Чемпиондар Лигасы. Кездесу алдындағы болжамдар

Чемпиондар Лигасы. Кездесу алдындағы болжамдар

Бүгін футболсүйер қауым асыға күткен Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы кездесулер басталады. Назарларыңызға кездесу алдындағы болжамдарды ұсынып отырмыз.

«А» тобы


«Манчестер Юнайтед» (Англия) – «Байер» (Германия)

Ағылшындық ұжым мен неміс командасы да ішкі чемпионатында жақсы ойнап келеді. «Байер» бундеслигада ІІІ орында келе жатса, «қызыл сойқандар» V орында тұрақтауда. Осыған дейін қос ұжымның Чемпиондар Лигасында 4 рет жолдары түйіскен екен. Алғаш 2001/2002 жылғы маусымның жартылай финалында кездескен командалардың екі ойыны да тең аяқталғанымен, сырт алаңда соққан голдың арқасында неміс ұжымы шыққан еді. Кейіннен 2002/2003 маусымдағы Чемпиондар Лигасында бір топқа түскен командалардың кездесуінде ағылшындық клубтың мысы басым болған-ды.

Кездесуді Астана уақытымен 00:30-да «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар.


«Реал Сосьедад» (Испания) - «Шахтер» (Украина)

Испандық ұжым мен украиналық «Шахтер» өз тарихтарында алғаш рет кездесейін деп отыр. «Реал Сосьедад» командасының бас бапкері Хагоба Аррасате «Шахтерға» қарсы кездесуде барынша ашық және нағыз испандық футбол мәнеріндегі ойынды көрсетеміз деп мәлімдеуде. Естеріңізге сала кететін болсақ, «Реал Сосьедад» Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңінде ашық футбол ойынымен француздың «Лионын» сүріндірген еді. Ал донецкілік команданың капитаны Дарио Срна бұл кездесудің оңай соқпасын айтып жеткізді. Украинаның ішкі премьер-лигасының өткен турында Мирча Луческу шәкірттері «Карпаты» командасынан жеңіліп қалған болатын. Футбол мамандары қос команда арасындағы кездесуде испандық ұжымның жеңіске жетуге мүмкіндігі мол деген пікірлер айтуда.

«В» тобы


«Галатасарай» (Түркия) — «Реал» (Испания)

Түрік командасы осыған дейін «корольдік клубпен» 5 рет кездесу өткізген болатын. Алғаш 2000 жылы УЕФА суперкубогының финалындағы кездесуде «Галатасарай» жеңіске жеткен еді. Ал 2001 жылы Чемпиондар Лигасының ширек финалында қос ұжым тағы да жүздесіп, түріктер өз алаңында 3:2 есебімен жеңіске жетіп, мадридте 3:0 есебімен ойсырай жеңілген болатын. Өткен маусымда да қос команданың жолы ширек финалда түйісіп, 2001 жылғы нәтиже қайталанған-ды.

Бүгінгі кездесуде «Реал» қақпасын Икер Касильяс қорғайды. Еуропаның екі дүркін және әлем чемпионы атанған қақпашының мадридтік команданың негізгі құрамында өнер көрсетпегеніне 238 күн болыпты. Сонымен қатар, алғашқы кездесуінде сәтті ойнаған Гарет Бэйл негізгі құрамда алаңға шықпайды. Бұл туралы «корольдік клубтың» бас бапкері Карло Анчелотти испан басылымдарына берген сұхбатында мәлімдеді. Ал түрік командасының шабуылшысы Дидье Дрогва «бүгін біз жанкүйерлерімізге күтпеген сый жасауға тырысамыз» - деді.

«Копенгаген» (Дания) – «Ювентус» (Италия)

«Копенгаген» мен туриндік команда да өз тарихтарында тұңғыш рет кездескелі отыр. Кездесудің сөзсіз фавориті «Ювентус» екені айдан-анық. Ал егер дат клубы жеңіске жетіп жатса, онда бұл маусымдағы алғашқы рекорд орын алуы ғажап емес. Туриндік команданың бас бапкері Антонио Конте дат командасының ойын мәнері мықты екенін және топта аутсайдер саналып отырған «Копенгагеннен» көп нәрсе күтуге болатынын жеткізді.

