады. Барамын, балалар бəрібір тəтті ғой. Олардың қуанғанын көріп, шаршағаныңды ұмытып кетесің. Соларды көріп өзімнің де мектеп кезіндегі естеліктер есіме түсетін. Қазір де көпшілік адамдар көрсе: «О, Елмұрат! Азия чемпионы, олимпиада чемпионы», – деп арқамнан қағып жатады. Бірақ мен өзімді еш олай сезінбеймін. Сол баяғы бозбала секілдімін. Ал енді ең бір өкінішті сəтім – Америкадағы жеңілісім.
– Қазақ жастарына қандай кеңес айтасың?
– Біз де жас болдық. Ойнадық, күлдік. Əкеме рахмет айтамын. Бізді қатал ұстады. Əкемнің қаталдығы бүгінгі жетістікке жеткізді. Біздің бала кезімізді өтпелі кезең дейді ғой, сол бір шақтарда тойлардан қалдық, қаншама сауық кеші болды. Бəрінен бас тарттық. Қызықтардан қағылсақ та, солардың есесіне бүгінгі мəртебеге жеттім. Ол үшін əкеме, шешеме шексіз ризамын. Қаншама жастар құр ойын-тойдан зардап шегіп жатады. Спорт болсын, мейлі басқа сала болсын, шын ықыласыңмен əрекет етсең, ол бір күні өз жемісін береді. Ол хақ. Еңбегіңді ешкім жемейді, Құдай көріп тұр. Сондықтан қай жолды таңдайсың, оған деген ықыласың толық болмайынша, жеңіс тұғырынан көрінбейсің. Өз жетістігіңнің лəззатын сезінбейсің. Жастарға айтарым осы.
P.S. Елмұрат: «Интернетте мені «Түркістанда оқыған, анау-мынау» деген қате ақпараттар жүр. Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектеп интернатында тəлім алдым. Соны көпшілік біле жүрсін», – деп өтініш айтты. Кетерімде күнделігіме қолтаңба алып қалдым. Үйге кеп қарасам, «Елмұрат Тасмұрадовтан сəлем. Жайнай бер, Қазақстан!» – деп жазған екен…
Кейіпкеріміз жайлы толықтай мәлімет айтар болсақ: Елмұрат Зұлыпхарұлы Тасмұрадов 1991 жылы Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы Бостандық ауданына қарайтын Қызылту елдімекенінде өмірге келген. Әкесі Тасмұрадұлы Зұлыпхар, анасы Тәжібайқызы Замира – зейнеткер. Елмұрат 2012 жылы Оңтүстік Кореяның Куми қаласында өткен Азия чемпионатында
55 келі салмақта күміс медаль иеленіп, 60 келіге дейінгі салмақта қатарынан үш жыл қарсыластарын тізе бүктіріп, алтын иеленген (2013 – Дели, Үндістан; 2014 – Астана, Қазақстан; 2015 – Доха, Қатар). Әлем чемпионатында екі дүркін қола медаль жүлдегері (2013 – Будапешт, Венгрия; 2014 – Ташкент, Өзбекстан). Лондон-2012 олимпиадасына қатысқан. Рио-2016 олимпиадасында үшінші орын алды. Өзбекстан чемпионы. Қала берсе Өзбекстанның «Халыққа еңбегі сіңген спортшы» марапатымен марапатталған.
Кешегі Рио олимпиадасының қола медалі үшін Өзбек елі Елмұратқа ақшалай сыйақы ретінде 75 000 мың АҚШ долларымен қоса, елдегі ең мықты «Малибу» көлігін мінгізді.
Нұрғиса КАМАЛБЕК
Дерек көзі:zhasorken.kz
B. ZHAQSYMBET