Бір күннен кейін 2013/2014 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының финалы өтеді. Бір ел футбол ұжымдарының финалда жолығуы дүбірлі доданың тарихында бесінші рет орын алып отыр. Осы және де өзгелер жөнінде...
Ақтық сынға шыққан қос испандық клубтың тартысты кездесуін футбол жанкүйерлері асыға күтіп отырғаны анық. Жалпы, бұл мадридтік дербиден өзге Чемпиондар лигасы тарихында финалға испандық клубтардың шыққан маусымы болған. Ол – 1999/2000 жылғы маусымдағы «Реал» мен «Валенсия» кездесуі.
Дәл сол маусымдағы жартылай финалда мадридтік «Реал» мюнхендік «Баварияны» қос кездесу қорытындысы бойынша 3:2 есебімен жеңген еді. Ал бұл маусымда «корольдік клуб» өткен маусым чемпиондарын 5:0 есебімен тізе бүктірді. Ал сол финалдағы «Валенсия» финал жолдамасында каталондық «Барселонадан» басым түскен-ді. Клуб өз тарихында тұңғыш рет Еуропадағы мәртебелі доданың финалына шықты. Бірақ жолы болмады. Тәжірибелі футболшылардан құралған мадридтік клуб 3:0 есебімен жеңіп кетті. Ал сол ойын қақпашы Икер Касильястың алғашқы финалы болды. Одан кейін клуб құрамы қанша өзгерсе де, командасын ауыстырмаған Испания құрамасының қақпашысы араға 14 жыл салып тағы да испандық финалда өнер көрсеткелі отыр. Тек бұл жолғы қарсылас - «Валенсия» емес, «Атлетико»...
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/JI39PSEpIc4","width":"450","height":"338"});
Араға бір жыл сала «Валенсияға» тағы да финалға шығу «бақыты» бұйырды. Бірақ, бұл жолы мюнхендік «Бавария» ойын соңындағы пенальти сериясында сан соқтырып кетті. Ал бір жыл қалдырып, финалдан қайта көрінген «Реал» өз тарихында тоғызыншы рет бұл доданың чемпионы атанды. Сол маусымнан кейін «Сантьяго Бернабеу» қожайындары ақтық сынға шыға алмады. Араға 12 жыл салып бұл межені командасымен бағындырған бас бапкер Карло Анчелотти болды. Соңғы үш финалдық кездесуінде де жеңілмеген клуб, сол жеңісті жолын жалғастыруға ниетті. Алайда «Атлетико» жол берер ме екен?
Жалпы бұл маусымда Диего Симоэне «Атлетико» үшін үлкен еңбек сіңірді. Командасымен азулы «Реал» мен «Барселона» арасынан ла лига чемпионы атағын суырып кетті. Каталондық клубты ширек финалда сүріндіріп, финалға да жетті. Бұл финал «Атлетико» жанкүйерлерін 40 жыл күттіріпті. Яғни, 1974 жылы финалда өнер көрсеткен клуб «Баварияға» есе жіберген. Сондықтан да бұл финал текетіресіндегі қателік кешірілмейді десек болады.
Чемпиондар лигасы тарихында испандық командалар финалымен қатар, Италия, Англия және Германия командалары да өнер көрсеткен. Мұның барлығы 1999/2000 жылғы маусымдағы испандық финалдан кейін ғана орын алған.
2002/2003 жылғы маусымда дүбірлі доданың финалына италиялық клубтар жолдама алды. «Милан» командасын Карло Анчелотти баптайтын еді. Ал қарсыласы – туриндік «Ювентус». Ал сол кездің өзінде танымалдыққа ие бола бастаған италиялық бапкер сол маусым алдында ғана «Ювентусты» жаттықтырған болатын. Клубта жүрген екі маусымы сәтті бола қоймады. Тек «Интертото кубогын» ғана иеленді. Есесіне «Милан» Карло Анчелоттидің көп тұрақтаған әрі 7 бірдей жеңістің биік шыңын бағындырған клубы.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/X8onCVtlX-I","width":"450","height":"338"});
Чемпиондар лигасының италиялық финалы жанкүйерлер көңілінен шықпады. Бір-бірінің қыр-сырын толық меңгерген клубтар қорғаныста назарда ұстап жүргенде ойынның негізгі уақыты түгілі, қосымша кезеңінде де гол соқпады. Нәтижесінде чемпион пенальти сериясында анықталды. Туриндік команда қатарынан Трезеге, Салайета мен Монтеро 11 метрден мүлт кетсе, миландық клуб сапынан Зеедорф пен Каладзе қателесті. Соңғы пенальтиді орындаған Андрей Шевченко «Миланға» жеңіс сыйлаған болатын. Осылайша, италиялық финал тарихта гол соғылмаған қызықсыз кездесу болып қалды. Ал енді "Ертеңгі испандық финал қызықсыз болмай ма?" деген сұраққа жауап іздеп көрейік.
