Бүгін - бүкіләлемдік футбол күні

Бүгін - бүкіләлемдік футбол күні

Футболдың әлемдегі нөмірі бірінші спорт екендігін дәлелдеп жатудың еш қажеті жоқ. Оны ондаған мың жанкүйерлерге толы стадиондар, теледидар алдында көздерін тырнап ашып, трансляцияны күткен миллиондаған көрермендердің ыстық ықыласынан-ақ байқауға болады. Бүгін осы бір көптің сүйіктісіне айналған ерекше спорт түрінің халықаралық күні.

Халықаралық Футбол күні БҰҰ-ның шешімімен енгізілген болатын. 1897 жылы Ресейде футболдың туған күніне орай Санкт-Петербург қаласында жергілікті командалардың кездесуі өткізіледі. Міне, дәл осы күннен бері футбол күні бүкіләлемдік деңгейде тойланып келеді. 

Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, әлемде кәсіби футболмен айналысатын адамдардың саны 120 миллионнан асады. Оның 20 миллионға жуығы - әйелдер қауымы екен. Ал жалпы тіркелген командалардың саны - 1,5 милллионнан асады, оның 300 000-ға жуығы кәсіби клубтар. Бұл көрсеткіштен кейін аяқ доп жанкүйерлерінің санын есептеп шығару мүмкін емес шығар... Сондықтан атаулы күн ешкімді бей-жәй қалдырмайды деген сенімдеміз.

Футболдың тарихы бірнеше ғасыр уақытты қамтиды. Доптың қатысуымен футболға ұқсас ойындарды Ежелгі Шығыста (Египет, Қытай), Антика әлемінде (Греция, Рим), Франция елінде («па супь»), Италия («кальчио») мен Англияда ойнаған. Қазіргі еуропалық футболдың арғы тегі римдік «гарпастум» ойыны болса керек. Допты екі тіреудің ортасынан өткізуге негізделген бұл ойын кезінде әскери легионерлерді жаттықтыруға арналған спорттың бір түрі болған көрінеді. Футболға ұқсас ойын Ежелгі Мысырда б.з.б 1900 жылы, Ежелгі Грецияда б.з.б. 4 ғ. дейін белгілі болған. Бұған Афина мұражайында қазіргі уақытқа дейін сақталып тұрған «доп ойнаған баланың» суреті дәлел бола алады. Спарта сарбаздарының арасында «эпискирос» атты доп ойыны өте жиі кездесетін. Қолмен де, аяқпен де ойнайтын ойынды римдіктер «гарпастум» («қол добы») деп атап, олар ойын ережесін бірнеше рет өзгерткен. 

Фубол қақпасы 1891 жылы өткен Оңтүстік және Солтүстік Англия командаларының кездесуінде ойлап табылған.

Осынау тарихы тереңнен басталатын ерекше спорт түрінің майын ішіп, жілігін шағып жүрген спортшыларымызды және осы салада қызмет етіп жүрген азаматтар мен футболсүйер жанкүйерлерді мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!

Сурет:weekend.ria.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева