Чемпиондар Лигасы. Кездесу алдында...

«G» тобы


«Аустрия В» (Австрия) – «Порту» (Португалия)

Австриялық  команда бұл топтың аутсайдеры саналады. Веналықтардың қарсыластарына қарағанда әлемдік клубтар рейтингінде де төмендеу. Команданың Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шығуы да оңай болмады. Сонымен қатар ішкі бундеслигасындағы халі де жоғары деңгейде емес. Соңғы кездесуінде «Гредиг» командасынан 2:3 есебімен жеңіліс тапты. Ал «Порту» болса бұл маусымды сәтті бастады. Португалия суперкубогы, одан кейінгі ішкі біріншіліктің 4 турында да қарсыластарынан басым түсті. Өткен маусымда «Порту» Мануэль Пеллегрини баптаған «Малаганы» айналып өте алмаған болатын.  Неігізінен қос ұжым бір-бірімен алғаш рет кездесейін деп отырған жоқ. 2002 жылы УЕФА Кубогы жолында жолдары түйіскен клубтар, екі кездесу қорытындысы бойынша австриялық ұжым 3:0 есебімен басым түскен еді.  Бүгінгі кездесуде көптеген букмекерлік орталықтар қонақтардың жеңіске жететініне сенім білдіруде. Есеп 0:2 болады деп болжауда. Кездесуге португалдық команда сапынан Стивен Дефур алаңға шықпайды. Оған себеп өткен маусымда алған сары қағаздарының саны әсер етіп отыр.

«Атлетико Мадрид» (Испания) – «Зенит» (Ресей)

Бұл кездесуде алаң иелерінің фаворит екені даусыз. Өйткені мадридтік ұжым Ла-Лиганың алғашқы 4 турында да сүрінген жоқ. 100 пайыздық көрсеткішпен келе жатқан клуб турнир кестесінің көшін бастап келеді.  Ия, бұл топта мадридтік команда мен «Портудың» келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі молдау. Сонымен қатар, бірінші болмаса да, екінші орынға ресейлік «Зенит» таласып көрмек. Сонымен қатар , испандық ұжымның бас бапкері Дионе Симоне бұл топтың фавориттері деп «Зенит» пен «Портуды» атап өтті.  Бүгін «Зенит» сапынан Роман Широков, Александр Анюков, Доменико Кришито және Вячеслав Малафеев алаңға шықпайды. Бұл Лучано Спалеттидің бір ойлағаны болар... Ал алаң иелерінің сапынан Диего Коста бүгін «Висенте Кальдеронда» доп теппейді.

«Н» тобы


«Милан» (Италия) – «Селтик» (Шотландия)

«Н» тобында өнер көрсететін командалардың ішінде «Барселона» мен «Милан» фавориттер саналады. Каталондық команда расында да фаворит. Ал «Милан» ше? Соңғы кездесулер мен оқу-жаттығу жиындарында бірнеше футболшылары жарақат алды. Дәлірек айтсақ бүгін миландықтар сапынан Нил Леннон жігіттеріне қарсы Кака, Джампаоло Паццини, Стефан Эль Шаарави, Матиас Сильвестре, Маттиа Де Шильо, Даниэле Бонера және Иньяцио Абате шыға алмайды. Барлығының да жарақаты бар (Түгел бір команда дерсің). Сонымен қатар, кездесуде Алессандро Матри алғашқы ойынына шығады. Естеріңізге сала кететін болсақ, өткен маусымда дәл осы шабуылшы "Ювентус" сапында жүргенде кельттер қақпасын дәл көздеп, гол соққан болатын. Бүгін де бұл футболшы қарсылас қақпасында доп тулатып, жеңісті жарақат алған командаластарының және Каканың құрметіне сыйлайтынын жеткізді. Ал  шотландиялық команда сапынан Джеймс Форрест алаңға шықпайды.

«Барселона» (Испания) – «Аякс» (Нидерланды)

Нидерланды елінің футбол клубы бұл топтың аутсайдеры. Бүгін каталондық командаға қаншалықты қауқар танытпақ? Алаң иелерінің бас бапкері Херардо Мартино Чемпиондар Лигасының аясында алғашқы кездесуін өткізбек. Ал бұрынғы «Барселонаның» жас шабуылшысы Боян Кркич «Камп Ноуда» қайта доп теппек. Бірақ, бұл жолы испандық командаға қарсы. «Аякс» командасының бас бапкері Франк де Бур «бүгін «Барселонаның» жеңіске жететініне бәрі сеніммен қарайды. Алайда бізде алаң иелеріне қиындық тудыра аламыз» деп мәлімдеді.  Ең бастысы қос ұжымның да негізгі құрамда өнер көрсететін футболшылары алаңға шығуға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар көптен бері жарақатынан емделіп жүрген  каталондық команданың капитаны Карлес Пуйоль кездесуге қатысуы мүмкін.

«Е» тобы


«Шальке-04» (Германия) – «Стяуа» (Румыния)

Неміс ұжымы Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне күтпеген жерден шықты дейтін мамандар аз емес. Плей-офф кезеңінде «Металлистпен» кездесуі тиіс болған ұжым, украиналық команданың жарыстан шеттетілуінен кейін грекиялық «ПАОК»-пен кездесті. Грек командасы да немістерді топтық кезеңге оңай жібергісі келмеді.  Алайда өз тәжірибелеріне сүйенген Йенс Келлер шәкірттері келесі кезеңге өтті-ақ. Бүгінгі кездесуде гельзенкирхендік команданың басты мақсаты – Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетуіне лайықты команда екенін дәлелдеу болып отыр.

«Челси» (Англия) – «Базель» (Швейцария)

Команда тізгінін ұстаған Жозе Моуринью бүгінгі кездесуде жеңіске жететініне сенімді екенін жеткізді. Осыған дейін бұл бапкер «ақсүйектермен» екі рет жеңілістің ащы дәмін татып көрді. Бірі - УЕФА Суперкубогында болса, екіншісі – премьер-лиганың соңғы турындағы «Эвертонға» қарсы кездесу. Сонымен қатар, лондондық команда бұл маусымда жанкүйер айызын қандырар деңгейде өнер көрсете алмауда. Жақында ғана «Челси» сапын толықтырған Самуэль Это О негізгі құрамда алаңға шығуы ықтимал. Не де болса, бүгін көптеген футбол мамандары Жозеның командасы «таз ашуын тырнадан алады» деген ойын өрнегін көрсетеді деп отыр. Алайда Мурат Якин шәкірттері аянып қалмасы анық. Мұны швейцариялық команда өткен Еуропа Лигасында дәлелдеген болатын.

«F» тобы


«Марсель» (Франция) – «Арсенал» (Англия)

Кеше өткен кездесулерде ағылшындық та, француздық та командалардың жолы болды. Бүгін қалай болмақ? Лондондық «Арсенал» премьер-лиганың алғашқы турын сәтсіз бастағаннан кейін кейінгі 3 кездесуде жеңіске жетіп, жағдайын жақсартып алды. Ал Эли Бола командасы Лига 1 – де 4-ші орында келеді.  Алаң иелерінің сапынан Сулейман Диарра кездесуге қатыса алмайтын болса, Андре Айюдың шығуы белгісіз қалып отыр. Сонымен қатар,бүгін Арсен Венгер командасының сапында Месут Озил алаңға шығады. Бірақ ағылшындық команданың да жарақат алған футболшылары жоқ емес. Олар: Санти Касорла, Томаш Росицки, Абу Диаби, Микель Артета, Лукаш Подольски және Яя Саного. Ал Пер Мертазакердің алаңға шығуы белгісіз.

«Наполи» (Италия) – «Боруссия Д» (Германия)

Бүгінгі топтық кезеңдегі кездесулердің ішінде аса тартысты өтетін ойындардың бірі. 2012/2013 маусымдағы Чемпиондар Лигасының финалына шыққан дортмундтық команда бұл маусымда да біраз жерге барары анық. Өз қатарларына Обемянг пен Гейнрих Мхитарянды қосып алған ұжым дәл қазір бабында-ақ. Мұны бундеслиганың V турындағы кездесуінде бір дәлелдеді. Әзірге ішкі біріншіліктерінде «Боруссия» да «Наполи» де ұпай жоғалтқан жоқ. Италияндық команда да оңай шағылар жаңғақ  емес. Рафаэль Бенитес баптайтын команда қауқарсыз деп қарауға болмайды. Гонсало Игуаин, Хосе Кальехон және Марек Гамшиктер бүгін өз алаңдарында барын салары анық. Кейбір букмекерлік орталықтар мен мамандар алаң иелері немістерден 2:1 есебімен басым түседі деп болжауда.

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Сурет: sport.news.am, vk.com, sports.ru