Испандық клубтар қорғаныста ойнауды қаламайды. Әсіресе, «Реал» мен «Атлетико». 2013/2014 жылғы маусымда клубтар 4 рет кездесті. Кубок ойындарында «корольдік клубтың» мысы басым болса, ла лигадағы «Сантьяго Бернабеу» стадионында «Атлетико» жеңіске жетті. Ал «Висенте Кальдеронда» 2:2 есебі тіркелді. Яғни, ашық ойын жүйесімен ерекшеленді. Оның үстіне финал болғасын қос клуб та ойын көркін қыздырары анық. Қызықсыз өтеді деп айту – ағаттық болар...
Италиялық клубтардың финалынан кейін араға 5 жыл сала ағылшындық финал Мәскеу төрінде өтті. Сол кездегі «Манчестер Юнайтед» пен «Челси» ойыны қызықсыз өтті деп айта алмаймыз. Роналду есеп ашып, Лэмпард таразы басын теңестірді. Екінші тайм мен қосымша уақытта есеп өзгермей, бұл финал да пенальти сериясына жүгінді. Бірінші болып португалдық сұрмерген қателессе, «ақсүйектер» капитаны Джон Террм қақпа бағанын көздеді. Анелька соққысын дарытпаған Эдвин ван дер Сар «қызыл сойқандарды» чемпион атандырды. Бірақ, Мәскеудегі ауа-райы ойынның сапасы мен көп сәттеріне де өз әсерін тигізді.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/jGJ62A2_CTQ","width":"450","height":"338"});
Жанкүйер қауым бұл финалды көпке дейін ұмыта қойған жоқ. Ал бұл маусымдағы испандық финал несімен есте қалады?
Көптеген футбол мамандары ойынның шешуші нәтижесін қосымша уақыттан күтіп отыр. Негізгі уақытта екі команда тең ойнайды деп болжауда. Чемпиондық атақ пенальти сериясында белгілі болады деп қарайтындар аз екен. Мүмкін, солай да болар... Ал ойын күні Лиссабонда ауа-райы ашық болады деп күтілуде.
Дәл осы финалдан кейін бір елдің футбол ұжымдары кездескен ақтық ойын немістердің клубына бұйырды. Англиядағы атақты «Уэмбли» стадионында өткен финал да аса тартысты болды. Дортмундтық «Боруссия» мюнхендік «Баварияға» қауқар таныта алатынын көрсетті. Бірақ, Юрген Клопп командасына жеңіс бұйырмады. Соңғы минуттағы қателік Арьен Роббеннің жеңіс голын соғуына жол ашып берді. Жалпы ойын тағдыры негізгі уақытта шешілді. Ал абыройын асқақтатқан дортмундтық клуб бұл маусымда да тәуір өнер көрсеткенімен, жоғарғы межелерді бағындыра алмады. Бундеслига мен Германия кубогын жеңіп алғанмен, «Баварияға» бұл жылы «Реалдан» айналып өту мүмкін болмады. Ал бұл жылғы Испания чемпионаты қалай өтті?
Ла лига чемпиондығын үш команда сарапқа салды. Соңғы турлардағы үш ұжымның да қателігі бір-біріне тамаша жол ашып берген-ді. Әсіресе, «Реал» да зор мүмкіндік болды. «Корольдік клуб» қажет етпеді. «Атлетиконың» да мерзімінен бұрын чемпион атануға мүмкіндігі болды. Пайдаланбады. Ақыры соңғы турда каталондық «Барселонаға» да чемпион атануға жағдай жасалды. Алайда «Камп Ноудағы» шешуші ойында Диего Симоене шәкірттерін жеңе алмады. Нәтижесінде «Атлетико» чемпион атанып, «Реал» - Испания кубогын, «Барселона» - суперкубокпен шектелді.
Бір елдің құрамалары кездескен 4 финалдың да өзіндік сәйкестігі мен статистикалары бар. Соларды айта отырайық.
- Бірінші қай команда гол соқса, сол ұжым чемпион болған. «Милан» мен «Ювентус» кездесуінде де бірінші пенальтиді Карло Анчелотти командасы орындаған.
