Бүгін оңтүстік астанамыз Алматы қаласында футзалдан УЕФА Суперкубогінің жеңімпазы «Қайрат» командасының елге оралуына байланысты баспасөз жиналысы болып өтті. Жиынға Қазақстан Футбол Федерациясының вице-президенті Саян Хамитжанов, «Қайрат» командасының президенті Қайрат Оразбеков және команданың бас бапкері Какау қатысты.
«Қайрат» командасының президенті – Қайрат Оразбеков:
– Біз расымен өз ізімізді тарихта қалдырдық. Команда алдына қойған мақсатты толығымен де орындады. Енді біз екі ай көлемінде демалысқа шықсақ деген ойдамыз. Ойыншылар, бапкерлер және клуб ұжымы қыруар еңбек атқарды. Дегенмен, сол маңдай теріміз бен тынбай жасаған еңбегіміз лайықты бағаланды. Барша Қазақстанды жеңістерімен құттықтаймын. Мен Тбилисиде бізді қолдаған жанкүйерлердің соншалықты көп болғанына таң қалдым. Және сол үшін де оларға алғысым шексіз. Кубок Қазақ футболының 100 жылдығына тамаша сыйлық болды деп есептеймін.
"Қайрат" командасының бас бапкері - Какау:
– Ең алдымен біздің жеңісімізге елеулі үлес қосқан Алматы қаласының әкіміне алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ Қазақстан Футбол Федерациясына да алғысым шексіз. Команданың қызметкерлері де жеңіске елеулі үлестерін қосты. Сіздерге көрінбейтін шығар бұл еңбек, дегенмен ол кісілердің алаңның сыртында атқаратын қызметтері өте ауыр. Бұл тек "Қайраттың" ғана жеңісі емес, бұл бүкіл Қазақстанның жеңісі деп білемін. Біз енді Еуропада нөмірі бірінші командамыз. Жартылай финал алдында "Барселонаның" президенті мен Мишель Платина каталондықтардың келесі кезеңге шығуын ерте бастан тойлаған болатын. Дегенмен, матч аяқталған соң, "Барселона" емес, біз финалда болдық. Тап осы ойыннан соң, бізде жоғалтатын ештеңе болмады. Ештеңеден де қорықпадық. Сол үшін де "Динамомен" өткен финалдық кездесуде жеңіске жеттік.
Бүгін мен испандық және бразилиялық белді басылымдардың біріне сұхбат бердім. Қараңыздаршы, енді біз мұхиттың арғы жағында да танымалмыз. Бұрындары шет ел командаларын Қазақстанға жолдастық кездесуге келтіре алмай әлек болатын едік, енді Еуропа командаларының өздері жолдастық кездесу өткізуге ұсыныс жасап жатыр. Менің 12 жігітім де нағыз қаһарман. Иә, мен олардың солай атаймын. Бүкіл Қазақстан солай атаса деген ниетім де бар.
Репортажды дайындаған: Уалихан Қосанбай