Дені саудың – жаны сау

Дені саудың – жаны сау
Фото: Ақын Ордабайұлы

«Асқан байлық не керек, денсаулығың болмаса» - деген ойдың мағынасына мән берсек, денсаулықтың  қадірін кей кезде кеш біліп, соның зардабын кеш сезінеміз. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуді кейде ұмытып жатамыз.

Ауырмау үшін спорттың, дене қимылының адам өмірінде алар орны ерекше екені жақсы білеміз. «Адам денесінің жетілуі - оның денсаулығы; егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сыр берсе, онда денді сауықтыру керек» -деп денсаулықтың қадірі туралы ұлы шығыстың ойшылы Әл-Фараби асқан білгірлікпен айтқан екен. Өткен сенбіде спорт күніне орай, еліміздің әр аймағында денсаулықты жақсартуға арналған көптеген шаралар ұйымдастырылды. Сондай ауқымды спорт мерекесінің бірі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде болып өтті.  «Денсаулық күні» Спартакиадасы деп атау алған бұл спартакиада "Спартак" стадионында ұйымдастырылып мерекелік көңіл-күймен жалғасты.

Жарыстың  салтанатты ашылуында сөз сөйлеген университет ректоры Тахир Оспанұлы Балықбаев; «Спорттың қоғамда әсіресе студенттер арасында алар орны ерекше»- екенін айырықша айтып кетті. Расында да дені сау ұрпақты тәрбиелеу еліміздегі жоғары оқуы орындарының алға қойған негізгі мақсаттарының бірі болып табылады.

Жастар біздің  келешегіміз десек, сол жас буынның Отан қорғайтын қайраты кемел, саналы азамат болып өсу үшін білімімен қоса спортты бірге қоса алып жүргенде ғана қуатты қоғам қалыптастыны белгілі. Осы орайда, спорт күніне орай, ұйымдастырылып отырған  дүбірлі де думанды шара үлкен әсер қалдырды.

Бұл  күні спорт алаңының әр бұрышында тартысты спорт бәсекелері қызу жалғасты.  Негізі  аталған спартакиада университеттің оқытушы профессор  ұстаздары, қызметкерлер құрамалары мен  студенттер құрамалары  арасында өрбіген еді. Айталық, 50 ден аса ұстаздар мен қызметкерлер спорттың: шахмат, стол теннисі, волейбол, жеңіл атлетика түрлерінен күштерін сынап көрсе, 900  студент қазақ күресі, шағын футбол, қол күрестіру, тоғызқұмалақ, стол теннисі және жеңіл атлетика  секілді түрлерінен сын  алаңдарына шығып жеңіс үшін жан аямай  шеберліктерін көрсетті.

Жуырда Талдықорған қаласында студент жастар арасында республикалық спартакиада жалауын көтергені белгілі. Сол байрақты бәсекеге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің талантты студент  жастары да жеңіс жолында өз өнерлерін көрсетуде. Сондай ел біріншілігінде  университет намысын қорғайтын дарынды жастар осындай ішкі жарыстарда суырылып шығып көзге түсу керек екендігін жақсы біледі. Сондықтан да қалай да озып алға шығып жеңіске жетудің бағасы өте зор.  

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінің  Сауықтыру дене мәдениеті кафедарасының меңгерушісі Амантай Қарақовтың  қарамағында жаттығатын шәкірттері қаларалық сайыстарда табысты өнерлерімен унверситет атын барынша танытып келеді. Сондықтан да  студенттер үшін тәжірбиелерін шыңдай түсуге осындай тартысты ішкі спартакиаданың берері мол.

Сонымен жарыс қорытындысы бойынша, студенттер арасында 1-орынды Филология және көп тілді білім беру ниституты , 2-орынды Математика информатика және физика иниституты, 3-орынды Өнер мәдениеті және спорт иниституты жеңіп алса, Қызметкерлер мен профессор оқытушылар құрамалары арасында 1-орынды  Өнер мәдениеті және спорт иниституты, 2-орынды Жаратылыстану және география иниституты және физика иниституты үздік шығып, университеттің әзірлеген құрмет марапаттарына ие болды. Сонымен бірге жарыс соңында әр спорт түрлерінен топ жарып көпшіліктің ризашылығына бөлінген студенттерде айрықша аталып өтті.

Қоңыр күздің шуақты бір күнінде өткен аламан спорт ойындары тамаша көңіл күймен мәресіне жетті. Жалпы, «Денсаулық күні» Спартакиадасы жалпы саламатты өмір сүру және спорттың денсаулыққа қаншалықты пайдалы әсер ететігіндігіне тартысты өткен кездесулер арқылы көз жеткіздік деп толықтай сеніммен айтуға болады.

«Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» - деген екен А.Шопенгауер. Ендеше сол бақытымызды денсаулығымыздан табу үшін, осындай  пайдасы шексіз спорт шараларына белсене қатыса отырып, салауатты өмір сүруге ерекше мән бергеніміз ләзім.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

О. Сансызбай