Денис Тен жаңа маусымға жаңа бағдарлама дайындап жатыр

Денис Тен жаңа маусымға жаңа бағдарлама дайындап жатыр
Фото: massaget.kz

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен жаңа маусымға жаңа бағдарлама дайындап жатыр. Бұл туралы спортшының «вконтакте» желісіндегі ресми парақшасы хабарлады.

"Мен әртіс емеспін. Мұз айдында да шын келбетіммен өнер көрсетіп келемін. Осыған дейін жұрт алдында көрсетіп келген жарыстағы бағдаламаларымда бетперде киіп, қандай да кейіпкерді сомдаған емеспін. Өзіме жоғары мақсат қойып, соған жету жолында талпынамын".

Денис Тен ұстанымдары туралы ғана айта кетпей, жаңа маусымдағы жаңа бағдарламасы туралы да жазды.

- Өткен жылғы «Карузо» мен «Жібек жолы» еркін бағдарламаларым арқылы қайта туылғандай болдым. Ал бұл маусымға да ерекше бағдарлама дайындап жатырмын. Екі бағдарлама да маусым соңына қарай өзім алға қойған биігінен көрінеді деген сенімдемін. Қысқа бағдарлама оңайлау болса, еркін бағдарлама күрделілеу - деді.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы қазір АҚШ-тағы «Toyota Sports Center» кешенінде дайындалуда. Аздап жарақатына байланысты жаттығуын тоқтата тұрғаны туралы да жазды. Сондай-ақ Канаданың Барри қаласында өтетін «Autumn Classic» турниріне қатыспайтынын хабарлады.

Денис Тен әзірге күзде екі Гран-При турниріне қатысуды жоспарлап отыр. Оның бірі - «Skate America» додасы болса, екіншісі - «Trophée Bompard».

«Skate America» Гран-При додасы 23-25 қазан аралығында АҚШ-тың Милуоки қаласында өтеді. Жарысқа Брендан Керри (Австралия), Хан Ян (Қытай), Флоран Амодио (Франция), Такахито Мура (Жапония) және Сема Уно (Жапония) сынды спортшылар қатысуға өтініш берген. Ал Бордодағы (Франция) «Trophée Bompard» Гран-При турнирі қарашаның 13-15 аралығында өтеді. Бұл жарысқа Денистен өзге Патрик Чан (Канада), Дайсуке Мураками (Жапония), Сема Уно (Жапония), Максим Ковтун (Ресей) және Флоран Амодио (Франция) қатысады деп жоспарланған.

О. Сансызбай