Бүгін түнде елордалық «Астана» Мадридте «Атлетикомен» кездеседі. Бір қызығы, қазақстандық клуб Испания астанасына қосалқы құраммен аттанған-ды. Мұны естіген жанкүйерлер мен спорт сарапшыларының пікірі сан түрлі болып отыр.
Бүгінгі ойынға Дмитрий Шомко, Марин Аничич, Рохер Каньяс, Бауыржан Жолшиев, Танат Нөсербаев, Неманья Максимович қатыспайды. Клубтың бапкерлер қосыны негізгі құрам ойыншыларын «Қайратқа» қарсы маңызды ойынға сақтап отыр. Өйткені, бұл кездесуде чемпиондық атақ мәселесі шешілуі бек мүмкін.
Клубтың топтық кезеңге шығуына барынша үлес қосқан ойыншылардың маңызды ойынға қатыспауы өкінішті екені рас. Футболшылар үшін де Мадридте доп тебу арман болып келгенін айтпасақ та болады. Алайда Алматыда өтетін ойында «Қайратқа» есе жіберу – келер маусымда Чемпиондар лигасына қатысу «бақытынан» айыратыны тағы бар. Алайда әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында бұл тақырып сан қырынан талқылануда. Енді соған кезек берейік.
Есей Жеңісұлы — «Айқын» газетінің шығарушы редакторы, спорт журналисі:
- Менің ойымша, Стойловтың өз еркіне салса, ол Мадридке негізгі құрамды апарар еді. «Астана» Чемпиондар лигасының топтық турниріне шығу арқылы Қазақстанның ғана емес, Стойловтың да даңқын көтерді. Бұған дейін осы мәртебелі турнирге «Левскиді» алып шығып, барлық кездесуде туы жығылған бапкер сол қатесінен қорытынды шығарғысы келмейді дейсіз бе? Бұл жерде одан да құдіреттілердің қалауы сол болып отыр — «Астана» 25 қазандағы «Қайратпен» өтетін матчта чемпиондық елесті нақты іске айналдырғысы келеді. Әттең, бұл әрекеттен басқа ешкім емес, қазақ футболы зардап шегеді. 2002 жылы УЕФА-ға өткенде, біз әр команданың аптасына кемі екі матч ойнайтынын білдік қой. Жеме-жемге келгенде, әлемдегі ең мәртебелі турнирді де құрбандыққа шалып, ішкі чемпионатты алға шығарып отырмыз. Әрине, «Астана» екінші рет чемпион атанса, Чемпиондар лигасының іріктеуіне тағы қатысады. Бірақ армандаған турнирдің топтық кезеңіне шығып алып, аузының сүті кеппеген жас балаларды ойнату кімге керек? 2007 жылы «Астана-1964» командасы да «Русенборгтан» өз алаңында ұтылып, сырт алаңда қосалқы құрам ойыншыларын ойнатып, 1:7 болғаны бізге аз ба? Әлде «Шахтер» сияқты, 2013 жылы «АЗ» командасымен Еуропа лигасының топтық турнирінде аралас құраммен ойнау бізге ұпай әкелді ме? УЕФА-ға мүше 54 елдің 20-дан астамы Чемпиондар лигасының топтық турниріне шығуды әлі армандап жүр. Біз шықтық екенбіз, неге азаматтарша ойнамаймыз? «Астананың» аралас құрамы «Атлетикоға» қарсы өте жақсы ойнап жатса қуанармыз, бірақ бәрібір көңілде дақ қалады. Чемпиондар лигасы — құрбандыққа шалатын турнир емес, - деп жазады jas.kz сайтына берген сұхбатында.
Бек Төлеуов, спорт журналисі:
- Алдағы демалыста «Астана» Алматыда «Қайратпен» кездеседі. Чемпиондықтың тағдыры шешілетін ойын. Сондықтан негізгі күшті сақтап отырғаны белгілі. Бірақ команданы топтық кезеңге алып шыққан ойыншыларды дәл Мадридте доп тепкізбеу дұрыс емес қой. Бұл жерде футбол ойнау кез келген ойыншы үшін бақыт емес пе? Әрине Атлетико сөзсіз мықты. Ұпай алуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Алайда өліп талып бірінші рет шыққанда Испанияда екінші құраммен ойнап жүргеніміз қаншалықты дұрыс? Енді Эрич, Жуков, Кабананга, Бейсебеков, Кетеовма, Мұжықов, Постников, Ахметовтерге сенім артамыз.
Жанкүйерлер пікірі де екіге жарылуда. Бірі – қосалқы құрамның шыққанын қолдаса, екінші біреулері кереғар пікірде. Ал өз кезегінде клубты бас жаттықтырушысы Станимир Стойлов қосалқы құрам ойыншыларына берілген мүмкіндік екенін баспасөз мәслихатында айта кетті.
- Жеті ойыншы Астанада қалды. Алда бізді «Қайратпен» маңызды кездесу күтіп тұр. Ал алып келген 15 ойыншы жоғары дәрежеде ойын өрнегін көрсете алатынына сенімдімін. Бұл қосалқы құрам ойыншыларына берілген үлкен мүмкіндік. Негізінен мен ойыншыларды қосалқы және негізгі құрам деп бөле бермеймін, - деді Станимир Стойлов.
«Астана» клубының аға жаттықтырушысы Григорий Бабаян болса Мадридке бармаған ойыншылар туралы кеңірек айта кетті.
- Мадридке бірнеше ойыншылар келмеді. Бауыржан Жолшиевтің осыған дейінгі екі сары қағазы бар. «Атлетикоға» қарсы ойында тағы алар болса, «Астана Аренада» бізге көмектесе алмайтын болады. Патрик Твумаси болса қызыл қағазына байланысты бұл ойындарға әлі қатыса алмайды. Танат Нөсербаев, Дмитрий Шомко, Неманья Максимович, Рохер Каньяс пен Марин Аничич Чемпиондар лигасы, ішкі біріншілік пен кубокта демалыссыз ойнап келеді. Сондықтан да оларды бұл ойынға шықпағанын жөн деп шештік. Оларға «Қайратпен» өтетін ойын алдында аздап демалыс керек, - деді жаттықтырушы.
Станимир Стойлов айтып кеткендей, «Астана» осыған дейінгі ұстанып келген ойын жүйесінде ойнамақ. Футболшылар «Висенте Кальдеронда» барын салады деген сенімдеміз. Мадридте «Астана» айды аспанға шығарып, төбеміздің көкке жеткенін тілейік. Ойын Астана уақытымен сағат 00:45-те басталады. Тікелей эфирде «Таң» арнасынан тамашалай аласыздар.
Қазақстандық клубқа бірге жанкүйер болайық. Алға, «Астана»! Асығың алшысынан түссін!