2014 жылғы шағын футболдан «бір атаның балалары доп тебеді» додасы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жабық спорт кешенінде өтті. Үш күнге созылған доп додасында Көкеевтер командасы жеңіске жетті.
«Бір атаның балалары футбол ойнайды» деген айдармен Несіп Жүнісбайұлы ұйымдастырып жүрген дода 2000 жылдардың басында басталған. Одан кейінгі уақытта бірнеше жыл өтпей қалған кездері де бар. Соңғы жылдары қайта қолға алынып, еліміздің әр өңірінде өткізіліп келеді. Жылдан-жылға командалар саны артып, жарыстың ұйымдастырылу мен өту деңгейі көтеріліп келеді. Мұны Алматыдағы аламаннан да байқадық.
ҚазҰУ қалашығындағы турнирге барлығы 29 команда қатысты. Олардың қатарында ел премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген Мұрат Тлешов («Тараз») пен Рақымжан Розыбакиев («Қайсар») бастап келген командалар болды. Сонымен қатар, жарақатынан жақында айыққан осы турнирдің түлегі Жамбыл Көкеев те жарысқа қатысты. Көкеевтер әулетінің жанкүйерлері де көп болды.
Үш күнге созылған доданың финалдық кездесуіне Алматы облысы Ұзынағаш ауданына қарасты Тарғап елдімекенінің екі командасы шықты. Олар: Көкеевтер мен Иманқұловтар командасы. Яғни, финал «бір атаның балалары футбол ойнайды» деген ұранмен қоса, «бір ауылдың балалары футбол ойнайды» деген ұранға жалғасты. Ойын аса тартысты өтіп, екі рет Иманқұловтар командасы алға шыққан-ды. Бірақ, Жамбыл мен Жігер бастаған Көкеевтер таразы басын негізгі уақытта теңестіре білді. Ал пенальти сериясында Иманқұловтар қатарынан бір ойыншы қателесіп, жеңіс Көкеевтер командасының пайдасына шешілді.
Жарысқа қатысушы командалардың жоғарғы деңгейде дайындалып келгені айқын байқалады. Мұны турнирдің негізін қалаушы Несіп Жүнісбайұлы сөзінен аңғаруға болады.
- Жарыс биыл жоғарғы деңгейде өтті. 29 команда қатысты. Әр командада кемінде 10 ойыншыдан болды. Барлығы 300-ге жуық қатысушы болды. Бұл үшін өте қуаныштымын. Талай талантты жас ойыншылардың шеберлігіне қол соқтық. Талантты теңбіл доп шеберлерін іздеп келген бапкерлер болса, солардың көзіне іліккен ойыншылар болмады деп айта алмаймын. Бұл жарыстың басты жетістігі – бұқаралылығы. Сондай-ақ танымал ойыншылардың да өнер көрсетуі жас таланттарға үлгі. Жыл сайын бұл жарыстың керегесі кеңейе түсетініне сенімдімін. Қатысушы жас таланттардың ішінен қазақ футболының намысын қорғайтын таланттардың шығатынына үлкен үмітпен қараймын, - деді.
«Бір атаның балалары доп тебеді» додасында топ жарған Көкеевтер командасына 110 мың теңге табысталса, екінші орынға – 80 мың, үшінші орынға – 60 мың теңге сый жасалды. Сонымен қатар, Қазақстан футбол федерациясы жарысқа қатысушы барлық командаларға естелік сыйлықтар үлестірсе, турнир демеушілері үздік ойыншыларға арнайы жүлделер табыстады.
Жарыстың үздік ойыншысы болып Жігер Көкеев танылды. Ал турнирде бірінші орынды жеңіп алған Көкеевтер командасы капитаны Жамбыл Көкеев кубокты Иманқұловтар командасына сыйға тартып, құрмет көрсетті.
Сурет: massaget.kz