Бразилия құрамасы финалға шықты

Конфедарация Кубогінің жартылай финалында оңтүстік америкалық қос ұжым кездесті. Бразилия құрамасы тартысты өткен кездесуде Уругвай құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, финалдық бөлікке жолдама алды. 

Төрешінің ысқырығы естілуі мұң екен, бір-бірін алыстан танитын қос мықты аянып қалмады. Алаңға иелік етуде уругвайлықтар басымдылықты қолдарына алған болатын. Және ойынның бас бөлігінде төреші бразилиялықтардың айып алаңы ішінде уругвайлыққа қарсы тәртіп бұзылғанын көріп, 11 метрлік айып добын белгіледі. Қай жолғыдай өзіне сенімді Диего Форлан допқа келіп, бұрышқа шірене тепкен еді. Өзіне сенімді Жулио Цезарь доп ұшқан бағытта мысықша секіріп, қақпасын болып тұрған голдан құтқарып қалды. Бір сөзбен айтқанда, уругвайлытардың ішкі есебін тас-талқан етті. 

Одан кейін салы суға кеткен уругвайлықтар азуларын көрсете алмады. Керісінше, қанаттанып кеткен пентокомпиондар бірі қостап, бірі ашылып, дәстүрлі көрініске айналған щабуылдарына көшті. Халк пен көрінбей жүрген Неймардың табаны қыза бастады. Сондай сәттердің бірінде Тьяго Силва болуы керек, орталық бөліктен қақпа маңына әуелетіп доп тастады. Көктен іздегенін жерден тапқан Неймар жалма-жан қос қорғаушыдан сытыла беріп, жетіп .үлгерген Муслерадан асырып пас тастағысы келеді. Қақпашыдан қайтқан доп алаң ішінде қала берген тұста Фред шабуылшы табыла кетіп, асқан сенімділікпен қақпа шетіне тоғыта салды.

Жалпы, бұл турнирде Уругвайдың қорғанысы тым нашар өнер көрсетуде. Қорғаушылар бір-бірін түсінбей ме, әлде қарсы жақтың ойыншылары мықты ма, тура жерде доптан жаңылысып қалып, састырып-ақ жүргені.

Сонымен не керек, аңдап қалған ескі жау 15 минуттық үзілістен келді. Қарсылас жақтың бейқамдылығы бір аңдалатын  тұс осы еді. Әккі уругвайлықтар қапысын тауып, есепті еш қиындықсыз теңестіріп кетуг мүмкіндік алды. Ағылшын клубтарының аузында жүрген Эдинсон Кавани Бразилия қорғанысындағы қателікті дер кезінде пайымдап, сол аяғымен Цезарь қорғаған қақпадан саңылау тауып кете алды. 

Кейінгі бір тұста "Зениттің" ойыншысы Халк Муслера қорғаған қақпағы тура соққы бағытттап көрді. Қақпашы қай жолғыдай білік танытып, тәуекелге бармай жатып, соққыны жұдырықпен кері қайтарды. 

Бір кезде стадионның қошеметі айрықша білінген тұс болды. Сөйтсе, Сколари Бернардың шығаруға бел буып, ойыншыны қыздырынуға жіберіпті. Маусым біткенше жас таланттың ойынын осы жерден тамалашалаған "Атлетико Минейро" жанкүйерлері тағы бір кереметті күтіп отыр еді.

Бернар бапкер үмітіп ақтап, алаңға шыға салысымен ең белсенді футболшылардың біріне айналды. Сол жақ қапталдан сәтсайын әріптестеріне пас асырып беруге тырысып көрді. Бірақ, әр жолы сәтсіз шығып жатты. Оның үстіне, уругвайлықтардың барлығы дерлік өз айып алаңдарына шоғырланып алып, тас қамал қорғаныс үлгісін көрсетіп жатты. 

Ойынның бітуіне санаулы минуттар қалғанда Тиаго Сильва өз қақпасына доп жіберіп қоя жаздады. Орта бөлікке бағытталған ойыншыға Суарестен бұрын жетем деп, жан алқынған сәтте өз қақпасына допты бағыттап жіберіп. Құдай сақтағандай, доп қақпа үстінен жанай өтті. 

Қорғаушылардың қылығынан әбден мезі болған кезекті бұрыштама добын орындады. Ойынның бітуіне таяп қалған еді. Қақпаның алыс шетіне бағытталған допқа Паулиньо бірінші жетіп, жақын бұрышқа допты бағыттай салды. Муслеро дәрменсіз қала берді.

Қорыта айтқанда, бразилиялықтар дәл осындай сүренсіз ойынымен Еуропаның ұжымдарын жеңем десе, қатты қателеседі. Қазіргі еуропалық футболдың аяқ-алысы таңданыс тудырады. Командалық ойын мен темірдей тәптіппен бағындырылған ойын ең бірінші кезекте тактикаға, сосын барып голға құрылатын.

Ертең Испания мен Италия құрамалары кездесетін болады. Кеткен есені қайтару үшін италиялықтардың аянып қалмасы анық. Ал испандықтар тамаша ойын мәнерімен өз біліктерінен жаңылмаса болғаны. 

writeFlash({"allowFullScreen":"true","allowscriptaccess":"always","src":"//www.youtube-nocookie.com/v/wGPPW4gEoIo?version=3&hl=ru_RU","allowfullscreen":"true","width":"450","height":"320"});


Автор: Ерғали Елдос

Сурет: www.jevons.ru