- Негізгі бет
- Маккала
- Бейжіңдегі бәсекеге кімдер...
Бейжіңдегі бәсекеге кімдер қатысады?
Ертең Қытай елінің астанасы Бейжіңде жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты басталады. Төрткүл дүниенің кіл мықтылары бақ сынайтын жарыста қазақстандық спортшылар да жүлдеге таласатын болады.
Бейжіңдегі бәсеке 30 тамызға дейін созылады. Жарысқа 201 мемлекеттен 2 000-нан асық спортшы қатысады деп күтілуде. Барлығы 47 жүлделер жиынтығы сарапқа салынатын болады.
Қазақстан құрамасы жеңіл атлетикадан әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді. Өкінішке орай, бұл додада қазақстандық спортшылар жүлделі орыннан көрініп келгенмен, чемпион атанғандары жоқ. Мәселен, 1993 жылы Штутгартта өткен додада ұлттық құрамамыз 1 күміспен елге оралды. Бұл жүлдені сырықпен секіру спортынан Григорий Егоров жеңіп алды. 1995 жылы Гетеборгта (Швеция) өткен додада да бір күміс (Ольга Шишигина) бұйырды. 1997 жылы Афиныда және 1999 жылы Севильяда өткен жарыстардан қоржынымыз бос қайтты. 2001 жылы Эдмонтонда Ольга Шишигина екінші жүлдесін иеленді. Бұл жолы қола болды.
2003 жылы Сен-Дени мен 2005 жылы Хельсинкиден де Қазақстан құрамасы құр алақан қайтты. Тек 2007 жылы Осакада өткен онсайысшылардың сайысында Дмитрий Карпов қола медаль иеленді. Араға екі жыл сала Берлінде өткен додада бағымыз жанбады. 2011 жылы Тэгуде Ольга Рыпакова үш қарғып секіру спорты бойынша екінші орын алды. Ал 2013 жылғы Мәскеудегі додада қоржынымыз тағы бос қайтты.
«Аспан асты еліндегі» әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы сапында 10 спортшы аттанды. Атап айтар болсақ, ерлер арасында Роман Валиев (үш қарғып секіру), Никита Филиппов (сырықпен секіру), Михаил Красилов (марафон) және Георгий Шейко (20 км спорттық жүріс) жарыс жолына шығады. Ал әйелдер арасында Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Ирина Эктова (үш қарғып секіру), Ольга Сафронова (100 және 200 метрге жүгіру), Виктория Зябкина (100 және 200 метрге жүгіру), Ирина Смольникова (марафон) және Гүлжанат Жанатбек (марафон) ел намысын қорғайтын болады. Әсіресе ұлттық құрама бапкерлері Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру) мен Кванджуда өткен Универсиадада ерекше талантымен танылған Виктория Зябкинадан жоғары нәтиже күтіп отыр.
Әлем чемпионаты өтетін "Құс ұясы" деп аталатын стадион
Бейжіңдегі әлем чемпионатының жүлде қоры сақталып қалып отыр. Әлем рекордын жаңартқан спортшы 100 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алатын болады. Сондай-ақ, жекелей және эстафеталық сында жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға да сыйақылар қарастырылған.
Жекелей жетістік:
Алтын медаль – 60 000 $
Күміс медаль – 30 000 $
Қола медаль – 20 000 $
Төртінші орын – 15 000 $
Бесінші орын – 10 000 $
Алтыншы орын – 6000 $
Жетінші орын – 5000 $
Сегізінші орын – 4000 $
Эстафеталық жетістік:
Алтын медаль – 80 000 $
Күміс медаль – 40 000 $
Қола медаль – 20 000 $
Төртінші орын – 16 000 $
Бесінші орын – 12 000 $
Алтыншы орын – 8000 $
Жетінші орын – 6000 $
Сегізінші орын – 4000 $
О. Сансызбай