Чемпиондар Лигасы: "Эйзель" трагедиясы

"Жасыл көшенің бұзақылары" (Green Street Hooligans 2004) фильмін футболға қызығатын барлық көрермен тамашалаған болар. Аталған фильмде ағылшын футбол жанкүйерлерінің қаншалықты бұзақы екендігі баяндалады. Жалпы футбол жанкүйерлерінің бұзақы болуы өткен ғасырда сәнге айналған. Бұл "адалдық" кей клубтарға кері әсерін тигізген кездері де көп болды. Соның бірі –"Эйзель" трагедиясы. Бұл туралы кейінірек. Қазір ертең болатын Чемпиондар лигасы финалына шолу жасап өтсек. Жалпы биыл ағылшын клубтары жарап тұр. Қос ірі турнирдің финалына 4 ағылшын командасы шықты. Кеше ғана Еуропа лигасын "Арсеналдан" 4:1 есебімен басым түскен "Челси" жеңіп алды. Биылғы Чемпиондар лигасы тосын сыйға толы болды. Тарихтағы ең қызықты Чемпиондар лигасының бірі болды десек қателеспейміз. Соңғы 5 жылда аталған кубокты 4 рет жеңіп алған корольдік клуб аутсайдер саналған "Аякстан" жеңіліп қалды. Ал "Ливерпульді" 3:0 есебімен жеңген католондық клуб Энфилдте өз қақпасына жауапсыз 4 гол жіберіп, ойыннан шығып қалды. Екінші финалға шыққан "Тоттенхэм де" айды аспанға бір-ақ шығарып бірінші таймда "Аяксқа" 2:0 (жалпы есеп 3:0) жеңіліп тұрып, екінші таймда 3 гол соқты. Қысқасы, ертең ағылшындық қос команданың текетіресіне куә боламыз. Осыдан 34 жыл бұрын да "Ливерпуль" командасы Чемпиондар лигасының финалына шыққан болатын. 

Енді тура 34 жылға артқа шегініп көрейікші. 29 мамыр күні, 1985 жыл "Ювентус" пен "Ливерпуль" командалары Чемпиондар Лигасы кубогі үшін финал ойынын өткізді. Англия футболының дамуын бірнеше жылға кешіктірген. Англия клубтарын еурокубоктардан біраз жылға шеттеткен, тарихта "Эйзел трагедиясы" деген атпен қалған қайғылы оқиғаны тағы бір еске түсіріп көрейік. Бүгінде жанкүйерлер бұл қайғылы оқиғаны есіне алмайтын, бәлкім білмейтін де шығар. Бірақ қазір миллиондаған адамның жүрегінен орын алып, қуаныш сыйлап отырған футболда да осындай адам өлімі болатынын біліп жүрген жөн. Сонымен 29 мамыр 1985 жыл... 

"Ювентус" (Турин, Италия) - "Ливерпуль" (Англия)  1:0
Брюссель стадионы – 60 000 көрермен.
Төреші: А. Дайна (Швейцария)
"Ювентус": Таккони, Фаверо, Кабрини, Бонини, Брио, Ширеа, Бриаши (Пранделли, 84), Тарделли, Росси (Виньола, 89), Платини, Бонек.
Бапкер: Джованни Трапаттони. 

"Ливерпуль": Гроббелар, Нил, Беглин, Лоуренсон (Гиллеспи,3), Никол, Хансен, Далглиш, Уилан, Раш, Уолш (Джонстон, 46), Уарк.
Бапкер: Джо Фэган 
Гол: Платини (57 минут, пенальтиден). 

"Бүгінгі оқиға Еуропа Чемпиондар кубогіне нүкте қоймайды, бірақ футбол үлкен жеңіліске ұшырады", – деген еді УЕФА президенті Жак Жорж "Ювентусты" марапаттау рәсімінде. Салтанатты шара қарапайым Эйзель стадионындағы туриндіктер киім ауыстыратын бөлмеде болып өтті. 

Тарихта қанды оқиғамен қалған ойынды туриндіктер өте жақсы бастаған. Қорғаныста да, шабуылда да англиялық клуб италиялықтарға ұтылып қалды. Ойынның 56-минутында ағылшындар өз айып алаңы ішінде Бонекті шалып құлатады. Ал Платини белгіленген пенальтиді анық орындайды. Бұл гол туриндіктерге жеңіс әкелді. 

