Астанада Дэвис Кубогына қатысушылар арасында жеребе тарту рәсімі болып өтті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы елордада Чехия құрамасын қабылдамақ. Сонымен, екі команда арасындағы матчты Михаил Кукушкин мен Ян Хайек арасындағы кездесу ашады. Одан соң кордқа Андрей Голубев пен Лукаш Росол шығады.
Жарыстың екінші күнінде жұптық сында Қазақстан атынан Евгений Королев пен Юрий Щукин чехиялық Радек Штепанек - Иво Минар жұбына қарсы ойнайды. Соңғы күні жекелей сында Королев - Росол өзара мықтыны анықтаса, ал Голубев чех Хайекке қарсы өнер көрсетеді.
Айта кетейік, команда капитандары матчқа бір сағат уақыт қалғанда құрамаға өзгерістер енгізуге де құқылы.
Естеріңізге салсақ, Дэвис Кубогы аясындағы Қазақстан мен Чехия арасындағы матч 5-сәуір күні өтеді. Ұлттық құрамаға Михаил Кукушкин, Евгений Королев, Андрей Голубев және Юрий Щукин сияқты теннисшілер кіреді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: ktf.kz