- Негізгі бет
- Маккала
- Чемпиондар лигасы. Тарихи...
Чемпиондар лигасы. Тарихи сәт жақындап келеді
Бүгін футболдан Еуропаның басты бәсекелерінің бірі – Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі төртінші кездесулер өтеді. Ал біз әдеттегідей, ойындар алдындағы шолуымызды ұсынамыз.
«Зенит» есесін қайтара ма?
«С» тобында қарсыластарынан аса ұзап кеткен команда жоқ. Тек лиссабондық «Бенфика» ғана бір ұпаймен қалып отыр. Екі апта бұрын ресейлік «Зенит» Леверкузенде жергілікті «Байерден» екі доп айырмасымен жеңілген-ді. Бүгін Андре Виллаш-Боаш шәкірттері сол есені қайтаруға талпынып көрмек. Ойын Астана уақытымен сағат 23:00-де басталады. Бас қазы қызметін испандық Ундиано Мальенко атқарады. Спорт сарапшылары пікірінше, бүгін ресейлік клуб жеңілмейді деп күтілуде.
«Бенфикаға» ұпай керек...
Лиссабондық клубтың ішкі біріншілікте асығы алшысынан түсіп тұрғанмен, Чемпиондар лигасындағы жағдайы мәз емес. Бүгін «Монакоға» ұпай «сыйлап» жіберер болса, Еуропа лигасына шығу мүмкіндігі де азая түсері сөзсіз. Сондықтан Жорже Жезуш командасына жүйелі әрі нәтижелі ойын көрсету керек. Француздық клуб та осал емес. Тағы да тең есеп тіркелуі ғажап емес.
«Атлетиконы» не күтіп тұр?
Диего Симоене командасына қарсы «Мальменің» ұпай еншілеуі оңай соқпайтыны белгілі. Екі апта алдын «Висенте Кальдеронда» ірі есеппен жеңілгенмен, бүгін швециялық клуб қонақтарға тосын сый жасауы бек мүмкін. «Атлетико» адуынды клуб саналғанмен, Скандинавия түбегінің өкілдері қорғаныста сәтті өнер көрсете білетін ұжым. Оның үстіне өз алаңында жоғарғы нәтиже көрсетіп жүрген клубтар қатарынан. Футбол мамандары бұл ойында көп гол соғылмауы мүмкін деп топшылауда.
«Ювентусты» сын сағаты күтуде
«А» тобында туриндік клубтың жағдайы мәз емес. Бүгін «Олимпиакоспен» өткізетін ойыны аса маңызды. Өйткені, екі апта бұрын Пирейден ұпайсыз қайтқан еді. Жеңілер болса, топтан шығуға мүмкіндігі азаяды. Ал гректерге топтан шығу мүмкіндігін жоғарылату үшін сәттілік жолдас болса болғаны.
«Арсенал» - айқын фаворит!
Лондондық «Арсенал» бірінші ойында да фаворит саналған. Бірақ, бельгиялық клуб өз алаңында соңғы минуттарға дейін жеңіске жетіп тұрып, жеңіліп қалған еді. «Андерлехт» енді ағылшын жерінен ұпай арқалап қайтуға дәмелі. Өйткені, қонақтардың топтан шығу мүмкіндігі жоқ десек те болады. Тек үшінші орын алып, Еуропа лигасына жолдама алуға талпынса болғаны.
Бүгін «өзге» «Боруссия» ойнайды...
Бундеслигадағы дортмундтық «Боруссияның» жағдайы мүлде нашар. Қыркүйек айынан бері Юрген Клопп командасы ішкі біріншілікте жеңіс дегенді ұмытты. Бірақ, клуб Чемпиондар лигасында түлеп салады. Әзірге өткізген үш ойында да жеңіске жетіп, көш бастап тұр. Екі апта бұрын «Галатасарайды» 0:4 есебімен тізерлеткен-ді. Бүгін сол есесін түркиялық команда қайтарады деп болжау қиын.
«Базель» бабы келіспей жүр
Бірінші ойында «Лудогорецтен» ұтылған швейцариялық клуб бүгін есе жіберсе жағдайын қиындатып алмақ. Оның үстіне, «Ливерпуль» екінші жолдамаға үміткер фаворит саналғанмен, бұл екі клубтың да топтан шығуға мүмкіндігі зор. Сондықтан бүгінгі тартысты кездесуде қай клубтың бағы жанады, қай клубтың бабы келісетінін дөп басып айту қиын.
Роналду Раульды басып озуы мүмкін
Бүгін Чемпиондар лигасы тарихындағы ең үздік сұрмерген есімі жаңаруы мүмкін. Қазіргі таңда бұл атақ әйгілі Рауль еншісінде. Ол Чемпиондар лигасында 71 гол соққан. Жақында Роналдудың да 71 гол соққаны туралы ақпарат жарияланған-ды. Бірақ, әлі ресми емес көрінеді. Сондықтан, бүгін «Реал» ойыншысы дубль авторы атанып жатса, тарихи сәттің орын алары даусыз. Португалиялық сұрмерген соңғы 12 ойынында гол соқпай алаңнан шығып жатқан жоқ. Сонымен қатар, «Барселона» көшбасшысы Мессидің де бұл белесті бағындыруға мүмкіндігі жоғары. Әзірге оның еншісінде 69 гол бар. Каталондық клуб ертең «Аякста» қонақта болады.
Бүгін «Сантьяго Бернабеуде» «Ливерпульды» қабылдайтын «корольдік клубтың» жеңісіне шүбә келтірушілер аз. Ағылшындық клубтың ойын жүйесі оңалмай келе жатқаны рас. Брендан Роджерс Суарестің орнын басады деп күткен «Супер Марио» сылбырт ойнап жүр. Ал Рахим Стерлингтің асырып жүрген пастары шабуыл шебінің аса белсенділігінің байқалмауынан зая кетіп жүр. Не де болса «Ливерпульдың» да ұпай үшін таласатын сын сағаты жақындап келеді. Ойынды "КТК" арнасынан тамашалай аласыздар.
«Зенит» пен «Байер» кездесулерінен өзге ойындар Астана уақытымен сағат 01:45-те басталады.
Сурет: sports.ru, goal.net.ua, eurosport.ru
О. Сансызбай