Сол маусымда Чемпиондар Лигасының бірінші ойынында туриндіктер "Наполиге" 0:4 есебімен ұтылып қалады. Барлығы "Ювентус" финалға дейін жетіп бара алмайды деп ойлады. Бірақ Платини "әлі алда 19 тур бар, бәрін реттейміз" деп айтқан болатын. Ал "Ливерпуль" құрлықаралық кубок финалында ұтылып, сол жылы АПЛ-де тоғызыншы орынға тұрақтаған. Жалпы, екі команда да финалға шаршаңқы көңіл-күймен барған. Бұл кубок Еуропа футболында сол уақыттарда фаворит саналған екі клубқа да керек еді. Барлық жанкүйерлер екі алып команданың ойынын асыға күтті.

©fanatik.ro

Әсіресе ливерпульдік жанкүйерлер өздерінің бұзақылықтарымен әбден танылған еді. Олар клубының жеңілістеріне төзе алмайтындай дәрежеге жеткен болатын. Мұны Бельгия үкіметі де, жергілікті полиция да, УЕФА да анық білді. Барлық қауіпсіздік шаралары осы жанкүйерлерді басу әрекетеріне арналуы керек еді. Ливерпульден Брюссельге дейінгі жолда да ағылшын жанкүйерлеріне тәртіп сақшылары қатаң қарады. Бірақ Брюссельде 20 мыңнан артық ағылшын жанкүйерлерін бақылау жергілікті тәртіп сақшыларының қолынан келген жоқ. 

Ойын басталмай жатып-ақ екі жанкүйерлер арасында кішігірім қақтығыстар орын алды. Бір топ бұзақылар әшекейлер дүкенінің терезесін сындырып ішіндегі 10 миллион франкқа жуық қымбат бұйымдарды ұрлап кетті. Оларға ешқандай полияция өкілі кедергі келтірмеген. Ойын кезіндегі екі команда жанкүйерлерінің қақтығысын болдырмау үшін олардың арасындағы трибунаға жергілікті көрермендерді орналастырады. Бірақ сол аймаққа имгрант италиялықтар яғни "Ювентус" жанкүйерлері де кіріп кетеді. Ойын басталуына аз уақыт қалғанда ливерпульдік жанкүйерлер де осы сектордан табылады.

©watson.ch

Бұдан бөлек осы секторға жалғасып кеткен Х, Z және Y секторлары да арзан болып, отыратын орындықтар жоқ болатын. Табиғи түрде ағылшын жанкүйерлерімен лық толды. Ойын басталуына 45 миинут қалғанда екі жақ жанкүйерлері қауіпсіздік үшін қойылған секторлар арасындағы ағаштарды сындырып, нәтижесінде екі сектор арасындағы жергілікті көрермендер отырған аймақ төбелес майданына айналады.

©fordesign.org

Одан шошынған италиялық жанкүйерлер трибунамен төменге қарай қаша бастаған. Бельгия полициясы тағы қателесіп, жанкүйерлерді бұзақылармен шатастырып, шығатын есікті жауып тастайды. Керісінше барлық есікті ашып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында эвакуациялап, қауіптің бетін қайтару керек еді. Төбелестің қызғаны сонша, одан қашқан көрермендер төменге түсіп, бұзақылармен сектор арасын бөліп тұратын бетон мен темір торларға қысылып қалады. Нәтижесінде 39 адам көз жұмған. 

Бұл кезде футболшылар киім ауыстыру бөлмесінде болып, төбелестен бейхабар еді. Ал білген кезде ойнауға мәжбүр болады. "Қақтығыс өршімеуі үшін біз ойнауға мәжбүр болдық. Жанкүйерлер біз үшін қаза тапты, ал біз кек алдық", – дейді Платини.

"УЕФА ойынды тоқтатпады, қақтығыстың одан әрі өршуін, көрермендерді сыртқа алып шығу кезіндегі қиындықтар нәтижесінде құрбандар саны артып кетуінен сақтанды", – делінген УЕФА баяндамасында.  

©infobit.co

"Эйзель трагедиясында" қаза болғандардың тізімі: Рокко Ачерра; Бруно Балли; Альфонс Бос; Джанкарло Брускера; Андреа Казула; Джованни Казула; Нино Черулло; Вилли Киленс; Джузеппина Конти; Дирк Денекс; Дионисо Фаббро; Жак Франсуа; Эудженио Гальяно; Франческо Галли; Джанкарло Гонелли; Альберто Гварини; Джоваккино Ландини; Роберто Лорентини; Барбара Луши; Франко Мартелли; Лорис Мессоре; Джанни Мастрояко; Серджио Маццино; Лучано Рокко Папалука; Луиджи Пидоне; Бенито Пистолато; Патрик Рэдклифф; Доменико Рагацци; Антонио Раньянезе; Клауде Роберт; Мауро Ронки; Доменико Руссо; Тарчизио Сальви; Джанфранко Сарто; Амедео Джузеппе Сполаоре; Марио Спану; Тарчизио Вентурин; Жан Микель Валла; Клаудио Дзаварони.

