Chemistry Cup - 2012. Иван жеңілген жоқ

Chemistry Cup - 2012. Иван жеңілген жоқ

 "Chemistry Cup-2012" боксшылар турнирі Германияның Галле қаласында өтіп жатқаны жайлы айтып өттік. Бұл байқауға аттанған жігіттеріміздің екеуі жүлделі орындардан көріне алмайтын болды. Екі бірдей боксшымыз Қанат Әбутәліпов пен Иван Дычко ширек финалдан өте алмай қалды.

60 келі салмақ дәрежесіндегі Ғани Жайлауов Францияның намысын қорғап жүрген Рашид Аззединді  8:7 ұпай санымен жеңді. Естеріңізге сала кетсек, бұл екі боксшы Алматыда өткен "Төрт елдің турнирі" жарысында кездескен болатын. Кездесу  6:6 есебімен аяқталғанымен, төрешілер жеңіске лайықты деп біздің спортшыны таныды. Бұл жолы да біздің жігіт жеңіске жетіп, жанкүйерлерін бір қуантып жіберді. Ендігі басты мақсат жартылай финалда Ресей боксшысы Дмитрий Полянскийден басым түсу. Дмитрий де намысты қолынан оңай беретін спортшыға ұқсамайды. Олай дейтін себебіміз, Полянский ширек финалда түрік боксшысы Фатих Келесті 12:9 есебімен  тізе бүктірген болатын.

75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген Данабек Сужанов ширек финалда Ирландия азаматы Даррен О'Нэйлмен жұдырықтасты. Данабектің қарсыласы Даррен жеңіске жетпегенімен, намысын қолдан бермеуге тырысты. Бір айта кететіні Даррен де біздің Данабек сияқты Олимпиада ойындарына жолдама алып, әлемдік сахнада өнер көрсетпекші. Айтпақшы, Даррен О'Нэйл АІВА рейтингінде 3 орында болса, Сужанов 32 орынға ие. Дегенмен, Данабек ирландиялық боксшыдан басым түсті.

Серікке көп үміт артып едік, міне, жеңіс! 69 келі салмақ дәрежесіндегі Серік Сәпиев АҚШ спортшысы Эррол Ли Спенспен шаршы алаңға шығып, бақ сынасты. Ертеректе бұл екі боксшы арасындағы кездесу 20:10 есебімен аяқталған болатын. Осы жолы да Серіктің жеңіске деген құштарлығы көзінен көрінді. Эррол Ли Спенсті 18:10 есебімен тізе бүктірген Серік бүгінгі жартылай финалға жолдама алды.

"Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді" демекші, бұл жолы Қанаттың жолы болмады. 56 келі салмақ дәрежесіндегі Қанат Әбутәліпов Түркия азаматы Мехмет Топаканнан 11:18 есебімен жеңіліп қалды. Жігітіміздің екінші, үшінші раундта көрсеткен белсенді соққылары мен техникасын төрешілер көрмеді ме, әлде көргісі келмеді ме, белгісіз. Өзіңіз таразылаңыз.

Ауыр салмақ дәрежесіне көшсек. 81 келілік Әділбек Ниязымбетов голландиялық Петер Мюлленбергті 11:9 есебімен жеңді. Айырмашылығы екі ғана ұпай болғанымен, бұл екі ұпай Әділбекке оңай беріле салған жоқ. Кездесудің бірінші раунды 3:2 есебімен аяқталса, екінші раундтан кейін есеп 7:5 болды. Үшінші раунда Әділбек қулық танытып, бәсекелесінен қашып жүріп, оны соққы астына ала берді. Осындай тактиканың арқасында, маңғыстаулық спортшы жеңіске жетті. Енді Ниязымбетов ирландиялық Жозеф Вардпен жұдырықтасады. Әділбекке тек сәттілік тілейміз.

91 келі салмақ дәрежесіндегі қазақстандық Иван Дычко Ресей боксшысы Сергей Кузьминмен жұдырықтасып,  терезесі тең өнер көрсетті. Таблодағы есеп  4:4 болғанымен, жеңіс Кузьминге берілді. Ваня жеңілмеді. Төрешілер шешім қабылдаған кезде, көрермендер айқай-шу шығарып, өз наразылықтарын білдіргенімен, біздің спортшы жеңістен қағылып қалды. Бірінші раунда Иванның дәл соққылары да есепке алынбады. Төрешілердің қателігі ме, әлде боксшымыз сәтсіздікке тап болды ма, оны көрермен шешсін. Ең бастысы Иванның жеңілмегеніне қалың жұрт куә болды.

Бүгін "Chemistry Cup - 2012" турнирінің жартылай финалында жерлестеріміз мына боксшылармен жұдырықтасады.

60 келі: Ғани Жайлауов (Қазақстан) — Дмитрий Полянский (Ресей)

75 келі: Данабек Сужанов (Қазақстан) — Эскуива Флорентино Фалькао (Бразилия)

69 келі: Серік Сәпиев (Қазақстан) — Патрик Воджиски (Германия)

81 келі: Әділбек Ниязымбетов (Қазақстан) — Жозеф Вард (Ирландия)

Сурет  :alasharena.kz