Чемпиондар лигасы. Жозе рекорд жасар күн

Бүгін жанкүйер қауым асыға күткен Чемпиондар лигасының жартылай финалының алғашқы кездесуі өтеді. Мадридтік «Атлетико» өз алаңында лондондық «Челсиді» қабылдайды.

«Атлетико» (Испания)  - «Челси» (Англия)


«Висенте Кальдерон» стадионында тартысты кездесу өткелі отыр. Алаң иелері өз алаңында финал тағдырын шешуге асығары анық. Өйткені, «ақсүйектер» өз алаңында жолдаманы кім иеленетінін шешкісі келеді. Қанша дегенмен, «өз үйім – өлең төсегім» емес пе?...

Футболсүйер қауым «Атлетиконың» да, «Челсидың» ойын жүйесін жақсы біледі. Бүгін жергілікті команда жанкүйерлер қолдауымен желпінері хақ. Лондондық команда бас бапкері Жозе Моуриньюдың бұл ойынға не ойластырғаны әзірге белгісіз. Сол қорғаныста жүріп, мүмкіндікті сәтті пайдалану болар... Десе де бұл стадион, бұл команда португалдық маманға таныс емес деп айта алмаймыз. Әртүрлі клубпен жартылай финалға сегізінші рет шыққалы отырған Моуринью мырза осыған дейін «Атлетикомен» соңғы тоғыз кездесуінің сегізінде жеңіске жеткен. Мұны қалайша жаман көрсеткіш дерсің? Алайда алаң иелерінің де айтары бар. Олар еуродода сындарында ағылшындық клубтарға есе жіберіп көрмеген...


Бүгін алаң иелері қақпашысы Тибо Куртуа өзін жалға берген клубқа қарсы ойнаса, Фернандо Торрес бұрынғы командасына қарсы өнер көрсетеді. «Челси» басшылығы осыған дейін Тибоның кездесуге қатыстырмауын қалаған-ды. Егер қатысар болса, 6 миллион еуро төлеңдер деп те айтқан-ды. Алайда бұл араға УЕФА араласып, қақпашының ойнауына мүмкіндік сыйлады. Өкпелеп қалған «ақсүйектер» енді қақпашыларын мадридтіктерге жалға бермейтінін жайып салды.

Ішкі біріншіліктеріндегі екі команданың жағдайы мен көңіл-күйлері әр қилы. «Атлетико» ла-лигада көш бастап келе жатса, «Челси» соңғы турда өз алаңында аутсайдер «Сандерлендтен» ұтылды.

Алаң иелері құрамында негізгі футболшылардың қатысуға толықтай мүмкіндігі бар. Ал қонақтардан сары қағаз көп алуы салдарынан Бранислав Иванович қатыспайды. Сонымен қатар, Самуэль Это’О Мадридке келмеді.

Кім не деді?

 

Диего Симеоне, «Атлетико» бас бапкері:

Біздің ойын да «Челсидікіне» ұқсайды. Екі команда да жақсы қорғана алады, қарымта шабуылға дер кезінде шыға алады. Сондықтан тартысты ойын болары анық. Әзірге біз жетістікке қол жеткізген жоқпыз. Бүгін әлсіз тұсымызды жасырып, жеңетін жолды таңдаймыз.

 

Жозе Моуринью, «Челси» бас бапкері: 

Мен «Атлетиконың» көп ойынын көрдім. Чемпиондар лигасы жеребесінен кейін ғана толықтай зерттей бастадым. Кез келген клуб жеңіс үшін ойнайтыны белгілі. Сондықтан да бүгін қолдан келгеннің барлығын жасайтын боламыз.

 

Ия, бүгін Жозе Моуринью сэр Алекс Фергюсон рекордының мұртын бұзады. Яғни, әртүрлі командамен сегізінші рет Чемпиондар лигасының жартылай финалына шығып отыр. Ал бұл рекорды бүгін тағы рекордпен жалғасар ма екен?...

Сонымен бүгін түнгі 00:45-те басталатын кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «Атлетико» жеңісіне – 1,50 коэффициент, тең ойынға – 4,33  коэффициент, «Челси» жеңісіне – 6,0 коэффициент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 1:0 немесе 3:1 болады деген болжамдар жасалуда. Бұл тұстан алаң иелерінің фаворит екенін аңғаруға болады.

Кездесу алдындағы командалар құрамы

 

Жанкүйер қауым асыға күткен кездесулерді «КТК» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар!

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: footballtop.ru