"Боруссияға" бағасыз бапкер

Юрген Клопптың дортмундық "Боруссияны" жаттықтырып келе жатқанына алты жылдың жүзі болып қалды. Осы уақыт аралығында "Боруссия" ел біріншілігінің көш басында тұрған әлемнің таңдаулы ұжымдарының біріне айналып үлгерді. Жергілікті "романтиктердің" атқарып жатқан көп ісі Юрген Клопптың еңбегі нәтижесінде...


Мотивация

Иә, оның эмоциялық құлық-мінезі кейде асып түсіп жатады. Мұны өзі де жасырмайды, долылық соңынан келген қуаныштар бұлшық еттердің тірілуі мен сезімдердің от шашуына жалғасса, оны түрлі телеарналар қалыс қалдырмай таратып жатса - футбол әлемі үшін бұл да бір қуаныш. Осы бір мінез-құлқымен 46 жастағы жаттықтырушы жарты әлемнің ыстық ықыласына бөленіп, Еуропаның құрметіне лайықталып, бәрінен бұрын тәлімгерлер арасын тәнті қалдырып жүр. Өз кезегінде, Клопп үшін дортмундық ойыншылар отқа түсіп, су кешуге дайын екендіктерін және мұны аптасына бір-екі рет дәлелдеп тұру өздері үшін түкке тұрмайтынын жасырмайды.

...Ойыншыларын дәл осылай дайындай алатын Клопп секілді жаттықтырушы жоқ шығар.

Тактикалық шешімдер

Футболды қайта ойлап таппаса да, есесіне сол уақытта тиімді әрі көзге қуатты ойын өрнегін жасап шығара алды. Дортмунд төрінде өзінің бапкерлік философиясын жүзеге асыра отырып, көп қайшылықтар мен көп кедергілерден өтті. Бірақ, әрбір жасалған қателік - оған ең қорқыныштысы емес. Олардан сабақ алып, еңбектеніп, бәрін дұрыстауға жасалған әрекет - бапкерлік мақсаты болатын.

Нәтижесінде бір кездері Клопптың өзі айтпақшы, "қылықты қорғаныс" пен "допты өзіне қайтару үшін ұжымдық жүгіріске" айналған "Боруссия" дүниеге келді. Қарсыластар жел-жүйрік ойынға қарсы тұрарлық өз әдістерін ойлап жатқанда, Клопп көп таңырқайтын ойын тактикасын ұсына бастады. Оған мысал ретінде "дортмунттың" қонақта "Арсеналға" өткізген ойынын, оған дейінгі кездесулерін айта кеткен жөн. 

Адалдық 

Бүгінде бір клуб сапында ұзақ жыл бойына сәтті жаттықтырып келе жатқан бапкерлер санаулы. Бүкіл ойыншылық ғұмырында Клопп Майнце-05» сапында тер төгіп келді, ал 2001 жылы клуб тізгінін өз қолына алды. Ең қиын сәтте де командаға деген адалдығын сақтап қала алды. 

Ертелі-кеш Клопп Оттмар Хитцфельд орнатқан клубтық рекордты қайталайды - «Боруссия» тізгінінде алты жыл уақыт. "Біздің "Боруссиямен" қарым-қатынасымыз айтып жеткізгісіз, бұл бір керемет үйлесімділік" - дейді UEFA.com сайтына берген сұхбатында. 

Клопп пен "Боруссия" басшылығы арасында құрметке лайық ықпалдастық сақталған. Өрендерді қанаттандыру, оларға жаңа өмір сыйлау - соның бір көрінісі. "Мен бұл клубқа ғашықпын - дейді бірде қырықтан асқан жаттықтырушы, - 2018 жылғы дейін маған хабарласпай-ақ қойсаңыздар болады".

Команданың өсіп-өнуі 

«Майнце» командасы сапында қомақты қаражатсыз-ақ мықты құрам жасақтап шығара алатынын дәлелдеді. Арада «Боруссияның» тізгінін ұстады, ал сол уақытта аталған клубтың жағдайы мәз емес еді. Үш жылдық дағдарыс пен қаржылы тапшылық жағдайында қол астына алуға бел буды.  

Клоппқа ұнау үшін ойыншы команда үшін жұмыс істеуі керек. Жағу үшін жақсы мінез-құлық пен "футболға деген өлердей сүйіспеншілігі" болуы тиіс. Ешбір жағдайда ол ұжым ішіндегі аураны құрбандыққа шалып көрген емес. Қолынан тек нәтижелі және жағымды аураны түзу ғана келді. Бұл турасында Илкай Гюндоганның (жартылай қорғаушы) бір сөзін қоса кеткіміз келеді: "Біз үнемі өзара қалжыңдасып, әзілдесіп жатамыз, бірақ, Клопп қай уақытта салмақты болу керектігін біледі. Көңіл-күйдің керемет үйлесімін табатын жан, қай уақытта да жаттығуларға асығып тұрамыз. Барлығымыздың қолайымызға жағатындай жағдай қалыптастырады. Ресми ойындарда жұлынып тұратынымыз сондықтан," - дейді. 

Сонымен бірге, Клопп келешегі бар ойыншылардан жұлдыз жасап шығара алатын маман. Ол қатарда Матс Хуммельс, Роберт Левандовски, Марсель Шмельцер мен Марио Гетцені айтсақ та жетіп жатыр. Олардың ізімен келе жатқан Йонас Хофманн мен Эрик Дурмдар да бір төбе.

2018 жылғы дейін келісімшартты ұзарту арқылы "Боруссия" ойыншыларына үлкен қуаныш сыйлағаны анық. Жаңа жылға тамаша сыйлық жасады.  

Осы сенбіде "Боруссия" "Баварияны" қабылдайды. "Сигнал Идуна Парк" стадионында өтетін ойынды Астана уақытымен сағат 23:30-да тамашалай аласыздар. 

"Неміс машинасы" Пептің жаттықтыруымен турнир кестесінің бірінші сатысында тұрса, іле ізімен дортмундық клуб өкшелеп келеді. Бірінде - 32 ұпай, бірінде - 28. Бұл ойын неміс футболының даңқ-дақпыртын шығаратын көрікті ойындардың біріне айналуы мүмкін.

Автор: Әкежан Дәкен

Сурет: bvb-russia.com; eurosport.ru; goodfon.ru; football.sport.ua