27 қазанда Ресейде өтетін бокс кешінде Бобыржан Момынов рингке шығады. Былғары қолғап шебері Жұлдыз FM радиосының "Кешкі шоу" бағдарламасында қонақта болып, алдағы жекпе-жегі, "Канеломен" таныстығы және бокстың қиындығы жайлы әңгімелеп берді.
– Былғары қолғаппен алғаш 2003 жылы таныстым. Қыстыгүні көршіміз Руслан аға көшеде бокстасып жүргенімді көріп, залға апарды. Осылайша аудандық деңгейде бокспен шұғылдандым. Боксқа бағыт-бағдар көрсетіп, әкелген сол Руслан ағам болды.
– Кез келген боксшы Олимпиадаға барсам, чемпион атансам деп армандайды. Сіз неге кәсіпқой боксқа ауысуды шештіңіз?
– Біздің әуесқой бокста бәсеке өте жоғары. Ұлттық құрамаға шақыртуды ұзақ күттім. Біраз уақыт екінші-үшінші нөмірлі боксшы болдым. Қарасам уақытым өтіп жатыр. Сосын жақындарыммен ақылдасып, кәсіпқой боксқа ауысуға бел будым. АҚШ-та дайындалып жүргеніме 4 жылдан асыпты.
– Әр мамандықтың қиындығы болады, бокстың қиындығы неде?
– Қазір жекпе-жек алдында салмақ қуып жүрмін. Осы кезде бокстың бар қиындығын түсінесің. Салмақ ауыстыратын кезде психологиялық тұрғыда әсер етеді. Кейде боксқа не үшін келдім деген сұрақтар ойға келеді. Дегенмен ер-жігіт болған соң ақылға келіп, намысқа тырысып қиын кезеңнен өтесің.
– Белбеулеріңіз жайлы айта кетсеңіз.
– WBC тұжырымы бойынша 67 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде Азия чемпионымын. NBA Intercontinental белбеуім бар. Жақында Қазан қаласында IBF тұжырымының Intercontinental белбеуі үшін жекпе-жек өткіземін. Кездесу он раундқа жоспарланған. Жекпе-жегім 27 қазан күні All Champions Kazan 2020 турнирі аясында өтеді.
– Жекпе-жегіңізге аз уақыт қалды. Қандай сезімдесіз?
– Дайындығым жақсы. Біраз уақыт жаттықтық. Қажет нәрсенің бәрін істедік. Тек шаршы алаңға шығу қалды.
– Қарсыласыңыз жайлы не айтасыз?
– Қарсыласым – Ресей боксшысы Вагинак Тамразян. 34 жаста. Өте тәжірибелі боксшы. 24 жекпе-жек өткізген. Негізі әр қарсыласты сыйлаған дұрыс қой. Ол да шаршы алаңға "жеңемін" деп шығады. Дегенмен өзімді жігерлендіріп, тек жеңіс үшін жұдырықтасамын.
– Мексикадан шыққан бокс жұлдызы "Канелоның" спарринг-қарсыласы болған кезде әлемге танымал бола түстіңіз...
– Үш жыл бұрын таныстым. Жаттықтырушым Головкинмен алғашқы жекпе-жегінің алдында хабарласып, қазақ бокс мектебінің өкілі ретінде дайындалуға ұсынды. "Канелоның" командасы ұзақ ойланбастан Мексикаға шақырды. 9 ай бойы бірге дайындалдық. Спарринг өткіздік. Головкинмен стиліміз ұқсас болғандықтан жекпе-жекке бірге дайындалдық.
"Канело" әлемдік деңгейдегі бокс жұлдызы болғанымен былайғы өмірде өте қарапайым. Нағыз кәсіпқой спортшы. Одан үйренгенім, жаттығудан түйгенім көп болды. Өз басым оны сыйлаймын.
– Головкинге қарсы жекпе-жектің алдында бірге жаттықтыңыздар...
– Иә, басында халық түсінбеді. Сатқын деп ойлады. Бірақ спортты түсінетіндер менің шешімімді қолдады. Өйткені мен "Канеломен" жаттығудың арқасында біраз тәжірибе жинадым. Сол уақытта Головкиннің қасында жүрген боксшы Руслан Мәдиев сұхбатының бірінде командасының "біздің жігіт "Канеломен" бірге дайындалып жүр екен ғой" деп қуанғанын айтқан. Дегенмен "Канеломен" жаттықсам да жекпе-жекте Головкинге болысып, жанкүйер болдым.
– "Канелоның" әлсіз тұсын таптыңыз ба?
– Адам болған соң бәрінінің кемшілігі бар. Дегенмен оны айта салу оңай емес. Менің салмағымда жұдырықтаспайтын болғандықтың "Канелоның" мына тұсы әлсіз, кемшілігі бар деп айта алмаймын. Бастысы дайындық кезінде көп нәрсе үйреніп, біраз нәрсе түйдім.
– Боксшымыз Мадияр Әшкеев неге біздің телевизия жас былғары қолғап шеберлеріміздің жекпе-жегін көрсетпейді деп сұрақ қойған екен. Бұл туралы не дейсіз?
– Оны мен де білмеймін. Мүмкін алдағы уақытта көрсете жатар. Дегенмен бәрі жақсы болатынына сенеміз. Ағалар ойланар. Не дегенмен бәріміз бір елдің намысына тырысып, бір байрақтың астында жүрміз. Қазір қолдаусыз жетістікке жету қиын.
– Көп жерден аты-жөніңізді Бобиржан Моминов деп жазғанын көрдік.
– Неге екенін білмеймін құжатта Бобиржан деп жазып жіберіпті. Дұрысы – Бобыржан. Атам Бабыр хандай болсын деген ниетпен Бабыржан деп ат қойған. Тегім – Момынов.
– Промоутеріңіз кім?
– Қазір жаңадан құрылған "Old champions" промоутерлік компаниясымен 5 жылдық келісімшартым бар. Жағдайым тәуір. Карантин уақытында қазақстандық боксшылардың арасынан жекпе-жек өткізген жалғыз өзім болдым.
– "Канеломен" жекпе-жек өткізгіңіз келе ме?
– Бәрін уақыт көрсетеді. Алдағы уақытта салмақ ауыстырып жатсам мүмкін емес ештеңе жоқ.
– Өзіңізді қалай жігерлендіресіз?
– Өмірдің – өзі күрес. Тоқтамай дайындалып, жаттығу қажет. Бір күн тоқтап қалсаң, ізіңнен жас буын қуып жетеді. Арман-мақсатымызға жету үшін аянбай еңбек етіп жатырмыз.