Мәнерлеп сырғанаудан отандасымыз Денис Тен Әлем біріншілігің қысқа бағдарламасында екінші орынға қол жеткізіп, күміспен күптелді.
Канаданың Лондон қаласында басталған бұл байрақты бәсекенің жекелей сынына өнер көрсететін 20 жасар Денис Тен жалпы есепте 91,56 ұпай жинады. Ал бұл кезеңнің жеңімпазы канадалық спортшы Патрик Чан болды. Ол қорытынды есеп бойынша, төрешілердің шешімімен 98,78 ұпай жинады. Үздік үштікті тағы бір «Үйеңкі жапырақ» елінің өкілі Кевин Рейнольдс түйіндеді. Оның еншісінде – 85,16 ұпай.
Айта кетейік, тап осы додаға қатысқан екінші жерлесіміз Абзал Рахымғалиев алғашқы айналымда 59,14 ұпай жинап, 28-орынға табан тіреді. Сол себепті де Абзал еркін бағдарламадан тыс қалды. Ертең ер спортшылар қос сайыстың екінші жаттығуында сынға түседі. Денис Тен бұл бағдарлама бойынша да көш басшылардың қатарында айдынға шығады.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: neweurasia.net