Бүгін, яғни, 12 маусым күні Алматыда ерлер арасындағы су добынан әлемдік FINA лигасының суперфиналы басталды.
Турнирге сегіз елдің ұлттық құрамалары қатысатын болады. Командалар екі топқа бөлінген. Қазақстан өз кезегінде Қытай, Италия, АҚШ елдерінің құрамаларымен бір топта өнер көрсетіп, бақ сынайды. Екінші топта Бразилия, Хорватия, Австралия және Испания спортшылары текетіресетін болады.
Бүгін сағат 13:30-да Хорватия мен Австралия спортшылары кездесу өткізіп, Хорватия құрамасы 14:11 есебімен жеңіске жетті. Қазір Италия мен Қытай, Бразилия мен Испания өз кезектерін күтіп тұр. Содан соң 17:30-да чемпионаттың ресми ашылу салтанаты болып өтеді. Салтанатты жиыннан соң, көпшілік күннің басты матчі - Қазақстан мен АҚШ арасындағы ойынға куә болады.
Бұл чемпинаттың өтуі үшін 29 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, Қазақстанның су спорты федерациясы көп дайындалды. Алматыдағы орталық жүзу бассейнін халықаралық стандартқа сәйкестендіру үшін барынша күш салынған. Трубиналар кеңейіп, чемпионатты 350 адам еркін отырып тамашалай алатындай болды. Сонымен қатар ойындарды трансляциялау үшін қосымша екі экран орнатылғандығын да айта кетелік.
Бұл турнир маңыздылығы бойынша Олимпиадалық ойындар мен Әлем чемпионатынан кейін үшінші орында деп бағаланып жүр. Чемпионат ТМД территориясында алғаш рет ұйымдастырылып отырғандықтан, бұл оқиға еліміз үшін үлкен абырой екендігі сөзсіз.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан