Дзюдодан Астана қаласында өтіп жатқан әлемдік Гран-Придің бірінші күнінде жарыс жолына шығып, жеңімпаз атанған Елдос Сметовпен сұқбаттасудың сәті түскен еді. Отандасымыз жақында Инчхонда мәресіне жеткен Азия ойындарында да алтынннан алқа таққан болатын.
- Елдос жеңісің құтты болсын! Азия ойындарынан кейін араға көп уақыт салмай Гран-При турниріне қатысу ауыр соқпады ма?
- Рақмет. Азия ойындарынан кейін келесі жарысқа қатысуға тыңғылықты дайындығым болды. Бабымда қатыстым. Дегенмен, жарыс алдында аздап қобалжу болғаны рас. Өз жанкүйерлеріміздің алдында тек жеңіске жету үшін белдестім. Алла қолдап, айым оңынан туды. Олимпиада ойындарына берілер жолдама үшін ұпай тарататын жарыстың маңызы зор болды. Сондықтан жеңіс үшін барынша тырыстым.
- Бүгінгі қарсыластарыңның ішінде кіммен өткен белдесу өзіңе ауырырақ соқты?
- Спортта бәрі кездесіп жатады. Қарсыластар аса осал болған жоқ. Әсіресе, финалдағы моңғол дзюдошысы Амартувшин Даштавамен өткен белдесу оңай болды деп айта алмаймын. Даштава - өте мықты балуан. Жалпы, моңғолдардан мықты спортшылар, әсіресе дзодошылар көптеп шығады. Азиада финалында әлемнің қазіргі чемпионы, рейтингте бірінші тұрған балуанмен жолықсам, бұл жолы өткен жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегерімен белдестім. Бәрі де өзім ойлағандай жеңіспен аяқталды.
- Финалда моңғол дзюдошысы Даштаваның өкпелеп қол алмай қоюуы қызық болды. Мұны қалай түсіндірер едің?
- Ия, мен негізі моңғолға құрмет көрсеткен едім... Алақаныммен бетінен «қағып» «жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді» деп жұбатқан болатынмын. Ал ол болса мені атып ұрам деп шығып, сіркесі су көтермей тұрса керек-ті. Соған ренжіп қалды. Қол алмай қоюуының да себебі сонда жатыр.
(Ал белдесу аяқталғаннан кейін халықаралық дзюдо қауымдастығы атынан келген екі оператор өзара Елдос моңғол спортшысына ауыр сөз айтты-ау деп топшылап отырған болатын)
- Елдос алда қандай жоспарларың бар? Қандай жарыстар күтіп тұр?
- Алар асу мен басар белес алда. Жоспар да көп. Алда енді 2015 жылы Астана қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындаламын. Жанкүйерлер алдында еліміздің көк Туын қалықтатып, Әнұранын биікте шарықтатқым келеді. Сол додада топ жару – алдағы мақсаттарымның бірі.
- Рақмет, Елдос! Жеңістен жеңіске жете бер! Еліміздің абыройын әлемдік аренада асқақтата беруіңе тілектеспіз!
Елдостың финалдағы жеңісті сәтінен көріністер
Сұқбаттасқан: Өмірбек Сансызбай
Сурет: @massaget.kz