«С» тобы


«Бенфика» (Португалия) – «Андерлехт» (Бельгия)

Португалиялық команда мен бельгиялық «Андерлехт» футбол ұжымдары өз тарихында 8 рет кездесу өткізген екен. Оның 3-нде «Бенфика», 3-нде «Андерлехт» және 2 кездесуде тең тарқасыпты. Бұл кездесу командалардың 9-шы ойыны болмақ. Жеңіске мүмкіндігі мол команда болып, «Бенфика» саналуда.  Көптеген букмекерлік орталықтар алаң иелерінің жеңісіне – 1,42 коэффицент, тең ойынға – 4,30  коэффицент, ал «Андерлехт»  командасының  жеңісіне – 7,75 коэффицент беріп отыр. 


«Олимпиакос» (Грекия) - «ПСЖ» (Франция)

Грек командасы мен Златан Ибрагимович бастаған жігіттер бір-бірімен алғаш рет кездесейін деп отыр. Қос ұжым да ішкі біріншіліктерінде аса қатты ұпай жоғалта қойған жоқ. Бүгінгі кездесуге париждік команда сапынан Жереми Менез бен Хавьер Пасторе алаңға шықпайды. Сонымен қатар Эсекьель Лавессидің де жасыл алаңда өнер көрсетуі екіұшты қалпында қалып отыр. Ал алаң иелерінің сапынан соңғы «Ксантиге» қарсы кездесуде қорғаушылар Бонга мен Леандро Салино жарақат алып қалған еді. Енді олар бүгін командаларына көмектесе алмайды. Есесіне сәуір айында жарақат алған команда капитаны Авраам Пападопулос кездесуге шығады деп күтілуде.

«D» тобы


«Виктория Пльзень» (Чехия) – «Манчестер Сити» (Англия)

«Манчестер Сити» Чемпиондар Лигасында сәтті ойнап көзге түсе алмаған командалардың санатына жатады. Бұл маусымда Мануэль Пеллегринидің келуімен команда ұзаққа бара ала ма? Ал бұл бапкер өткен маусымда испандық «Малаганы» ширек финалға алып шыққан тұлға. Бүгінгі кездесуде манчестерлік команданың жеңіске бастар жолын табатынын маман баспасөз құралдарына берген сұхбатында айтып өтті. «Біз чехиялық «Викторияны» жеңуге тиіспіз» - деді. Ал алаң иелерінің бас бапкері Павел Врба «Біз Мессидің командасына да қарсы кездесу өткіздік. Футбол жұлдыздарын көргенде аузымыз ашылып қалады деген пікірлердің қате екенін дәлелдеуге тырысамыз» деп мәлімдеді.

«Бавария» (Германия) – «ЦСКА» (Ресей)

2012/2013 маусымдағы Чемпиондар Лигасының жеңімпазы мюнхендік «Бавария» өз алаңында ресейлік «ЦСКА»-ны қабылдайды. Бұл кездесуге көптен жарақатына байланысты алаңға шықпай келген неміс Бастиан Швайнштайгер шығады деп күтілуде. Ал Хави Мартинес, Марио Гетце, Тиаго Алькантара және Холгер Бадштубер командасына көмектесе алмайды. Мюнхендік команданың капитаны Филипп Лам бұл кездесуде 3 ұпайды иеленетініне сенім білдіруде. Көптеген букмекерлік орталықтар қонақ команда «ЦСКА»-ның жеңісіне 14 пен 16 аралығында коэфициент ұсынуда. Бұл туралы ресейлік команданың қорғаушысы Василий Березуцкий «егер кім бүгін «ЦСКА»-ның жеңісіне ақша тігетін болса, сол адам көп қаржыға кенеледі» деп сенімді түрде мәлімдеп отыр.

«ЦСКА» командасы топтық кезеңнен шығу үшін барын салары анық. Алайда немістің аты аңызға айналға футболшысы Лотар Маттеус ресейлік команда күтпеген сый жасай алмайтындығын, және топта ІІІ орында қалады деп болжауда. Мұның барлығын алдағы уақыттағы ойын тағдыры шешпек...

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Сурет: vk.com, sports.ru

О. Сансызбай