Чемпиондар лигасы. «Манчестер Сити» «Ливерпульдың» кебін кие ме?

Бүгін футболдан Чемпиондар лигасының топтық кезеңі мәресіне жетеді. Ал біз әдеттегідей, кездесулер алдындағы шолуымызды ұсынамыз.

«Е» тобы

Жеребе тартылған сәттен кейін-ақ бұл топта мюнхендік «Бавария» мен ағылшындық «Манчестер Сити» фаворит саналған. Ал римдік «Рома» болса Еуропа лигасына өтсе, мәскеулік «ЦСКА» соқыр ұпай иеленбеуі мүмкін деп болжанған еді. Бірақ, «Е» тобы сарапшылар болжағандай болып шыққан жоқ...

«Е» тобында плей-оффтың бір жолдамасын Хосеп Гвардиола шәкірттері иеленіп үлгерді. Сондықтан бүгін «Альянс-Аренада» ресейлік клубқа қарсы ойынның алаң иелері үшін маңызы жоқ десек те болады. «Бавария» екінші құраммен-ақ өнер көрсетуі мүмкін. Бәлкім, испандық маман ойлап жүрген өзінің эксперимент ойын жүйесін ұстануы да ғажап емес. Ал ресейлік команда үшін бүгінгі кездесудің маңызы жоғары. Өйткені, жеңіске жетіп, немесе тең ойнап жатса, Чемпиондар лигасының немесе Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шығуына болады. Ал жеңілсе, еурокубок ойындарымен қош айтысатын болады.

Негізінен бұл топтағы Чемпиондар лигасының екінші жолдамасы Римдегі кездесуде шешіледі деп күтілуде. Жергілікті «Рома» «Манчестер Ситиді» қабылдайды. Алаң иелерін 0:0 есебі де қанағаттандырады. Өйткені, «ЦСКА» командасын Мюнхенде жеңіске жетеді деп айту қиындау. Соңғы кездері римдік клубтың қорғанысы сыр беріп жүр. Ал «Манчестер Сити» де ала-құла ойындарымен есте қалуда. Серхио Агуэроның жарақат алуы мен Яя Туренің ойынға қатысу мүмкіндігінің болмауы - клубқа айтарлықтай қиындық тудырып отырғаны анық. Десе де футбол мамандары Мануэль Пеллегрини командасы жеңіске жетеді деп болжауда. Есеп 1:2 болуы ықтимал деген болжамдар айтылуда. Бірақ, ағылшындық клуб үшін қиындау...

"E" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай     1.    Бавария 5 4 0 1 13:4 12 2.    Рома 5 1 2 2 8:12 5 3.    ЦСКА 5 1 2 2 6:10 5 4.    Манчестер Сити     5 1 2 2 7:8 5


«F» тобы

Бұл топта Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан екі команда анықталып қойған. Ал Еуропа лигасы жолдамасына «Аякс» пен «АПОЭЛ» таласады.

Париждегі бірінші кездесуде жеңіліс тапқан «Барселона» бүгін «Камп Ноуда» «ПСЖ» командасын қабылдайды. Екі команда топтағы бірінші орынға таласатын болады. Каталондық клуб жеңіске жетіп жатса, сегізінші маусым қатарынан топтан бірінші орынмен шығады. Негізінен «блауграна» өз тарихында париждік клубты жеңіп көрмеген. Екі ұжым да Чемпиондар лигасында ең көп дәл пас беретін командалар қатарынан. Ойындағы бір қателік ойын тағдырын шешіп кетуі әбден мүмкін.

Нидерландының «Аякс» футбол клубы мен кипрлік «АПОЭЛ» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шығу үшін ұмтылатын болады. Ойын Амстердамда өтеді. Сондықтан алаң иелері сөзсіз фаворит саналуда.

"F" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай     1.    ПСЖ 5 4 1 0 9:4 13 2.    Барселона   5 4 0 1 12:4 12 3.    Аякс 5 0 2 3 4:10 2 4.    АПОЭЛ 5 0 1 4 1:8 1

 

«G» тобы

Бұл топта лондондық «Челси» плей-офф кезеңіне V турдан кейін өткен еді. Екінші жолдама бүгін «Спортинг» немесе «Шалькенің» біріне бұйыруы мүмкін. Сонымен қатар, «Марибордың» да Еуропа лигасына шығуға мүмкіндігі бар.

Жақында ғана маусымдағы алғашқы жеңілісінің ащы дәмін татқан «Челси» бүгін өз алаңында лиссабондық «Спортингпен» кездесу өткізеді. Алаң иелері үшін аса маңызға ие ойын болмаса да, қонақтар үшін шешуші маңызға ие. Тең есеп те португалдық клубты қанағаттандырады. Егер ұпай жоғалтып, Словенияда «Шальке-04» жеңіске жетсе, «Спортинг» Еуропа лигасында бақ сынайтын болады.

Словениялық «Марибордың» да Еуропа лигасын жалғастыруға мүмкіндігі бар. Ол үшін бүгін өз алаңында гельзенкирхендік «Шалькені» ұту керек. Неміс ұжымы да жеңіс үшін тер төгетіні анық. Өйткені, олардың Чемпиондар лигасының топтық кезеңінен шығуға мүмкіндігі жоғары.

"G" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс          Голдар         Ұпай     1.    Челси 5 3 2 0 14:2 11 2.    Спортинг 5 2 1 2 11:9 7 3.    Шальке-04     5 1 2 2 8:14 5 4.    Марибор 5 0 3 2 4:12 3


«Н» тобы

«Н» тобындағы Чемпиондар лигасының екі жолдамасы V тур ойындарынан кейін шешіліп қойды. Тек бильбаолық «Атлетик» пен борисовтық «БАТЭ» ғана Еуропа лигасының жолдамасын иеленуге талас жүргізетін болады.

Бүгін Португалияда «Порту» мен донецкілік «Шахтер» кездеседі. Екі ұжым үшін де бұл кездесу шешуші мәнге ие емес. Топтағы бірінші кездесулерінде 2:2 есебі тіркелген болатын.

Топтағы екінші ойын Бильбаода өтеді. Жергілікті «Атлетик» беларустық «БАТЭ» клубымен кездеседі. Араларын бір ұпай бөліп тұрған ұжымдар Еуропа лигасына берілер жолдамаға таласады. Естеріңізде болса, топтағы бірінші ойында «БАТЭ» 2:1 есебімен жеңіп, испандық ұжымды сан соқтырған еді. 

"H" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай     1.    Порту 5 4 1 0 15:3 13 2.    Шахтер Дн     5 2 2 1 14:3 8 3.    Атлетик Б 5 1 1 3 3:6 4 4.    БАТЭ 5 1 0 4 2:22 3


Барлық кездесулер Астана уақытымен түнгі сағат 01:45-те басталады.

Сурет: AFP,interfax.by, soccer.ru