- Негізгі бет
- Маккала
- Бүгін «Алтын допты»...
Бүгін «Алтын допты» кім иеленеді?
2014 жылдың үздік футболшысы кім? «Алтын допқа» кім лайықты өнер көрсетті? Үздік үштіктен кім қара үзіп шығады? Ендеше сараптамалық шолуымызды оқи отырыңыздар.
Бразилиядағы әлем чемпионаты аяқталысымен, «Алтын доптан» үміткер ойыншылар туралы спорт тілшілері сан түрлі сараптамалық ақпараттар жариялады. Әсіресе, неміс басылымдары бұл жүлдені Мануэль Нойер немесе Томас Мюллерге беруге ерте асықты. Бұл жазғандарынан нәтиже де шыққан секілді. Ұлттық құрама мен мюнхендік «Бавария» қақпашысы үздік үштікке ілінді. Кей сарапшылар пікірінше, Мануэль Нойер спорт тілшілері тарапынан ең көп дауыс жинаған да көрінеді. Егер ұлттық құрама капитандары мен бапкерлерінің көбі бұл футболшыны үздік деп танып жатса, «Алтын допты» иеленіп қалуы ғажап емес. Десе де Мануэль Нойермен тең дәрежеде жетістікке жеткен Томас Мюллерді де ұмытпаған жөн. Онымен салыстыра қарар болса, қақпашы бұл марапатты иеленбеуі бек мүмкін. Өйткені, жақында бірнеше ұлттық құрамалардың бапкерлері мен капитандарының Роналдуға дауыс бергені белгілі болған. Мәселен, Марокко ұлттық құрамасының бас бапкері Баду Эзакки Роналдуды қолдайтынын жеткізіпті.
- Мен бұрынғы қақпашы ретінде Мануэль Нойерді бұл атаққа лайықты санамаймын. Себебі, Бразилиядағы әлем чемпионатында Германия құрамасы жеке ойыншының емес, командалық ойынның арқасында жеңіске жетті. Мен өз дауысымды Криштиану Роналдуға бердім. Себебі, ол Чемпиондар лигасын, Испания кубогын және клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алды. Бірнеше рет рекордтар орнатты. Оған неге дауыс бермеске? - деген.
Өткен жылы «Алтын доп» Криштиану Роналдуға бұйырған. Бұл жылы да португалдық сұрмерген жоғарғы деңгейде өнер көрсетті. «Реалмен» бірге Чемпиондар лигасын, Испания кубогы мен клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алды. Сонымен қатар, осы додада ең көп гол соққан ойыншы ретінде рекорд орнатты. Лионель Мессиді де тізімнен сызып тастауға болмайды. Командасымен ірі жетістіктерді бағындыра алмаса да, жекелей рекорд орнатуда алдына жан салған жоқ. Бірақ, көп футбол мамандары аргентиналық ойыншы үшін өткен жыл сәтті өтті деп болжап отырған жоқ. Ал Мануэль Нойер ше? Шынтуайтына келгенде, неміс қақпашысы үшін бұл жыл жаман өте қойған жоқ. Әлем чемпионы атанып қана қоймай, үздік қақпашы атағын да иеленді. Чемпиондар лигасында топ жара алмаса да, бундеслигадағы биіктіктерді бағындырды. «Алтын доп» иегерін анықтауда жеткен жетістікпен қатар, жеке бастың шеберлігіне де баса мән беріледі. Мануэль Нойер болса командасына керек кезде орталық қорғаушы қызметін атқарып кететін сәттерін де жақсы білеміз. Мишел мырза айтқанынын ескерер болсақ, қақпашы неміс құрамасы сапынан бірден-бір әрі басты үміткер саналуда. Егер Германия құрамасы мен «Бавария» қақпашысы бұл атақты иеленіп жатса, «Алтын допты» иеленген футбол тарихындағы екінші қақпашы атанатын болады.
Букмекерлік орталықтар Криштиану Роналдуды фаворит санап отыр. Кей бейресми ақпараттарға сүйенсек, бүгін «Алтын допты» португалдық ойыншы иеленуі мүмкін. Футбол мамандары да бұл атақ төңірегінде өз пікірлерін білдіріп бағуда. Ендеше оқи отырайық.
«Алтын доп» секілді жеке ойыншыға берілер марапаттардан футболға келер пайда жоқ. Үздік футболшы дауыс беру нәтижесінен емес, жеке адамның сүйікті футболшысы кім екеніне қарап анықталады. Сондықтан, оған мән берудің керегі шамалы.
Жозе Моуринью
Мен үшін фаворит - Нойер. Ол 2014 жылдың қорытындысы бойынша өзгелерден көп еңбек сіңірді.
Диего Марадона
«Алтын допты» Криштиану алмаса, онда нағыз масқара болады. Роналдудың мықты екенін бәрі де біледі. Әр ойын сайын гол салудан жалыққан емес. Одан өзге қандай дәлел керек?
Фабио Коэнтрау
Ал Криштиану Роналдудың өзі бұл туралы не дейді?
Мен «Алтын доп» жайлы ойлағым да келмейді. Менің жұмысым сыйлықты армандау емес, футбол ойнау - десе, келесі бір сұхбатында: үздік болуға қашанда талпынамын. Жыл сайын өзіме деген талапты арттырып отырамын. Әлемді алдап, жасандылық жасағым да келмейді. «Алтын допты» жеңіп алғанды қалаймын, олай айтуыма толықтай құқығым бар. Себебі, мен оған лайықты өнер көрсеттім!»
Басты үміткер - Нойер мен Роббен еді. Әлем чемпионатында екеуі де жоғарғы нәтиже көрсетті. Бірақ, «Алтын доптың» кімге бұйырарын футбол шешпейді, бәрі саясат саясында шешіледі. Әсіресе, жасыл алаңдағы мықтыларға қарағанда, жарнамаға көп түсетін ойыншылардың бұл жүлдені иеленуге мүмкіндігі мол.
Франк Рибери
Мануэль Нойер «Алтын допты» иеленетініне сенімді емес:
Әр кездесуден кейін жанкүйерлердің есінде қақпашылардың сэйвтері емес, голдар естерінде қалады. Қақпашының жеңіске қосқан үлесін ешқашан да бағалаған емес.
2014 жылы Мессидің ойыны жарқын деп айтуға келмейді. «Алтын доп «Роналдуға бұйыру керек.
Роналдо
Ал Питер Крауч пен Златан Ибрагимович мүлде басқаша ойлайды.
Мені «Алтын допты» кімге беретіні қызықтырмайды. Мен бірде-бір рет үміткерлер қатарына ілінбеппін, демек ФИФА дұрыс шешім шығара алмайды. Онда сөзсіз бір түсінбестік бар, сондықтан қатысқым да келмейді.
Питер Крауч
Бұл маусым - спорттық мансабымдағы ең кереметі. Мен дәл бұрынғыша әлемнің ең керемет футболшысы болып қала беремін.
Златан Ибрагимович
Расында да, 2014 жылдың үздік футболшысы ретінде «Алтын допты» иеленетін ойыншылар туралы сан түрлі пікірлер бар. Бірі - Роналдуды лайық десе, екіншісі - Мессидің атын атайды. Ал үшінші біреулер, «Мануэль Нойер иеленсе әділетті болар еді» - деген көзқараста. Ал сіздердің спорт сарапшысы ретінде пікірлеріңіз қандай? Айта отырыңыздар!
Сурет: eurosport.ru