- Негізгі бет
- Маккала
- Бүгін Роналду Рауль...
Бүгін Роналду Рауль рекордын жаңарта ма?
Бүгін түнде Чемпиондар лигасының екінші күніндегі кездесулер жалғасын табады. Ал біз әдеттегідей, кездесулер алдындағы шолуымызды ұсынамыз.
«Зенит» - фаворит, «Монако» - аутсайдер...
Ресейлік клубтар қатарында «Зениттің» ғана көрсеткіштері жоғарылап келеді. Маусыммен қоса, топтық кезеңнің бірінші ойынын да сәтті бастады. Түзде «Бенфикадан» басым түсті. Ал «Монаконың» бұл маусымдағы нәтижелері төмен. Хамес Родригес пен Радамель Фалкао барда клуб чемпиондыққа дейін таласқан-ды. Бірақ, соңғы ойындары өз мәнерінде емес. Бар болғаны бір голдан артық соққан кездесулері жоқ. Тек топтық кезеңнің бірінші ойынында «Байерді» жеңді демесеңіз... Ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. Екі ұжым өз тарихтарында алғаш рет кездескелі отыр.
Леверкузенде қандай есеп тіркеледі?
«С» тобында бірінші кездесулерінде жеңіліс тапқан «Байер» мен «Бенфика» кездеседі. Леверкузенде қандай нәтиже тіркелетінін болжап айту қиын. Бірақ, спорт сарапшылары алаң иелерінің жеңіске мүмкіндігін мол санауда. Лиссабондық команданың негізгі қақпашысының алаңға шықпауы, «Байерге» көмек болуы да ғажап емес. Ал «Бенфика» екінші нөмірмен өнер көрсетеді деп күтілуде.
«Мальмеден» сенсация күтеміз бе?
«А» тобында «Олимпиакостың» кезекті ұпайын иеленуіне мүмкіндік туып тұрғандай. Бірақ, екі клуб та соңғы минутқа дейін тартыс жүргізе алатын ұжымдар қатарынан. Алаң иелері соңғы 13 ойынында орта есеппен екі голдан соғып келген. «Мальме» қорғаныста сәтті ойнауға машықтанған. Ал грек футбол клубының жартылай қорғаушыларының қос қанаттан шабуыл ұйымдастыра білуі алаң иелеріне қауіп төндіруі мүмкін. Жылдам қарымта шабуыл қонақтардың басты басымдығы деп қарауға болады.
«Ювентус» гол соға ма, әлде гол соқтыра ма?
Маусым басталғалы бері өз қақпаларына гол жібермеген туриндік «Ювентус» бүгін түнде Мадридте «Атлетикомен» кездеседі. Бірінші ойында жеңіліс тапқан Диего Симеоне командасы жеңіс үшін ойнайтыны анық. «Висенте Кальдероннан» үш ұпай арқалатып жібереді деп айту артығырақ. Қарымта шабуылда сәті түсіп жатса, қызуқанды италиялық ұжымды тоқтату да оңай емес.
Старридж «Базельге» қарсы ойнамайды
Швейцариялық клуб күтпеген сый жасайтын клубтардың қатарынан. Осыған дейінгі Чемпиондар лигасында Еуропаның талай топ-клубтарының меселін басқан. Бүгін бабына толыса алмай жүрген «Ливерпульдың» үш ұпай еншілеп қайтуы оңайға соқпасы анық. Спорт сарапшылары алаң иелері жеңілмейді деп мәлімдеуде. Ойынға Брендан Роджерс шәкірттері сапынан Дэниэль Старридж қатыспайды.
Роналду Рауль рекордын жаңарта ма?
«Лудогорец» өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. «Энфилд» стадионындағы «Ливерпульге» қарсы бірінші ойында да жақсы қырымен таныла білді. Ал бүгінгі қарсылас, азуын айға білеген мадридтік - «Реал». Сөзсіз фаворит де. Үш ұпай еншілеп қайту үшін белсенері бесенеден белгілі. «Корольдік клубтың» Чемпиондар лигасындағы соңғы түздегі көрсеткіштері жоғары. Болгарлық клуб болса испандық ұжымдарға қарсы екінші рет қана өнер көрсеткелі отыр. Өткен маусымда «Лудогорецті» 1/8 финалда «Валенсия» тоқтатқан болатын.
Бұл ойын өзге де мәнге ие. Кеше Чемпиондар лигасындағы сұрмергендер көшінде Роналдумен терезесі теңескен Мессиді португалиялық шабуылшының басып озуына мүмкіндік бар. Тіпті, тағы бір покер авторы атанып жатса, әйгілі Рауль рекордының мұртын бұзатын болады.
«Арсенал» жеңеді деп болжануда...
Лондондық «Арсенал» бүгін өз алаңында «Галатасарайды» қабылдайды. Бірінші ойында дортмундтық «Боруссияға» есе жіберген клуб, осы ойында ұпайдан шашау шығармау керек. Бірақ, «Галатасарайдың» да жаңа маусымдағы жағдайы мәз емес. Ішкі біріншілігінде 4 ойыннан кейін 7 ұпай ғана еншіледі.
«Андерлехт» тосын сый жасауы мүмкін
Бельгияның «Андерлехт» футбол клубы бүгін дортмундтық «Боруссияны» жеңуге талпынып көрмек. Бесник Хаси командасы бірінші кездесуде «Галатасарайдан» соңғы сәтте гол жіберіп, тең ойнап қалған еді. Тағы бір бабын байқауға кезек келіп тұр. Десе де, неміс ұжымының фаворит екенін естен шығармағанымыз жөн. Ойыны жүрмей жатпаса, Юрген Клопп шәкірттері жеңіске жетуі тиіс. Бірақ, футбол мамандары бүгін «Андерлехттен» тосын сый күтуде.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.ru, uefa.com, goal.net.ua
О. Сансызбай