Қайғылы оқиға нәтижесінде 39 адам қайтыс болды. Олардың 32-сі италиялық, 4-еуі бельгиялық, 2-еуі француз және 1-еуі ирландия азаматы еді. 600 көрермен түрлі дене жарақатын алды. Осы қақтығыстың орын алуына жанкүйерлерден бөлек УЕФА-ның да кінәсі бар. Себебі, қауіпсіздік шаралары мүлдем қарастырылмаған "Эйзель" стадионында ойын өткізуге өз келісімін берген.

Ал Брюссель полициясы бұл оқиғаның алдын алуға мүмкіндігі болған. Олай дейтініміз, финал ойынынан бірнеше күн бұрын оларға ағылшын әріптестерінен факс келген. Ол жерде Англияда бұзақылығымен танылған, арнайы тізімде тұрған жанкүйерлердің тізімі болған. Дәл осындай мазмұндағы хатты Римде болып өткен "Рома" – "Ливерпуль" финалы алдында да жергілікті полицияшылар алған екен. Олар мәліметтерді дұрыс пайдаланып, кездесуді қауіпсіз ұйымдастыра алған. Брюссель тәртіп сақшылары бұл мәліметтерді пайдаланбай, ағылшын мен италиялық жанүйерлерді бір-біріне көрші етіп орналастырған. 

УЕФА тексеру кезінде ағылшын жанкүйерлерін ресми түрде кінәлі деп тапты. Алғашында "Ливерпуль" әкімшілігі еурокубоктарға қатыспайтынын мәлімдеді. Көп өтпей Ұлыбритания үкіметі барлық ағылшын клубтарын еурокубоктарға қатысуына тыйым салды. Ал FIFA басқа елдің клубтарына ағылшын клубтарымен жолдастық кездесу өткізу және басқа да кез келген келісім шарт жасасуға тыйым салды. УЕФА алғашында "Ливерпульді" 3 жылға кейін барлық ағылшын клубтарын 6 жылға ойыннан шеттетті. 

"Тіпті қазір арада бірнеше жыл өтсе де осы оқиғаның болғанына сенгім келмейді. Сол күннен бастап құрбан болғандар үшін күнде дұға жасаймын. Осы қайғылы оқиғадан соң УЕФА кубогының мен үшін ешқандай маңызы қалған жоқ. Мен әлем чемпионы атандым, скудеттоны жеңдім, мұнымен мақтана аламын. Бірақ, Чемпиондар лигасы кубогын жадымнан мүлде өшіріп тастадым. Осы ойыннан кейін де мен доп тептім. Бірақ "Миландағы" мансабымда мен емес, көлеңкем ойнаған секілді. Жас кезімдегідей көп жарақат алдым және бұрынғы формама қайта оралмадым. Осы финалдан кейін менің футболдағы мансабым бітті десе де болады", – дейді Паоло Росси.

"Сол күнгі оқиғаны тоқтату мүмкін емес болатын. Сол уақытта мұндай қақтығыстар тек ағылшын командалары арасындағы ойындарда емес, барлық Еуропада өршіп тұрған еді. Бұл машинисті жоқ пойызды тоқтатумен бірдей. Кезі келіп оны тоқтату керек болды. "Эйзельден" кейін мұндай қақтығыстар азайды. Бірақ, бұл бізге қымбатқа түсті", – дейді "Ливерпуль" фан клубы жетекшілерінің бірі Джералд Маккинли. 

Арада 30 жылдан аса уақыт өтсе де қанды қырғынның нақты себебі анықталған жоқ. "Эйзель" трагедиясы себебінің бірнеше болжамы бар:

1. "Ливерпуль" жанкүйерлері бұл жанжалды алдын ала жоспарлаған. 
2. Турин жанкүйерлерінің арандатуы. 
3. УЕФА басқа нұсқаны ілгері сүйреді. Олардың айтуынша, "Ювентустың" ежелгі қарсыласы "Торино" клубының жанкүйерлері "Ливерпуль" киімін киіп, қақтығысты әдейі ұйымдастырған. Өкініштісі ешкім бұл сұрақтардың жауабын анық білмейді. 39 құрбанның ішінде 9 жастағы балақай да болған. 

1985 жылдан кейін қос клуб тек, 2005 жылы Чемпиондар Лигасының жартылай финалында кездесті. Энфилдтегі бірінші ойында жергілікті жанкүйерлер алаңдағы таблоға "Достық" деп жазды, өз кезегінде туриндік жанкүйерлер қос команда алаңға шығып жатқанда кері бұрылып, арқасындағы достық жазуын көрсетті. Қарымта ойында италиялықтар қақтығыс қаупі жоқ болса да, қатаң қауіпсіздік шараларын қарастырды.