25 тамыз күні Жапония астанасы Токиода дзюдодан әлем чемпионаты басталады. Олимпиада алдындағы байрақты бәсекеде 11 балуанымыз бақ сынайды.
60 келіде ұлттық құраманың көшбасшысы, жақында Будапешттегі Гран При жарысында топ жарған Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев жүлдеге таласады. Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмақанов болса 66 келіде сынға түседі. 73 келі салмақ дәрежесінде Жансай Смағұлов, 90 келіде Ислам Бозбаев жарыс жолына шығады. 81 келіде де екі бірдей балуанымыз бағын сынап көреді. Атап айтқанда Дидар Хамза мен Руслан Мұсаев. Ал ауыр салмақта Айбек Серікбаев белдеседі.
Сондай-ақ аралас командалық сында Серік Ақылбек (73 келі), Ислам Бозбаев (90 келі) және Ерасыл Қажыбаев (+100 келі) ел намысын қорғайды.
- Дзюдодан Қазақстан командасы Бурабайдағы "Жақсы" спорт базасында дайындық өткізуде. Бұл әлем чемпионаты қарсаңындағы негізгі дайындық кезеңдерінің бірі. 16 тамызда Алматыға оралып, Новоалексеевкада тоғыз күндік жиын өткіземіз. Содан соң әлем чемпионатына аттанамыз, - дейді бас бапкер Айдын Смағұлов ҰОК баспасөз қызметіне.
Қазір Қазақстан командасы маусымдағы ең ірі спорттық додаға қызу дайындық үстінде.