Екатеринбургте өтіп жатқан әлем чемпионатының сегізінші жарыс күн жеті боксшымыз шаршы алаңға көтерілді.
Командамыздан рингке бірінші шыққан Сәкен Бибосынов 52 келі салмақта өнер көрсетеді. Ол 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс және 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері (49 келіде) колумбиялық Юберхен Мартинес төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен ұтты.
Сондай-ақ бүгін әлем чемпионатында алғаш жарыс жолынан шығып қалған боксшымыз анықталды. 63 келіде сынға түскен Зәкір Сафиуллин тартысты өткен жекпе-жегінде кубалық Энди Гомес есе жіберді.
Артынша шаршы алаңға көтерілген Василий Левит (91 келі) украиналық Марат Григорянға еш мүмкіндік қалдырмай, 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті.
57 келіде бақ сынайтын Қайрат Ералиев тайландтық Чатчай Бутдиден айласын оңай асырды.
Әлем чемпионатында екі жекпе-жек өткізіп үлгерген 81 келідегі Бекзат Нұрдәулетов те жеңіске жетті. Жас боксшымыз Бразилия өкілі Кено Машадодан 4:1 есебімен басым түсті.
"Қазақтың салмағында" өнер көрсетіп жүрген Абылайхан Жүсіпов неміс боксшысы Ник Бирмен қолғап түйістірді. Тартысты өткен жекпе-жекте жеңісті төрешілер бірауыздан қазақстандық боксшыға берді.
Жарыс күнінің соңында рингке шыққан Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев (91 келі) испаниялық боксшы Аюб Гадфамен жұдырықтасып, оны екі мәрте нокдаунға жібергеннен соң техникалық жеңіске жетті.
Осылайша Қазақстанның қоржынында ширек финалдың жеті жолдамасы бар. Бұған дейін 75 келіде Тұрсынбай Құлахмет 1/4 финалға шығып қойды.
Ширек финалдағы боксшыларымыздың қарсыластары:
52 келіге дейін. Сәкен Бибосынов — Артур Оганесян (Армения)
57 келіге дейін. Қайрат Ералиев — Миразизбек Мирзахалилов (Өзбекстан)
69 келіге дейін. Абылайхан Жүсіпов — Роан Поланко (Доминикан Республикасы)
75 келіге дейін. Тұрсынбай Құлахмет — Арман Дарчинян (Армения)
81 келіге дейін. Бекзат Нұрдәулетов — Байрам Малкан (Түркия)
91 келіге дейін. Василий Левит — Хуссейн Яшаиш (Иордания)
91 келіден жоғары. Қамшыбек Қоңқабаев — Нелви Тиафак (Германия).