- Негізгі бет
- Маккала
- Чемпиондар лигасы. Берлинге...
Чемпиондар лигасы. Берлинге барар жол...
Бүгін түнде футболдан Еуропаның басты бәсекесі – Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы «Бавария» мен «Барселона» клубтарының қарымта кездесуі өтеді. Бірінші ойында каталондық клуб 3:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.
2014/2015 маусымдағы Чемпиондар лигасының финалы Берлинде өтеді. Дүбірлі доданың шешуші ойынына шығу үшін «қартамыс құрлықтың» қаншама клубтары тер төкті. Солардың ішінде мюнхендік «Бавария», каталондық «Барселона», туриндік «Ювентус» пен мадридтік «Реал» «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, жартылай финалға дейін жетті. Енді финалға екі клуб жолдама алатын болады.
«Камп Ноудағы» бірінші ойында «Баварияны» ойсырата жеңген «Барселона» финалға шығуға бір қадам жақын. Бірақ, мюнхендік клубтың да өз алаңында бір айтары бары сөзсіз. Десе де Луис Энрике жаттықтыратын ұжымды «Портумен» салыстыруға тағы келмейді. Естеріңізде болса, ширек финалда түзде португалдық клубтан 3:1 есебімен жеңілген Хосеп Гвардиола шәкірттері өз алаңында 6:1 есебімен айқын жеңіске жеткен еді.
2012/2013 маусымдағы Чемпиондар лигасының жартылай финалында да «Бавария» мен «Барселона» кездескен еді. Ол кезде каталондық клуб ауыр кезеңді басынан өткеріп жүрген болатын. Бас бапкер Тито Виланованың денсаулығы сыр беріп жүрсе, Месси бастаған жігіттердің де ойыны алға баспай тұрған уақыт еді. Осы бір кезеңді сәтті пайдаланған мюнхендік клуб өз алаңында 4:0 есебімен жеңіске жетіп, «Камп Ноуда» 3:0 есебімен басым түскен еді. Ал бұл маусымда керісінше «Баварияның» халі мүшкіл. Себебі, негізгі құрамның бірнеше футболшылары жарақатына байланысты ойынға қатыса алмауда. Бәлкім, бұл жолы «блауграна» сол есесін қайтаруға ұмтылатын болар...
Каталондық клуб соңғы 7 ойында жеңілмек түгіл, өз қақпаларына гол да салдырған жоқ. Ал қарсыластарының қақпасына 25 гол соқты. Ал «Бавария» бұл статистикамен «санаса» алмайды. Мұны негізгі құрам ойыншылары Арьен Роббен, Давид Алаба, Франк Рибери, Хольгер Бадштубердің жарақат алуымен түсіндіруге болады. Ал Себастьян Роде бүгінгі ойынға қатысады деп күтілуде.
Букмекерлік орталықтар «Бавария» жеңісіне – 2,64 коэффициент, тең ойынға – 3,7 коэффициент, «Барселона» жеңісіне – 2,62 коэффициент беріп отыр. Ойын Астана уақытымен сағат түнгі 00:45-те басталады.
Кездесуге ағылшын төрешісі Марк Клаттенбург қазылық жасайтын болады. Кездесуді «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар.
Әрине, бүгін түндегі кездесу нағыз тартысқа толы болмақ. Спорт, әсіресе футболда күтпеген нәтижелер көптеп кездеседі. Ал сіздер бұл ойындар туралы қандай ой қосасыздар? Айта отырыңыздар!
О. Сансызбай