- «Да Луш» стадионында пенальти сериясы болмайды. Өйткені, қала аты «М» әрпінен басталмайды. Манчестер мен Мәскеуде ойын соңындағы пенальти сериясы болған. Бұл бір сәуегейлік.
- Ішкі чемпионаттағы командалардың орындары финалға әсер етпейді. Тек, чемпион атанған клубтар өз чемпионаттарын келер жылы жеңіп отырған екен. Сонда Лиссабонда жеңіс тұғырынан көрінген клуб келер маусымда Испания чемпионы атанбақ...
- Бір елдің командалары ойнаған финалдар да кішігірім футболшылар арасында қақтығыстар орын алып тұрған. Бұл жолы да солай болады деп күтілуде...
Енді финалға қайта оралайық. Бұл маусымдағы кездесулер нәтижесі бойынша 7:3 есебімен «Реал» алда. «Корольдік клубтың» құрамы да мықты. Сондықтан Карло Анчелотти командасы жеңіске жетуі бек мүмкін деп ойлайтындардың да өз түйгені бар. Ендеше бағамдап көрейік.
«Реал» психологиялық тұрғыдан толықтай дайын. Ал «Атлетико» бір апта бұрын ғана шешуші кездесуде өнер көрсетті. Одан кейін клубтың бірден өзіне келуі оңай емес. Бірі – араға 12 жыл салып финалға жолдама алса, екіншісі – 40 жылдан кейін финалға шығып отыр. «Сантьяго Бернабеу» жанкүйерлері 12 жыл ішінде француз Клод Макелелені қарғап келді. Жалақысын көтеруді талап еткен француз футболшысын кезінде клуб басшылығы артық ақша бермек түгілі, командадан шеткерілеткен-ді. Өкпелеп кеткен Макелеле «жақын арада «Реал» ¼ финалға өте алмайды» депті. Мұнан кейін клубтың жолы болмағанмен, «Гутманн қарғысындай» ұзаққа созылмады. Чемпиондар лигасын басты межеге қойған клуб о бастан жеңіске жетуді жолға қойған.
«Реал» Криштиану Роналдуға үміт артады. Өз елінде ойнайтын португалдық футболшыға қолдау мен сенім, артылған үміт те аз болмақ емес. Осы маусымда Чемпиондар лигасының сұрмергендер көшінде рекордын жаңартты. Сонымен қатар, бұл жеңіс шабуылшыға үшінші «Алтын добын» иеленуге де септігін тигізетін болады. Ал Месси болса, «дауыл алдындағы тыныштықтай» бар күшін Әлем чемпионатына сақтап отыр.
Карло Анчелотти төртінші финалын қарсы алғалы отыр. Осыған дейін үш рет «Миланмен» Чемпиондар лигасының финалына шығып, екі мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Тек, 2005 жылы ғана естен кетпес ойында «Ливерпульден» пенальти сериясында жеңілді. Сондықтан да қос бапкердің тәжірибесінің де рөл ойнайтыны анық.
«Атлетико» қатарынан ойынға Арда Туран мен Диего Коста қатыспайды. Бұл клуб пен бапкер үшін оңай соқпасы анық. Орнын жоқтатпайтын футболшылардың болған күнінің өзінде, алға сүйрер көшбасшылардың болмауы әсерін тигізбей қоймайды. Ал «Реал» сапынан екі ойында қатарынан ескерту алған Хави Алонсо ғана шықпайды.
Чемпиондар лигасының финалында нидерландылық төреші Бьорн Кейперс қазылық жасайды. 41 жастағы төрешінің бұл Чемпиондар лигасындағы алғашқы финалы. Ол осыған дейін Еуропа лигасының финалындағы «Челси» мен «Бенфика» кездесулеріне қазылық жасаған. 24 мамыр күні Лиссабондағы «Эштадиу да Луш» стадионында өтетін ойында Бьорн Кейперске Сандер ван Роэкель мен Эрвин Зейнстра көмектессе, қақпа алдындағы қарбаласты Поль ван Боэкель және Ричард Лайсвельд қадағалайтын болады. Қосымша қазы қызметін түрік Джюнейт Чекир атқарады.
Міне, біз күткен мадридтік дербидегі болжамдар мен статистика, финалға деген көзқарастар дәл осылай бағаланды. Ал сіз қалай ойлайсыз оқырман қауым? Финалдан не күтесіз? Чемпион кім болады? «Реал», әлде «Атлетико»?
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.ru, vk.com, footballtop.ru