Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Алматы қаласында жаңадан ашылған «Халық арена» спорт кешенін аралады. Сондай-ақ Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинмен, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуковпен, кәсіпқой боксшы Қанат Исламмен және 2014 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Тенмен кездесті. Кездесу барысында спортта орын алып жатқан әділетсіздіктер туралы да айта кетті.
- Қазақстан спортта қауқарлы ел екенін әлемге мойындатып үлгерді. Әділетсіздік орын алатын кездер де болады. Оған не істей аласың? Мұндай жағдайлар өмірде де кездесіп жатады. Біреуді допинг пайдаланды деп спорттан шеттетіп жатса, біреулерге рұқсат етілген. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі спортта әділетсіздік оқиғалары жетерлік. Өмірде де солай. Бастысы – күресу керек. Табыс тілеймін, - деді Елбасы.
Президент суда жүзу спортынан Олимпиада чемпионы атанған Дмитрий Баландиннің болашақ жастарға үлкен үлгі болғанын да тілге тиек етті.
- Оны (Дмитрий Баландин) көп жастар үлгі тұтып, соңынан ерері анық. Бізде жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакова бар, бұрын Ольга Шишигина болды, ал қазіргі кезде артынан ерушілер көрінбейді. Ата-аналар балаларын мектептерге беруі тиіс, біздің елде барлық жағдай жасалған. Еліміздің барлық өңірлерінде спорт орталықтары, балалар мен жасөспірімдерге арналған орталықтар мен алаңдар құрылған. Бассейндер салып жатырмыз, Астанада неше түрлі орталықтар салынды, - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, кеше Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Алматы күні қарсаңында «Алматы Арена» мұз айдынын ашқан болатын.