- Негізгі бет
- Маккала
- Чемпиондар Лигасын кім...
Чемпиондар Лигасын кім жеңеді?
2013-2014 жылдың Чемпиондар Лигасында жеңімпаз атануға лайықты командалар қатарында бір емес, бірнеше алпауыттарды атауға болады. Бәрі мықты, бәрі тыңғылықты дайындықпен келген. Сонда да, кім жеңімпаз атануы мүмкін?
"Бавария" жеңімпаз атанады деуге ешкімнің аузы бармайды. Азулы клубтың тізгінін Пеп Гвардиола ұстағалы бері "неміс машинасынан" бақ кете бастағандай. Ойын мәнері жұмсарып бара жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Германияда жаңа "Барселона" түзіліп келе жатқандай әсер қалдырады. Алғашқы әсер болуы да мүмкін, өйткені, испандық маман жаңа жетістіктерге жеткізу үшін барды. Тіпті, күні бұрын баратынын біліп жүрді. "Блаугрананың" бапкерлігінен кеткен соң, арада бір жылды неміс тілін үйренуге, өз әдіс-тәсілін жетілдіруге жұмсаған болар. Шыны керек, қазіргі қадамы көпшілікті қуантпайды.
Немістің екінші алпауыты "Боруссияның" да биылғы аяқ-алысы жаман емес. Мхитариян мен Обмеянг секілді серкелер Гетценің орнын жауып, мықты ұжымға жаңа тыныс беруде. Бапкерлік құрамдағы жандардың жұмысы көңіл қуантады. Тек, бап шаба ма, бақ шаба ма деген сұраққа келгенде, Клопп бапкердің тәлімгерлері жұлдызы жанбайтындай көрінеді...
"Барселонаға" жаңа жаттықтырушы тағайындалғалы бері, "каталондық" клубтың ойын мәнері түсініксіз күйде қалып отыр. Қатарға Неймар келіп қосылғанмен, әзірше Мессидің көлеңкесінде қала тұруды құп алғандай. Дегенмен, айды аспаннан шығарған азулы клуб чемпиондыққа үміткер ме деген сұраққа келгенде, бас қататыны анық. Сөйтсек, "Барселонада" әлі шешуі бітпеген, ойландыратын-толғандыратын мәселелер бар екен.
Бенитес баптаған "Наполидің" ойыны қуантады. Ұжым іші жаңарған соң, "Наполи" аренада ұзаққа шабатын секілді. Игуаин мен Колехан барған соң, тіптен күшейе түскені сөзсіз. Оның үстіне, Бенитес бапкердің әр төрт-бес жылдың бір атын шығарып қоятын әдеті бар. Құдай қолдап жатса, италияндық команданың жартылай финалға шығуға мүмкіндігі бар.
Чемпиондыққа үміткерлердің санатында "Манчестер Юнайтед" тұр. Қатарға Маруан Феллайни келіп қосылғалы, "қызыл сойқандардың" ескі жарасы біте бастағандай. Өткен жылы қарсылас қаратпаған, алайда, бағы шаппаған алпауыттың осы жылы көп нәрседен дәмесі бар. Мойес бапкердің де біліктілігі шүбә келтірмейді. Ендеше, таңдаулы ұжым финалға шығып жатса, таңғалмаңыз...
"Реалдың" бұл жылы бар шаруасы құрамды реттестірумен кететіндей. Өйткені, кіл мықтының арасында көктемгі алауыздықтан соң көгерген әңгімелер қалып кеткен секілді. Жозе де кетерін білген соң, "корольдік клубты" күйретіп кете барды. Анчелотти бапкер қолдан келгеннің бәрін жасауда. Бэйл келіп қосылды. Айтулы ойыншылар ұжымдық өнер көрсетіп жатса, финалдық бөлікке шығып та қалар...
Автор: Фараби Арыстанбек
Сурет: dailycontributor.com
Л. Лига