Чемпиондар Лигасы. Соңғы кездесулер

Чемпиондар Лигасы. Соңғы кездесулер

Бүгін Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінің соңғы кездесулері өтеді. Кей командалар топтан шығу мәселесін шешіп қойса, кей топтарда тартыс бүгін және ертең жалғасын таппақ. Ендеше назарларыңызға кездесу алдындағы болжамдарды ұсынамыз.

«А» тобы


«Манчестер Юнайтед» (Англия) - «Шахтер» (Украина)

Бұл топтан келесі кезеңге жолдама алатын, және Еуропа Лигасында бақ сынайтын команда бүгін анықталады. Донецкілік «Шахтер» ағылшын жерінде «қызыл сойқандармен» кездеседі. Кездесу екі команда үшін де маңызды. Әсіресе украиналық команда Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңіне шығу үшін барын салатыны анық. Дегенмен Дэвид Мойес шәкірттері премьер-лигадағы соңғы кездесулерін сүреңсіз өткізуде. Бүгін «Олд Траффордта» сол қателіктерін жанкүйерлерін алдында тағы қайталар болса, команда тұңғиыққа тағы бата түспек. Алайда манкуниандар жеңіліске жол бере қоймайтындай. Футбол мамандары кездесуде 1:1 есебі тіркеледі деп болжам жасауда.

Кездесу алдындағы командалар құрамы:

МЮ: Де Хеа — Рафаэл да Силва, Фердинанд, Эванс, Бюттнер — Фил Джонс, Андерсон — Валенсия, Уэлбек, Заха — Руни.
Шахтер: Пятов — Срна, Кучер, Ракицкий, Шевчук — Дуглас Коста, Хюбшманн, Фернандо, Бернард, Алекс Тейшейра — Луис Адриано.

«Реал Сосьедад» (Испания) – «Байер» (Германия)


Чемпиондар Лигасына қатысқан испан командалары ішінде сан-себастяньдық ұжымның бағы жанбады десек болады. Еншісінде жалғыз ғана ұпай бар. Ал олардың бүгінгі қарсыласы оңай шағылар жаңғақ емес. Леверкузендік команда қазіргі таңда бундеслигада екінші орында келеді. Соңғы турда дортмундтық «Боруссияны» тізе бүктірді. Бұл Сами Хююпя баптайтын команданың кездесудегі фаворит санауға болады деген сөз. Оның үстіне ұпай командаға ауадай қажет. Дегенмен мамандар кездесуде 2:2 есебі тіркеледі деп болжауда.

"A" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.   Манчестер Юн        5 3 2 0 11:3 11
2.   Шахтер Дн 5 2 2 1 7:5 8
3.   Байер 5 2 1 2 8:10 7
4.   Реал Сосьедад 5 0 1 4 1:9 1

«В» тобы


«Галатасарай» (Түркия) - «Ювентус» (Италия)

Жеңгені – Чемпиондар Лигасы, жеңілгені – Еуропа Лигасы...Дегенмен бір «ғажайып» жасап жатса, «Копенгагенның» да мүмкіндігі жоқ емес. Түріктер өз алаңында туриндік команданы жеңе ала ма?...»Ювентус» ойындағы фаворит саналады. Келесі кезеңге өту мүмкіндігі де молдау. Тең есеп те ұжымды қанағаттандыра алады.

«Копенгаген» (Дания) - «Реал» (Испания)


Бүгінгі кездесуге Роналду шығады деп күтілуде. Егер португалдық футболшы бүгін бір гол соғар болса, Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіндегі ең көп гол соққан ойыншылар көшін бастайды. Сонымен қатар Бэйл мен Алонсо да ойынға дайын көрінеді. Ал дат командасына бір ұпайдың өзі маңызды рөл атқарады. Өйткені, Роберто Манчини командасы «Ювентустан» жеңіліп жатса, «Копенгагенның» Еуропа Лигасына шығуға мүмкіндігі бар.

"B" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.   Реал 5 4 1 0 18:5 13
2.   Ювентус 5 1 3 1 9:8 6
3.   Галатасарай     5 1 1 3 7:14 4
4.   Копенгаген 5 1 1 3 4:11 4

«С» тобы


«Бенфика» (Португалия) – «ПСЖ» (Франция)

Бұл топтағы жағдай да «А» тобындағыдай. «Бенфика» не «Олимпиакос». Бірі - Чемпиондар Лигасы, бірі – Еуропа Лигасы. Лиссабондық командаға келесі кезеңге шығу оңай соқпай тұрғаны анық. Өз алаңында азулы «ПСЖ» командасын қабылдайды. Дегенмен доп – домалақ. Оның үстіне париждік команданың бас бапкері Лоран Блан негізгі ойыншыларды алаңға шығармаймын деген болатын. Олардың қатарында Златан Ибрагимович, Вератти, Алекс және Тиаго Сильва бар. Бұл дегенің – «бүркітін қомдап ұшыратын» алаң иелеріне берілген тағы бір мүмкіндіктей.

«Олимпиакос» (Грекия) – «Андерлехт» (Бельгия)


Грек елінің командасы бұл маусымда сәтті өнер көрсетіп келеді. Қолдан ештеңені жоғалта қойған жоқ. Сонымен қатар өз алаңында да белсеніп ойнай алады. Плей-офф кезеңіне шығу – команданың бүгінгі басты мақсаты. Бельгиялық команда адам сенбес айтулы кездесуін сыйламаса, алаң иелерін жолынан тайдырады деп айту қиын.

"C" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.   ПСЖ 5 4 1 0 15:3 13
2.   Олимпиакос      5 2 1 2 7:7 7
3.   Бенфика 5 2 1 2 6:7 7
4.   Андерлехт 5 0 1 4 3:14 1

«D» тобы


«Бавария» (Германия) – «Манчестер Сити» (Англия)

Бұл екі команда да топтан шығу мәселесін әлдеқайда шешіп үлгерді. Неміс ұжымы әлі жеңіліс таппаса, манчестерлік команда топта Пеп Гвардиола шәкірттеріне ғана жол берді. Өз алаңында кеткен есені Мануэль Пеллегрини командасы қайтара алар ма екен?

Кездесу алдындағы командалар құрамы:

«Бавария»: Нойер, Рафинья, ван Бюйтен, Ж.Боатенг (Данте, 61), Алаба, Тьяго Алькантара Т.Кроос, Т.Мюллер, Гетце, Рибери, Манджукич.

«Манчестер Сити»: Пантилимон, Сабалета, Демичелис, Компани, Коларов, Фернандиньо, Яя Туре, Милнер, Насри, Негредо, Агуэро.

«Виктория Пльзен» (Чехия) – «ЦСКА» (Ресей)


Ресейлік команданың қоржынында үш-ақ ұпай бар. Оны да бүгінгі қарсыластарынан иеленген. Мәскеуде өткен алғашқы кездесуде чех командасы қақпашысының қателігінен кейін алаң иелері жеңіске бастар жолды тапқан еді. Бүгінгі кездесуде «Виктория» аздап басымдыққа ие секілді. Өйткені ресейлік команда соңғы кездесулерінде жүйелі ойынымен көзге түсе алмауда. Букмекерлік орталықтар кездесуде 2:2 есебі тіркеледі деп болжам жасауда.

"D" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.   Бавария 5 5 0 0 15:2 15
2.   Манчестер Сити    5 4 0 1 15:8 12
3.   ЦСКА 5 1 0 4 7:15 3
4.   Виктория П 5 0 0 5 4:16 0

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: footballtop.ru, vk.com

О. Сансызбай